Арқалық ӘМӘЛИЯТ, ақын: Әділдік пен ақиқаты жоқ қоғамға өзімді тастағым келмейді

Oinet.kz 23-01-2022 3048

Құл да –өзі, Қожа да – өзі. Арқалықтың жалғыздық түрмесіндегі болмысы – сол. Түсінде күнде ауылын көреді. Оның шеберханасында сағыныш патшалық құрады.  Ақынның «Ауылым –алтын тұғырым» байқауынан жеңімпаз болуы да орынды шығар. Іштей «осы жауапты береді-ау» деп сауал қойсаң, мүлде басқа жауапты естисің. Арқалық өзі – қызық адам. 

image.png

–Марк Твен «әділдік жалғыздыққа душар етуі мүмкін дейді. Арқалықтың айналасы қаншалықты  әділ? Әділдіктің соңғы аялдамасы жалғыздық па?

– Әділдік туралы айту үшін адам ең әуелі өзі тіршілік кешкен қоғамында, ортасында, өзінің жеке басында әділдік бар ма деген мәселені тексеруі керек шығар. Егер бар болса, онда ол туралы философиялық ой айтуға болар. Ал, жоқ болса айтып керегі не? Әрине, әділет түбі – жалғыздық . Бірақ әділет бар қоғамдағы жалғыздық – сұлу  жалғыздық, әділет жоқ қоғамдағы жалғыздық – сүйкімсіз, бейшара жалғыздық. Ары қарай әр адамның өз ішінде бәрі сайрап тұр деп ойлаймын. Өз айналама келсем, жеке ұстанымым шынайы адамдармен араласқым келеді. Жұмыста да, түзде де болсын, жолдасымның шыншыл, ақиқатшыл болғанын қалаймын. Достарым өте көп, бірақ өте аз. Қанша досымнан өтірік күлкісі үшін, жалған сөзі үшін, көмескі пенделігі үшін ажырап кеттім. Қазіргі ортам, жұмысым болсын, бәрі белгілі деңгейде әділ деп ойлаймын. Өзім де барынша адамдардың да, қоғамның да әділ жақтарын ғана көргім келеді. Көбінесе тізгінімді солай қарай бұрып жүремін. Әділдік пен ақиқаты жоқ қоғамға өзімді тастағым келмейді, жүрегімнің әжімдерінің қалыңдауынан қорқамын. Өзім жалғыз емеспін. Бірақ, ішімдегі Мен жалғыз. Себебі, ол – әділетті ...

–Сенің жанарыңдағы қоғамның картинасы қандай? Даму ұғымы болмыстан көп ұзақтау ма? Қайырымды қоғамды кім құрады?

– Қоғам. Осы бір ауыз сөз біздің Отандастарымыз үшін қатты ауыр да салмақты сөз. Себебі оның картинасына байланысты. Егер Қазақстандағы кез келген адамға өз қоғамыңыздың картинасын салып беріңізші десе, барлық адам парақты қалағанынша шимайлап беретініне мен сенімдімін. Ал, қоғамы шимайға толы, адамы сол шимайды көріп, біліп, оның суретін салып тұрған жерде даму туралы әңгіме бола ма?! Қайырымды қоғам құрыла ма?!

 Менің жанарымдағы қоғам картинасы осындай. Егер қағазға салып бер десеңіз, елден ерекшерек болуы үшін мен қағазға көзін жұмып отырған семіз мысық салып, басына «Қайырымды қоғам тұрғыны» деп жазар едім! Даму үшін әділетті қоғам керек. Әділетті қоғамды билік құрады, халық жасайды. Осылай болған жағдайда «Қайырымды қоғам» деп айтпай-ақ, барлығы өзі қалыптасатын болады. Бұл – менің  жеке көзқарасым! 

–Ауыл инфрақұрылымы қаладан артта қалған орта ғана ма?  Көңіліңнің көзімен көргенде ауылдың ауқымы қандай?

– Ауыл – қазақ халқының алтын бесігі, тұғыры. Ендігі елу жылдықта да қазақ ауылдан ажырай алмайды. Алпыс екі тамырынан аққан қаны жібермейді. Топыраққа сіңген біздің ескі күндеріміз, ата-бабаларымыздың тіршілік кешкен өмірнамасы қашан да бізді тартады да тұрады. Жан әлемімізде қала мен ауыл тартысы әлі елу жыл жалғасады, мүмкін одан да көп. Көңіл көзімдегі ауылға келсек, менің бүкіл болмыс бітімім ауылға айналып кетті. Жалғыз себебі – сағыныш. Көңіл көзімдегі ауыл бейнесін ешкімге де жеткізіп айта алмаймын. Біреуге ауыл бейнесін ұғындыру үшін, ол адам мен сияқты күнде түсінде ауылды көруі керек, сол ауылдың адамдарын, жылқының иісін, топырақ, тасына дейін, шөп-шөңгесіне дейін сағына алуы керек. Мен сонда ғана ол адамға осы біздің ауыл, менің ауылым деп түсіндіре алар едім. Сәл ілгері ауыл туралы көп айтқым келетін, солай айта берсем сағынышым сейілетіндей еді. Қазір керісінше, ештеме айтқым келмейді... Солай...

–Жуырда  «Құдай жайлы ойланатын қала»  жыр жинағы жарыққа шықты.  Еламанның: «Бір тірі ақын өлгендердің ішінен Өзін-өзі іздеп кетті, Жоғалды»  ,-дегенін оқып ойландым.  Арқалық,  сен қашан жоғалдың?

image.png

– Өзімді іздеген күні жоғалдым. Өлгендердің өлмегенін, тірілердің өлі екенін білген күні жоғалдым. Өзім тірімін бе, өлімін бе деп өзіме үрейлене қараған күні жоғалдым...

–Диана ханшайым,  Эдит Пиаф өміріне арналған фильмді қарап шықтым.  Сосын ойландым.  Күншілдер туралы жазған ақын-жазушы да көп. Біреудің тағдыр жолын тағы біреу қаншалықты өзгерте алады?

– Көркем әдебиет, көркем фильм деген бөлек әлем, адам тағдыры, өмір жолы деген бөлек нәрсе. Осы екі бөлек әлемді тоғыстыру өнердің феномені. Ақын-жазушылар туралы түсірілген кинолар да көп. Соларды қарап отырсаңыз ақын-жазушылардың шығармашылығынан бөлек әлемдерінің бәрі қитұрқы болып келеді. Құмар ойнау, әйелін бәске тігу, тіпті бірінің әйелін бірі тартып алғаны, екі ақынның «бірге тұруы» деген сияқты ақылға симайтын қылықтардың бәрі түсірілген. Былайша көпке таныс өмірбаяндарының өзінде де өлімдері басқалардан бөлек. Өзін-өзі атып жіберу, көліктің астына түсу, асылып өлу... тіпті шетелдің бір жазушысы өзінің бүкіл шығармаларын жазып, атағын алып болған соң, қалай өлетінін қатты уайымдаған екен. Қарапайым атылып-асылып өлейін десе өзінен бұрынғы шығармашылық адамдарын қайталаған болып қалады. Сөйтіп ол ары ойланып, бері ойланып отырып, ақырында қасында тұрған тоқ пешке басын тығып өлген деседі. Сол арқылы ол жазушының шығармашылығы да, өмірі де, өлімі де ешкімге ұқсамайтын дара тұлға болып тарих бетінде қалыпты деседі-мыс!

 Адамдарды тағды билейді дейтін болсақ, соның ішінде шығармашылық адамдары өз тағдырын өзі билейді, жасайды. Біздің қазақта «Құдайдың басқа салғаны осы, тағдыр жазуы...» деген сөз бар. Былай қарасаңыз бұл көнпістік, ауыр айтсақ құлдық сана. Жаңағы біз айтып отырған кинолар, өнер туындылары осы өз тағдырын өзі жасау дейтін түйінді көбірек ұғындырғысы келеді. Сіз сол киноларды көру арқылы кем дегенде өз тағдырыңызды өзіңіз билей алатыныңызды, өз өміріңізді өзіңіз өзгерте алатыныңызды ұғынасыз. Ал, ар жағындағы философия мен концепция ол басқа әңгіме. Сол үшін де мен біреудің тағдыр жолы дегенге онша келісе бермеймін. Әр кімнің тағдыр жолы – өзінің өмірге қалдырған төл туындысы. Сіз сол туындыңызға өзіңіздің ішіңіздегі шынайы Өзіңізді қалдырғанда ғана ол құндылыққа ие болады. 

Мен адамдарды кемшілігімен жақсы көремін. Сол кемшілік сол адамның шынайы тұсы. Еш боямасыз, жасандылықсыз көрінетін сол адамның Өзі. Сол үшін де күншілдік, дұшпандық дегенді де мойындағым келмейді. Меніңше ол біреуге біреудің берген бағасы ғана секілді. Қоғамдағы қайшылықты, адамдар арасынағы қайшылықты, саясаттың тапсырмалы кейіпкерлерінің мінездемесін адам тағдырының түсініктемесіне айналдырудың керегі жоқ деп ойлаймын. Бір білетінім Қазақ дейтін халықтың бүгінге дейін өз қолын өзі кесіп келгені. Осыны біз күншілдік деп келдік. Меніңше бұл күншілдік қана емес, күншілдік деген бір ауыз сөз ол салмақты көтере алмайды. Сол үшін де күншілдік, қызғаныш дегендер адам бойындағы тек қана кішкентай кемшіліктердің бірі, егер шынымен болған жағдайда. Ал, көбінесе біз түсінбестік пен қайшылықты күншілдік деп те атап жүрген болуымыз мүмкін... Осы мәселелер біздің ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН құра алуымыздың құпиясы емес екеніне кім кепіл?!

Ал, мен, Жастарға сенемін!  

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН


Анарбек Орман: Іскер адамды іздеген билікті көрмедім
Диана ОСПАН, фуд-блогер: Депрессияға көбіне сүйікті ісі жоқ адамдар беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу