Диана ОСПАН, фуд-блогер: Депрессияға көбіне сүйікті ісі жоқ адамдар беріледі

Oinet.kz 01-02-2022 2133

131 мың. Кейіпкеріміз Диананың аудиториясы. Күнделікті ұйқысынан оянғаннан бастап аудиториясына контент әзірлейді. «Не пісірсем екен» деген ой мазалаған әр жан оның парақшасынан жауап таба алады. Өзі де арнаулы меню жасап тек соны місе тұтпайды. Әр кезде жаңа нәрсе үйренуге талпынып тұрады. Отбасының күйбеңіне өзін жеңдіріп жіберетін жандарға Диана мотивация бере алады. Себебі ол әр ісінен мән тауып, тамақ әзірлеп тұрған сәтінде де қоспаның құрамындағы дәрумендер, пайдасы, сақталуы сынды жан-жақты мәліметтерді бөліседі. Қазақша контентті дамытып жүрген фуд-блогердің әлеміне бірге саяхаттайық!

image.png

– Диана ханым, өзіңіз туралы әңгімелесеңіз? Негізгі мамандығыңыз қандай? Фуд-блогер ретінде блог жүргізуді қашан бастадыңыз ?

–Арыс ауданы,  Дермене ауылында туып өстім. Қарапайым ауылдың егін-егіп өскен қызымын. Тамақ, түрлі дәмді торт, салаттың түр-түрін тұрмыс құрғаннан соң пісіріп үйрене бастадым. Жолдасым алғаш 15мың теңгемен мастер классқа қатысуыма қолдау білдірді.Сол мастер класстан соң, нарықта сұранысы бар хит тәттілер: вупи пай, красный бархат, сүтті қыз, сникерс торттарын үйрендім. Жолдасым қаржылай демеп,  торт пісіру процесіне қажетті бүкіл керек-жарақты алып берді. Содан бастап,  пісіруге деген құмарлығым оянды десем де болады. Мені жолдасымның қолдауы шабыттандырып, аспаздық қабілетім дамыды. 

Бастапқыда фуд-блогер болу туралы идея жоқ еді. Азды-көп оқырманым жасаған тағамымның фотосын жүктегенде қызығушылық танытты. Оқырмандар тарапынан болған реакцияға бей-жай қарамадым. 2018 жылы ресепт сұраушылар көбейген соң, барлығын түсінікті жеткізуге тырысып түрлі тағамдардың дайындалу әдісін жарялауды жолға қойдым. Мен желідегі жарияланымдарым арқылы ақша таба аламын деп те ойлаған жоқпын. Кейіннен алғашқы табысыма қол жеткізген сәттен, бұл салаға инвестицияны аямай, дамуды көздедім. Түрлі рецепттер салып, оқырманы көп адамдар жариялаған гивке қатысу  арқылы да аудиториямды ұлғайттым.   Жарнама берген кездерім де болды. Маған бір қадамнан екінші қадамға жылжу қызықты болды. Әр қадамда дамып, жетіліп жатқанымды сезіндім. Әбден контент жасап, оқырман қалыптасқан сәтте ғана өзімнің Фуд-блогер болып кеткенімді түсіндім. 

– Блог жүргізген кезеңде қандай кедергілерге тап келдіңіз? Сізді жаңа нәрселер жасауға не шабыттандырады?

–Жасырып қайтемін, басында бәрі қарсы болды. Әсіресе енем, қайын әпкелерім дұрыс түсінбей, «бәрін саласың, ол – дұрыс емес» деп айтатын. Әлбетте халқымыз «әр үйдің сыры басқа» деген түсінікті ұстанады. Сәл қамығып, тоқтатқан кезім болды. Жолдасым, қолдау білідіріп, «жүргізе берсеңші» деген соң ғана қайта қолға алдым. Ол кезде блогерлік, контент жүргізу туралы біле бермейтінмін. Кейіннен өзім аудитория қалыптастырған блогер екенімді, «блогерліктің» жұмыс екенін түінген соң жақындарым да қолдау білдірді. Қазір барлығы мені қолдайды. 

Жаңа нәрсе жасауға табысым мен өте керемет орта қалыптастыру мүмкіндігі шабыттандырды. Жаңа танысқан көп адамдарыммен араласу арқылы түрлі пікір, түрлі білім алмасатын достарымды таптым. Үйде отырып табыс табу, бартерге түрлі заттар алу бір орында тыныш отыра алмайтын мендей адам үшін тиімді қадам болды. Бала кезімнен табыс тауып үйренген маған тыныш отыру қиынға соқты. Сол қиыншылықтан инстаграмм алып шықты. Аллаға шүкір, жолдасым қалағанымды әперіп,асырап отыр.  Мен тек өзімнің шығындарымның жартысын ғана өтеудемін. 

–Сіз үшін идеалды күн қалай өрбейді?

image.png

Күнім берекелі өрбуі үшін ерте оянамын. Сол күні барлық тірлігім тындырымды болады. Жуырда  «неге күніміздің берекесі жоқ?» деген тәмсіл жариялаған едім.

Бірде ұстазының жанында сұхбат құрып отырған шәкірт көкейіндегі сауалын ұстазына былайша білдіріпті: 

— Ит жеті күшікке дейін, тіпті одан да көп табады. Ал қой ары кетсе үш қозыға шейін төлдейді. Көп жағдайда бір ғана қозы туады, — дейді жігіт.

— Олай болса, айналаңа қарашы, екеуінің қайсысы көп?,-депті ұстазы. 

— Жер бетінде қойдың саны көп қой,-депті шәкірті. 

— Бірақ, үнемі сойылып, саны кемітілетін де солар емес пе?

— Иә, солар.

— Міне, «береке» дегеніміз осы, - деген ғалым сөзін былайша жалғапты: Қой қанша аз төлдесе де, әрдайым сойылып, еті желініп жатса да саны кемімейді. Қайта артып отырады. Ал қойдан екі есе көп күшіктейтін итті ешкім сойып жемесе де оның саны аз.

Жігіт таңырқап, ойға батады. Сосын:

— Расында да солай екен. Сонда мұның себебі не? Неге итте береке жоқ, ал қой берекелі? – деп сұрайды. Сонда ұстазы:

— Өйткені, қой түннің әуелгі уақытында ұйықтап, таң атпай тұрып алады. Осылаша Алланың мейрімі түсетін таңғы уақытқа дөп түсіп, берекеге кенеледі. Ал ит болса, түнімен әупілдеп ұйықтамайды, сосын таң атар шақта барып ұйқыға кетеді. Осылайша Алланың мейірімі түсетін уақыттың шарапатынан мақұрым қалып, Құдай берекесін алып қояды, -деген екен.

Иделды күн өрбуі үшін адам таңертең ерте тұру керек. Әлбетте тәтті ұйқыны қиып ояну – қиын іс. Алайда, 21 күнде адам әдеті қалыптасатынын ескерсек, ерте оянуды 1 ай қалтықсыз қолға алған ада еш қиналмай әдет қалыптастырады. 

– Осыдан он жыл бұрын өзіңізді қалай елестететін едіңіз? 

– Осыдан 10 жыл бұрын өзімді актриса немесе журналист деп елестететінмін. Шүкір, қазір өзімнің инста әлемімді «жеке каналым» деп қабылдаймын. Әрі you tube арнамды дамыту үстіндемін.

– Он жылдан кейін де блог жүргізер ме  едіңіз? 

– Он жылдан кейінде блог жүргізу трендте болса әрине жүргізер едім. Өйткені мен өзгеге үйрету арқылы табыс табамын! Яғни зиянды секеңдеп билеу, ерсі әрекеттер жасамаймын. Сондықтан тоқтамас едім.

–Парақшаңызды дамытып, оқырман санын арттырған соң өміріңіз қаншалықты өзгерді? 

– Қатты өзгеріп кеткен түгі жоқ. Тек әлеуметтік жауапкершілігім артты десем болады. Білгеніме «болдым, толдым» деп қанағаттанбаймын. Үнемі ізденісте жүремін. Күнде жаңа нәрсе үйренемін десем өтірік емес. Себебі оқырмандарды жалықтырмас үшін, бір нәрсе үйрете алу үшін алдымен өзім білімді болуым керек екенін ұқтым.

–2022 жылы орындағыңыз келетін 3 мақсатыңыз қандай?

– Негізі арман-мақсатты айтқанды аса ұнатпаймын. Бірақ басты мақсатым инстаграммен тоқтап қалмай, you tube арнамды дамытып қазақ контентін жақсарту. Яғни жас келін болып түскенде көп рецепттер орыс тілінде болатын, әрі сенімсіз дұрыс шықпайтын. Дәл мендей  көп қыздарымыз келешекте ыңғайсыз жағдайға тап келмес үшін, соны дамытқым келеді. Өзіміздің жеке бизнес ашу, шетелге шығу , сынды мақсатым бар. Адамның арманы таусылған ба?!

–Әйел адамның ағзасы жүктілік пен босанған уақытта күйзеліске ұшырайды. Дәрумен тапшылығы да орын алады. Сіз бұл кезеңдегі әйелдерге қандай қолдау керек деп кеңес берер едіңіз?

– Иә, депрессия деп уайымға батудың қажеті жоқ. Себебі аталған өзгерістердің бәрі де өткінші процесс. Менің пайымдауымша, депрессияға көбіне сүйікті ісі жоқ адамдар беріледі.  Күнделікті күйбең тірліктен аспай жүре берсе, ұсақ стресстер депрессия деңгейіне дейін дамиды.  Жақын адамдар бір-бірін түсінуі керек.  Осы орайда жауабымды тағы бір тәмсілмен толықтыра түссем.

Бірде Әбу Муслим Хәулани бір топ кісінің әңгімесін естіп қалады. Олар бір-біріне әйелдерін айтып шағымданып жатты. Әбу Муслим әңгімелерін тыңдап үнсіз тұра береді. Мұны байқаған бір кісі оған:

– Сен неге үндемейсің? Әлде әйелің әулие ме? дейді. Әбу Муслим:

– Жоқ, менің де әйелімнің кемшіліктері жетерлік, – дейді.

– Онда онымен қалай тіл табысып жүрсің?,-дейді әлгі кісі.

– Менде түсініспеушілік пен жанжалдан қашып құтылудың өзіндік әдісі бар,-дейді Әбу Муслим. 

Жиналғандардың барлығы жалт бұрылысып:

– Ол қандай әдіс? – деп сұрайды. Сонда Әбу Муслим:

– Ақыл мен ашу бір жерде өмір сүре алмайды. Ашу адамның санасын жаулап, ақыл-есінен айырады. Бұл мәселеде әйелім екеуміз келесідей келісім жасадық: ашуланған адам ақыл-есі дұрыс емес адамның іс-әрекетін жасайтын болғандықтан, мен ашуланғанда әйелім менің дәрігерім іспетті болады: маған түсіністікпен қарап, «айығып» кеткенімше қас-қабағыма қарайды. Ал егер ол ашуланатын болса, мен де өз «емделушіме» бар жағдайды жасаймын. Міне, осылайша біз тату-тәтті өмір сүріп келеміз, – деп жауап береді.

Сондықтан әр тұлға жанындағы адамның сезімін түсінуі керек деп ойлаймын. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН. 


Арқалық ӘМӘЛИЯТ, ақын: Әділдік пен ақиқаты жоқ қоғамға өзімді тастағым келмейді
Темірғали Көпбай: Өлең құрағанның бәрі бірдей ақын емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу