Филология. Реферат. Функционалды грамматиканың негізгі ұғымдары

Oinet.kz 09-09-2020 2244

Функция дәстүрлі грамматикада көбінесе жеке тіл бірліктерінің сөйлемдегі атқаратын қызметі тұрғысынан түсіндіріп,сөйлем мүшесі болумен байланысты айтылады [4, 135]. Мәселен, дәстүрлі тұрғыдан бала үйден шықты деген сөйлемнен бала бастауыш, үйден пысықтауыш,шықты баяндауыш қызметін атқарады деп талдаймыз. Әдетте дәстүрлі грамматикада нақты бір тілдік бірлік бір ғана қызмет атқарады деп қаралады. Мысалы, қазақ тілі оқулықтарында дай, дей қосымшасы сын есім тудырушы қосымшасы болып анықталған. Бұдан біз бұл қосымшаның сөз тудырушы қызмет атқаратынын көреміз. Бұл сияқты тілдік формаларды бір ғана қызметке байлайтын тұжырымдар дәстүрлі грамматикаға тән. Десек те, қазақ тіл білімінде әр бір тіл бірлігінің қолданыста түрлі мағынаға ие болып, соған сәйкес түрліше қызмет орындауы жайлы айтылған ой пікірлер аз емес. Бұл мәселеге байланысты ғылыми зерттеулер мен ғылыми мақалалардың тақырыптары функция ұғымымен байланысты беріліп жүр. Атап айтқанда, Ы. Маманов «Функциялық қосымшалар», Қ. Шаяхметов «Екі функциялы аффикстер», А. Жаңабекова «Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық ерекшеліктері» т.б. С. Исаев қосымшаларға классификация жасаған сызбада сөзжасам қосымшаларының бір тармағы етіп, функциялық қосымшалар (дай,ша,сыз,да шы) дегенді қосады. Сонымен қатар қазақ тілі оқулықтарында функция ұғымының мәні жете түсіндіріле бермейді. Тіл бірліктерінің сөйлемдегі қызметі ме, сөзжасамдық, формажасамдық қызмет пе, мағына ма бұл жағы айқын емес.

Жоғарыда көрсетілген еңбектерде тілдік бірліктердің көп қызметтігі жайлы айтылып, дәстүрлі грамматикадағы бір ғана функция орындау сипатымен шектелмей, сөйлеу жүйесінде болатын әр түрлі қызмет тұрғысынан талданады. Бір тілдік бірліктің сөйлеумен байланысты түрлі өзгерісі грамматикалық көпмағыналық, көпқызметтілік ұғымдарымен түсіндіріледі. Функционалды грамматика аты айтып тұрғандай, сөйлеу деңгейінде болатын құбылыс. Ол тіл бірліктерінің сөйлеудегі амал әрекеттерін анықтайды. Функционалды грамматикада функция ұғымы арнайы зерттелуге тиісті мәселе. Функционалды грамматика функцияны жеке тіл бірліктерінің қызметі тұрғысынан емес, тұтас сөйлем функциясы тұрғысынан сипаттайды. Семантикалық мағына тұтас сөйленім арқылы көрінеді бұл жағынан алғанда функция тұлғалық грамматикада қызмет түрінде анықталса (тіл бірліктерінің қызметі), функционалды грамматикада ол жұмсалым ұғымына жақын. Бұл екі ұғымның аражігін функцияны құрылымдық және семантикалық қызмет түрлеріне бөліп қарастыру арқылы ашуға болады. Тілді зерттеудің семасиологиялық және ономосиологиялық бағдарларымен байланысты формадан мағынаға қарай зерттеу негізінен дәстүрлі грамматикада ұстанылса, кері бағыт мағынадан формаға қарай зерттеу функционалды грамматиканың негізгі зерттеу бағыты екендігі мәлім. Осы мәселені функция ұғымына қатысты талдасақ, дәстүрлі тұрғыдан тіл бірліктері формадан мағынаға қарай талданғанда тұлға қызмет атқарады делініп, бір тілдік бірліктің қандай мағыналар беретінін, қандай қызметтер атқаратынын сөз етеміз. Нәтижесінде тұлғаның көпмағыналығы мен көпқызметтігі анықталады. Ономасиологиялық бағдардағы функционалды грамматика тіл бірліктерін мағынадан бастап зерттегенде, бұл грамматиканың формадан мағына ға қарайғы бағыты да зерттеу барысында үнемі қолданып отыруымен байланысты, функцияның алғашқы формасымен, яғни тұлғадан мағынаға қарай талданатын тілдік бірліктер функциясымен санасады. Жекелеген тіл бірліктерінің мағына беру қызмет ету мүмкіндіктерін жұмсалым айналымына түсіреді [2, 12]. Мысалы: «Ыдырыс сапардан кеше келді» деген сөйлемде сөйленім темпоральдық жағдаятқа құрылған. Сөйленімдегі негізгі мазмұн Ыдырыстың сапардан кеше келгендігін хабарлау. Уақытқа қатысты мағыналық қатынас екі тілдік құрал арқылы берілген. Бірі келді етістігі, екіншісі кеше лексикалық бірлік. Бұл сөйленімдегі шақтық мағына грамматикалық -ді формасы арқылы кеше сөзінің қатысынсыз-ақ берілер еді. Бірақ бұл сөз сөйлеуші мақсатымен сәйкес жалпылама берілген щақтық мағынаға нақтылық мән үстеген. Кеше сөзі сөйленімде келді етістігін пысықтап уақытқа қатысты мағынаны білдіріп, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарып тұрса, келді етістігі өткен шақтық мағынаны білдіріп, сөйлемде баяндауыш қызметін атқарады. Екі тілдік құрал да шақтық мағына беру үшін жүктелген өздеріне тиселі қызметті атқарып тұр. Баяндауыштық және пысықтауыштық қызмет олардың тіл жүйесіндегі құрылымдық қызметі. Ал олардың сөйленімдегі «тілдік ортадағы» атқаратын функциясы темпоральдық мағынаны беру. Бұл мағына олардың семантикалық функциясы болып табылады. Бұл семантикалық функция өз құрамындағы жекелеген тіл бірліктерінің құрылымдық функциясымен байланысты болады. Талданған сөйленімдегі кеше сөзі мен -ді грамматикалық формасының жеке тұрғандағы мағыналары шақтық мағынаны білдіру болса, олар сөйленімдегі тұтас семантикалық мағынаны беруге өз үлестерін қосып тұрады. Айталық, бұл сөйленімді семантикалық функциясы тұрғысынан сапалық, сандық немесе белгілік, белгісіздік т.б. категориялық функциялармен байланысты қараймыз. Сөйленім құрамындағы жеке тілдік құралдар функциясы мен сөйленімнің семантикалық функциясы әр уақытта байланысты болып келеді. Сөйленім функциясы жеке тіл бірліктері функциясынан алшақ жатқан жеке құбылыс емес. Демек, бұл екі бағыттағы функцияларды бір-бірінен бөліп жарып қарауға болмайды, бұл екеуі бір-бірінен туындайтын астас құбылыстар. Құрылымдық функция-сөз формасы денгейінде, ал семантикалық функциясөйленім денгейінде көрініс табады [3, 141-144].

Құрылымдық функция тіл жүйесіндегі әрбір тілдік бірліктің сөйлеудегі қызметін тексерсе,семантикалық функция тұтас бір сөйленімде берілген семантикалық мағынаны анықтап, бір тектес мағына беретін әр деңгейлік тілдік бірліктердің қызметін категориялық тұтастықта алып қарастырады, яғни сөйленім функциясы тұрғысынан сипаттайды. Мәселен, темперольдық мағына беретін әр деңгейлік тілдік құралдардың біртұтас қызметі семантикалық функция болып табылады. Семантикалық функция мағыналық мазмұн элементтерінен тұрады және тілдік емес дүниемен байланысады. Яғни семантикалық функцияға экстралингвистикалық факторлардың да әсері болады. Ал құрылымдық қызмет тіл бірліктерінің жүйелі құрылымдық ұйымдасуына қызмет етеді. Тіл бірліктерінің жүйелі құрылымдық ұйымдысуы дегеніміз олардың тіл жүйесіндегі жүйелі түрде қолданыла келе, қалыптасқан типтік мағынасы не қызметі. Мысалы: қимылдың өту мерзімін білдіретін мағына тіл жүйесінде категориялық сипатта етістіктің шақ формалары арқылы беріледі. Шақ формалары осы мағынаны беруге бейімделген, яғни тіл жүйесінде шақтық мағына шақтық формаларының негізгі байлаулы мағынасы болып табылады. Категориялық мағына ғана емес, тілде жекелеген тіл бірліктерінің де өзіне тиесілі қызметі болады. Мысалы: -дай, -дей қосымшасының негізгі қызметі салыстыру мағынасын үстейтін форма тудырушы қызмет «құр сөзге құнары жоқ жалындайсың». Бұл қосымшаның салыстыру мағынасын беретін форма тудырушы қызметі кейбір сөздерге жалғанып, тұрақты жалғана келіп лексикаланып, сөз тудырушы қызмет мүмкіндігіне ие болған. Бірақ -дай, -дей қосымшасының бұл сөзжасамдық қызметі сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы емес, лексика семантикалық тәсілмен орындалған. Құрылымдық қызмет тіл жүйесінің, семантикалық қызмет сөйлеу жүйесінің бірлігі дегенімізбен, бұл абсолютті тұжырым емес, өйткені қызмет функция ұғымдарының өзі, ол қай денгейде болмасын, сөйлеумен байланысты үнемі динамикалық сипатта болатын құбылыс. Сондықтан тіл жүйесіндегі құрылымдық қызметте сөйлеу бірлігі контекске тәуелді болып тұрады. Тіпті қандай да бір тілдік бірліктің сөз не формасы екендігі, яғни бір қосымшаның сөз не форма тудырып тұрғандығы контекс арқылы ғана айқын болады. Мысалы: Октябрь көп газет оқушы еді. Оқушы саны азайып қалыпты.

Бірінші сөйлемде -ушы формасы есімше формасын тудырып,форма тудырушы қызмет атқарып тұрса,екінші сөйлемде бұл форма атау сөз тудырып,сөзжасамдық қызмет орындайды. Оқушы сөзі бірінші сөйлемде сөз формасы,екінші сөйлемде дербес сөз.

Сол сияқты сөздің қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғандығы да сөйлем ішінде ғана анықталады. Мысалы: Октябрь жақсы оқиды. Жақсы бала айтқанды істеген болар. Жақсы сөз бірінші сөйлемде пысықтауыш,екінші сөйлемде анықтауыш сөйлемнің қызметін атқарып тұр. Бұдан әрбір сөздің сөз табына қатысы жағынан сөйлемдегі қызметі тұрақты болғанмен, олар кейде контекске қарай бірнеше мүшенің қызметін атқара беретінін байқаймыз. Сөздің тура және ауыспалы мағыналары сияқты сөз де сөйлем ішінде өзінің төл қызметімен қоса, жанама қызметтерде жұмсала алады. Бұл айтылғандардан құрылымдық функцияның да нақты көрінетін жері сөйлем екендігіне көз жеткіземіз. Алайда құрылымдық функция сөйлеуде жүзеге асқанымен, яғни тіл бірліктері белгілі бір сөйлеу ортасында өзіне тиселі қызмет атқарғанымен, олардың сөйлеуде орындайтын функциялары қолданысқа түспей-ақ тіл жүйесінде қандай да бір функция орындауға бейімделген тілдік единица болып қалыптасады.Мысалы,жалғаулардың қызметі сөз бен сөзді байланыстыру, сөзжасам, қосымшалардың қызметі жаңа сөз тудыру, форма тудырушы қосымшалардың қызметі сөздің формасын өзгерту, грамматикалық мағына үстеу т.б. Демек, құрылымдық функция тіл жүйесінде де, сөйлеуде де көрініс тауып отырады. Тіл жүйесіндегі құрылымдық функция абстракты, яғни тұрақты жұмсала келе, осы функцияны орындауға әбден бейімделіп, жүйеге түскен функция тұрақсыз, өзгермелі, тілдік ортаға тәуелді функция. Бұл жерде сөйлеуде көрінетін құрылымдық функция мен семантикалық функцияны шатастырмау керек. Ұқсастығы олардың сөйлеу деңгейінде көрініс табуы болса, айырмашылығы құрылымдық функция жеке тіл бірліктерінің сөйлеудегі қызметі, ал семантикалық функция тұтас сөйленім арқылы берілетін қызмет. Функционалды грамматикада функция мағына ұғымымен астас қолданылады. Тұтас сөйленім арқылы берілетін мағына сөйленімнің семантикалық функциясы болып табылады. Осы негізде функционалды семантикалық категория, функционалды семантикалық өріс ұғымдары туындайды. Функционалды грамматикада сөйленім мағынасы деген термин қолданылмайды, ол сөйленімнің семантикалық функциясы деп аталады [1, 20].

Функционалды грамматикада семантикалық функция, ал дәстүрлі не тұлғалық функцияда құрылымдық функция жетекші рөл атқарады. Функционалды грамматикада семантикалық функция мен семантикалық мағына өзара синоним ретінде қолданылады. Қандай да бір семантикалық мағына «темпоральдық, аспектуалдық, модалдылық» беруші тілдік құралдар сол мағынаны сөйлеуде жүзеге асыру арқылы тиісті қызметті орындайды. Мағына мен қызметтің функционалды грамматикадағы өзара астас, астарлас, қатарлас ұғымдар екенін мағынадан формаға немесе қызметтен формаға қарайғы зерттеу бағыттарының бірінің орнына бірі синоним ұғымдар ретінде қолданыла алу мүмкіндігінен де көруге болады.

Әдебиеттер

  1. Жаңабекова А. Функция ұғымы // ҚР Хабарлары. – 2003. – №4. – Б. 20.

  2. Жаңабекова А. Құрылымдық және функционалды грамматиканың зерттеу бағыттары мен талдау әдістері // А. Байтұрсынұлының 130 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2003. – Б. 12.

  3. Жаңабекова А. Грамматикалық және семантикалық шақ категорияларының арақатынасы // Академик Р.Сыздықтың 80-жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция материалдары. – Алматы, 2004. – Б. 141-14.

  4. Бондарко А.В. Функционалды грамматика. – Ленинград: Наука, 1984. – 135 б.

Филология. Реферат. Мифтік әлем
Филология. Реферат. Шетел тілін қашықтықтан оқыту технологиясы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу