Филология. Реферат. Терминтаным – жаңа ғылым саласы

Oinet.kz 09-09-2020 976

Дүние жүзі халықтары әлемдік өркениетке талпынып, осы биікке жаһандану арқылы жетеміз деген қазіргі қоғамда ғылым мен техника да жедел дамып отыр. Мұны біз күнделікті өмірімізде сезінудеміз. Қоғамда үздіксіз болып жататын өзгерістер мен жаңалықтарды халыққа жеткізуде басты құрал болып табылатын тілдің қоғамнан тыс қалмай бірге дамуы – табиғи құбылыс. Уақыт озған сайын тілдің кейбір лексикалық қабаттары үнемі жаңа ұғымдық атаулармен толығып, өзгеріп отырады. Ғылым мен техниканың дамуы нәтижесінде пайда болған осындай ұғымдық атаулар тілші ғалымдардың белгілі бір ғылым саласындағы кәсіби лексика мен терминдерді зерттеуге деген қызығушылығын туғызып отыр.

Жалпыхалықтық тілдің қалыптасып дамуы мен толығуында кәсіби лексика мен терминдердің алатын орны маңызды екендігі анық. Сондықтан да қоғамның барлық салаларындағы сөздік қордың толығуы терминдер мен кәсіби сөздердің қолданыс аясының кеңеюіне жол аша отырып, ғалымдарға жаңа міндеттер жүктейді. Себебі, кез келген салаға қатысты жаңа ұғымдар атауды қажет етсе, ол атау сөздер тілдік бірлік ретінде зерттеу нысаны болуы заңды.

Тіл мамандары тіліміздегі терминдер жүйесін теориялық және тәжірибелік тұрғыда қарастырады. Терминдер лексиканың ең бір өнімді қабаты болғандықтан және терминнің қалыптасып дамуы үнемі жалғасын тауып отыратын үдеріс болғандықтан, ғалымдар бүгінде «терминтанымды жаңа қалыптасқан ғылым саласы» ретінде тануда.

«Казіргі кезенде терминтану мектебі қалыптасқан бірнеше елдің ғалымдары терминтануды дербес ғылыми пән ретінде танып отырғандығын айту керек. Сөзіміз дәлелді болу үшін олардың ғылыми еңбектерінен, әр кезеңде айтқан пікірлерінен үзінділер келтірелік. Мысалы, В.П. Петушков былай деп жазады:

«Өзінің көп жылдық тарихы бар екендігіне қарамастан, терминтану – бұл жаңа қалыптасып келе жатқан ғылым» [1, 116].

Бір нәрсенің басы ашық. Ол – терминтанудың тіл білімімен, лексикологиямен тығыз байланыстылығы және оның дербес ғылым саласы ретінде лингвистикадан бастау алып, содан өрбіп, тармақталып шыкқандығы. Сол себептен де және терминтанудың негізгі бірлігі термин сөз немесе сөз тіркесі ретінде тіл білімінің зерттеу нысаны, тілдік бірлік болғандықтан да терминтану ең алдымен, лингвистикамен тығыз байланысты, онымен түбі бір әрі ешкашан одан біржолата іргесін аулақ салып кете алмайтын ғылым саласы болып қала бермек...» [2, 16].

Терминтанудың ғылым саласы ретінде қалыптасуына және ғалымдар арасында танылуына ұзақ уакыт қажет болды. Нәтижесінде жеке және жалпы терминтану секілді бағыттары, сондай-ақ семасиологиямен, ономастикамен, типология және т.б. салалармен байланысты бағыттары қалыптасты. Терминдерді теориялық тұрғыдан зерттеу терминдердің қызметін, өзіне тән ерекшеліктерін, олардың қолданыстағы ғылым саласында алатын орнын, маңызы мен мәнін қарастырады. Сондай-ақ Ресейлік ғалымдардың пікірінше, ғылым мен техниканың дамуы нәтижесінде пайда болған терминдер үнемі «... влечет за собой необходимость инвентаризации, унификации и кодификации лексических единиц языка той или иной специальности» [3, 22]. Қазір тіл мамандары кәсіби лексиканың, оның ішінде терминдердің жалпыхалықтық тіл құрамында қарастырылуы және кәсіби лексика мен әдеби тілдің арақатынасына қатысты түрлі пікірлер қалыптасуда.

Бұл мәселеге қатысты терминология саласының белгілі маманы А.В.Суперанская өзінің «Әдеби тіл және терминологиялық лексика» деген еңбегінде жан-жақты талдау жасайды. Ғалым терминологиялық лексиканы әдеби тіл лексикасына қосуға дәлелді уәждер келтіре отырып, қарсы шығады. Ғалымның пікірінше, терминологиялық лексика да, әдеби тіл дежалпыхалықтық, ұлттық тілдің құрамына кіреді, демек екеуі де жалпыхалықтық тілдің жеке түрлері ретінде қарастырылады. Терминологиялық лексиканы әдеби тілдің лексикасына қосып қарастыруға мүлдем болмайды. Ғалымның пікірін өзге ғалымдар да негізді деп қабылдайды. Ол өзінің еңбегінде терминологияның арнаулы лексика саналатынын және арнайы мақсатта тіл мәтіндерінде қолданылатын атап көрсетеді. Терминдер өздері атайтын ұғымдармен тығыз байланысты. Терминдер ұлттық тілдің ішкі грамматикалық ережелеріне бағынып, тілдік қатынаста қолданыста болғанымен,ұғымдық жағынан лексикалық сөзден ерекшеленеді.«Большинство лингвистов сходятся во мнении, что, являясь частью общенационального языка, язык специальности не входит в состав литературного. Это обусловлено не только и не столько сферой употребления данных лексических единиц, сколько особенностями их образования и употребления. Существует точка зрения о том, что язык науки – это «искусственно формируемый лексический пласт, каждая единица которого имеет определенные ограничения для своего употребления и оптимальные условия для своего существования и развития» [4, 72].

Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, қоғамның дамуымен қатар адамдардың өзара тілдік қарым-қатынас жасауы нәтижесінде табиғи түрде, ұзақ уақыт бойы қалыптасатын жалпықолданыстағы лексикаға қарағанда қоғаммен біте қайнасқан ғылым мен техниканың дамуына тікелей тәуелді кәсіби лексика жасанды жолмен және қарқынды қалыптасып дамиды. Егер пайда болған жаңа ұғымның атауын, яғни терминді, сол саланың мамандары жатсынбай қолданысқа енгізсе, онда ол терминологиялық бірлік терминологияның белсенді құрамына енеді.

Терминологиялық бірліктер арнайы кәсіби лексиканың құрамына енеді және оның басым бөлігін құрайды. Кәсіби лексиканың семантикасы тек сол ғылым саласының өкіліне немесе сол кәсіппен айналысатын маманға ғана түсінікті.

«Кәсіби лексика» терминіне қатысты да ғылымда бірізділік әлі анық емес. Тіпті орыс ғалымдарының өздері де «кәсіби лексика» терминін әр түрлі түсіндіре отырып, әр түрлі атайды. Мысалы, ғалым О.С.Ахманованың «Лингвистикалық терминдер сөздігі» деген еңбегінде кәсіби тілге «социальные диалекты данного языка, бытующие среди лиц, принадлежащих к одной и той же профессии» [5] деген анықтама береді де, терминдерді бұл құрамға кіргізбейді. Ал кейбір ғалымдардың пікірінше, кәсіби лексикаға терминдер де кәсіптік жаргон сөздер де жатады. Терминтанудағы бүгінгі күнгі бір мәселе – терминдерді біріздендіру. Әр түрлі қоғамдықтарихи жағдайларға байланысты Тәуелсіздік алғанға дейін терминдерді пайдалануда терминологияны халықаралықтандыру бағытын ұстадық. Сондықтан біздің терминологиялық қорымыз өзге тілдерден орыс тілі арқылы енген терминдерден құралды және үнемі толығып отырды. «Терминтануда терминдерді халықаралықтандыруға қарсы бағытталған деинтернационализация деген үдеріс бар. Бұл бұрын тарихи, саяси-экономикалық немесе басқа жағдайларға қатысты өзге тілдерден дайын терминдерді шектен тыс көп қабылдап келген халықтардың сол халықаралық терминдердің орнын өз тілдерінің сөздерімен жаппай алмастыру процесі» [2]. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл құбылыс бізде біліне бастады, бірақ өте баяу өтуде. Бұл мәселеге қатысты ғалымдар пікірі де екі жақты болды: бірі – қош көрді, бірі – мұны пуристік бағыт деді. Терминдерді біріздендіруге қатысты түркі тілдерінің терминдер жүйесін жақындастыру, ортақ терминдер қорын орталықтандыру, оларды молайту деген секілді пікірлер де көңілге қонады. Әрине, бұл өте ұзақ уақытты қажет ететін үдеріс. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында көтерілген бұл мәселе әлі де бастапқы қалпында тұрғандай әсер қалдырады. Өркениеттің биігіне жеткізеді деп отырған жаһандану заманында ақпараттың біркелкілігі, бағаның біркелкілігі, дамудың біркелкілігі, халықаралық қатынастардың біркелкілігі күтіліп отырғанда, ғылым мен техниканың біркелкілігі жарыса даму үшін терминдерді біріздендірудің маңызы зор.

 

Әдебиеттер

  1. Петушков В.П. Лингвистика и терминоведение // Терминология и норма. – М., 1972. – С. 116.

  2. Құрманбайұлы Ш. Алаш және терминтану: монография / Ш. Құрманбайұлы. – Алматы : Ел-шежіре, 2008. – 240 б.

  3. Локтионова Н.М., Животкова И.А. К вопросу профессиональной лексике// Современные проблемы науки и образования. – 2013. – №6. http://www.science-education.ru/113-11729

  4. Суперанская А.В., Подольская Н.В., Васильева Н.В. Общая терминология. Вопросы теории. – М.: Наука, 1989. – 72 с.

  5. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. – 4-е изд. – М.: Комкнига, 2007. – 57 с.


Филология. Реферат. Номинация үдерісінің психолингвистикалық аспектісі
Филология. Реферат. Сөз тіркесі жүйесінің қалыптасуы және оның нормалық сипаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу