Филология. Реферат. Қазақ тілін оқытудың аксиологиялық бағыты

Oinet.kz 09-09-2020 1228

Қазақ тілін оқытудың қазіргі әдістемесінде тілді меңгертудің антропоөзектік ұстанымы белсенді дами бастады. Жалпы орта мектептерде филология бойынша берілетін білім жүйесінде тілдің коммуникативті қызметі жетекші сипатқа ие. Алайда тілдің қызметі онымен шектелмейді. Тілді меңгере отырып, оқушы әлемді сол тілдің ықпалымен тани бастайды, тіл арқылы ұлттық дүниетаным мәдениетін бойына сіңіреді. Оқулықтарға жасалған талдау мен мектеп бітірушілері арасында жүргізілген ассоциативті сауалнама қорытындысы ұлттық аксиологиялық концептілердің оқыту мазмұнында жүйелі түрде берілмейтіндігін байқатып отыр. Қазақ тілін оқытуда аксиологиялық бағытты ұстану бүгінгі күні өте өзекті болып табылады. Оқушының қазақ тіліне құндылық ретінде қараушы көзқарасын тіл мен мәдениеттің тарихи байланысын түсіндіру арқылы дамыту тұлғаның ұлттық дүниетанымын, ұлттық құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.

Кіріспе

Қазіргі білім берудің құзыреттілікті қалыптастыруға бағытталған мазмұнына сай тілдерді оқыту үдерісі білім алушының коммуникативтік, лингвистикалық, әлеуметтік –мәдени, прагматикалық құзырет түрлерін, сыни ойлау іскерлігін қалыптастыруды, сонымен қатар аксиологиялық құндылықтар жүйесін оқушының таным дүниесінің негізгі ұстанымдары ретінде бойына сіңіруді көздейді. Аталған мақсаттар ішінде дүниетаным құндылықтарын тілді оқыту барысында меңгерту мақсаты соңғы уақытта мемлекеттік деңгейде көтеріліп, бірнеше маңызды құжаттарда аталды. Өйткені әлемнің тілдік бейнесі объективті шындықтың тілдегі өзгермеген көшірмесі емес. Адам танымы сыртқы әлемді белгілі бір бағалауыштық өлшемдердің сүзгісінен өткізеді. Ол – құндылықтар жүйесі. Әлемді танудың, бағалаудың өлшемдері әр ұлттың мәдениетімен, тарихымен тығыз байланысты қалыптасады. Бағалаушы құндылықтар жүйесі немесе аксиологиялық құндылықтар жүйесі тілде сақталады және тіл арқылы беріледі. Сондықтан ұлттық дүниетаным мәдениетін қалыптастыруда аксиологиялық құндылықтар жүйесін оқыту мазмұнына енгізу қазіргі ғаламдану заманында өте маңызды және өзекті болып табылады. Бұл мақсат ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 89-қадамында мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәңгілік ел» құндылықтарын енгізу» туралы міндетінде көрсетілді (Назарбаев, 2017: 3). Ал «мәңгілік ел» құндылықтар концептосферасының мазмұны ҚР Білім және ғылым министрлігінің әдістемелік нұсқаулығындаашыптүсіндіріледі. Бұлтұлғалық құндылықтар адамның өмірлік ұстанымдарын анықтайтын, мінез – құлқын тәрбиелейтін, көпұлтты қоғамда толеранттылықта өмір сүруге үйрететін 1) қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік; 2) құрмет;

3) ынтымақтастық; 4) еңбек пен шығармашылық;

  1. ашықтық; 6) өмір бойы білім алу сияқты

құндылықтар болып белгіленді (Әдістемелік нұсқаулық, 2017: 16). Бұл міндеттерді қазақ тілін оқытуда орындау үшін мына сұрақтарға жауап беру керек деп ойлаймыз:


    1. мемлекеттік деңгейдегі құндылықтар қазақ халқының дүниетаным мәдениетіндегі қандай құндылықтармен сәйкес келеді?

    2. ұлттық құндылықтар қазақ тілі оқулықтарында қандай мазмұнда қамтылған?

    3. мектеп түлектері танымында ұлттық құндылықтар концептосферасының мазмұны қандай сипатта қалыптасып отыр?

Зерттеу мақсаты

  • қазақ тілін оқыту мазмұнында (8-сынып оқулығы негізінде) қамтылған құндылықтар жүйесін лингвомәдениеттаным саласында ғылыми түрде зерттеліп мойындалған құндылықтар жүйесімен салыстырып, толықтығын, қамтылу деңгейін анықтау;

  • қазақ тілін үйренушілер арасында анкеталық сауалнама жүргізіп, олардың танымындағы аксиологиялық құндылықтардың мазмұны туралы ақпарат алу;

  • аксиологиялық құндылықтардың концептосферасын құрып, оларды оқу бағдарламаларында қамтудың тиімді жолдары мен әдіс -тәсілдерін ұсыну.

Зерттеу әдісі

  • аксиологиялық концептілердің қазақ тіл білімінде зерттелу бағыттары мен жетістіктері салыстырмалы түрде сараланады;

  • аксиологиялық тірек концептілердің мазмұндық құрылымын анықтауда семантикалық талдау әдісі (пәндік, бағалауыштық, жеке, сезімдік компоненттер) қолданылады; оқулықтарға сараптама жасауда тірек концептілерді меңгертудің сабақ мақсатында қамтылуы мен тілдік материалдардың берілуіне талдау жасалады;

  • 1курс студенттері арасында ұлттық құндылық түрлерін маңыздылығына қарай таңдау сауаланамасы жүргізіледі, басым концептілер жүйесі анықталады.

Тәжірибе

Философия ғылымының аксиология саласы қоғамға тән құндылықтар жүйесін қарастырады. Құндылық дегеніміз белгілі бір ұлт өкілдері арасында қабылданған ортақ әлеуметтік -психологиялық ойлар мен көзқарастар болып табылады (Нысанбаев, 2011: 49).

Тілбіліміндеаксиологиялыққұндылықтарды аксиологиялық лингвистика зерттейді. В.И. Карасик еңбектерінде ақсиологиялық құндылықтар ұлттық танымда жинақталған ұлттың әлем туралы білім қоры – концепт ретінде қарастырылады (Карасик, 2009). Ж.А.Джамбаеваның пікірінше, аксиологиялық концептілердің басты ерекшелігі – олар адамның ділдік әлемі мен мәдени әлемінің түйісінде пайда болуында (Джабае ва, 2017). Лингвомәдениетанымның бір саласы аксиологиялық лингвистика зерттеу объектісін «тіладам – құндылықтар – мәдениет» үштігінде қарастырады (Бабаева, 2017: 10).

Қазақ тіліндегі аксиологиялық құндылықтарды зерттеген З.Қ. Ахметжанова: «Аксиологиялық концептілер ұлттық ойлау ерекшелігін бейнелейтін концептілер жүйесін құрайды», – дейді (Ахметжанова, 2016: 82–84). Басқаша айтқанда, аксиологиялық концептілер ұлттың өмір сүру ортасы, салты, дүниені тану ұстанымдарымен байланысты тілде жинақталған әлемді бағалаудың өлшемдері – құндылықтар жүйесі – болып табылады.

Аксиологиялық құндылықтар – адамға жақсы мен жаманды, керек пен керек еместі,маңызды және маңызды емес, жақын және алысты ажыратуға, бағалауға көмектесіп, әрекеттерін, қарым-қатынастарын реттеп отыратын білім қоры. З.Қ.Ахметжановақазақлингвомәдениетаным саласында зерттелген ұлттық аксиологиялық концептілерді семантикалық жүйе ретінде бірнеше деңгейге бөледі: базалық деңгейді тағдыр, тіл-сөз, намыс, қанағат концептілері, орта деңгейді атамекен,әйел, ұрпақ, дастарқан, қонақжайлылық концептілері, ал төменгі деңгейді домбыра, жылқы, қамшы, шаңырақ концептілері құрайтынын айтады (Ахметжанова, 2016). Аксиологиялық құндылықтардың деңгейлік бөлінуі ұлттың дүниетанымы үшін маңызға ие функционалды белгілеріне қарай ажыратылады. Яғни құндылықтар ұлттың өмір сүруінде алатын орны мен қызметіне қарай ажыратылады.

Қазақ лингвомәдениетанымында аксиологиялық концептілердің мазмұнын құраушы компоненттерді анықтау мәселесі де өзекті болып табылады. Өйткені аксиологиялық лингвистикада құндылықтардың негізінде жатқан мәдени кодтарды анықтау жолдары толық қалыптасып болған жоқ. Ұлттық мәдени кодтар – ұлттық ойлаудың модельдерін құрайтын тіректер. Н. Уәли тілдегі ұлттық –мәдени кодты ашу үшін халықтың дүниетанымында қалыптасқан аксиологиялық мәнге ие тілдік бірліктердің ассоциативті семантикалық өрісін анықтаудың маңызын атайды. Аксиологиялық бірліктер туралы ғалым «кейбір сөздердің бойында екі таңба қатар көрініс беретін кездері болады, олар тілдік таңба және мәдени таңба. Осы екі таңбаның түпкі мәндері тоғыса келіп, лингвомәдени таңба ретінде бір ұғымның аясына бірігіп, санада бір ғана бірлік күйінде сақталады» дейді (Уәли, 2009,5-б.). Олар ұлттық ойлаудың тірек-белгісі ретінде бағалауыштық қызмет атқарады. Аксиологиялықбірліктерді қалай анықтауға болады деген сұраққа ғалым олардың халықтың жүріс-тұрыс, ортада өзін ұстауымен байланысты қалыптасқан ережелермен, ырымдар мен тыйымдармен байланысты қолданылатынын атайды. Н. Уәли оларды этнотаңбалар деп атай отырып, іштей индексті этнотаңба және иконды елтаңба деп бөледі.

Қазақ тіл біліміне ұлттық дүниетанымдағы аксиологиялық құндылықтар жүйесін екі бағытта қарастыру қалыптасқан:

  1. бірінші бағыт бойынша зерттеу жұмыстары ұлттық дүниетанымдағы аксиологиялық концептілерді ұлттың даму тарихында құндылық ретінде танылған ұғымдарды анықтау, оны концепті ретінде негіздеу үшін тілдік материалдарды тақырыптық-лексикалық тұрғыдан іріктеу, семантикалық талдау жасау, ассоциативтік сауалнама жүргізудің көмегімен санадағы моделін жобалау түрінде жүргізді. Нәтижесінде тірек концептілердің жүйесі анықталды, ұлттық дүниентаным концептосферасы жүйеленді (Байғұтова, 2008; Қошанова, 2008; Сейдекенова, 2009; Шалбаева, 2010).

  2. екінші бағыт ұлттың өмір сүру салты мен дәстүрінде таңбалық сипатқа ие этнотаңбалар түрлерін (қамшы, тары, жылқы, шаңырақ,) анықтауды мақсат етті. Этнотаңбалар ұлттық салт-дәстүрлермен – жүріп тұру ережелері, әдетғұрыптармен байланысты қолданылатын материалдық заттарды айқындады. Этнотаңбалардың тілдегі қолданыстарына (сөз тіркесі, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер) талдау жасалып, аксиологиялық мағыналық компонентінің дамуы сипатталды (Күштаева, 2009).

Аксиологиялық құндылықтардың – концептілердің мазмұнын құраушы компоненттерді анықтау қазақ тілі оқулықтарын құрастыруда маңызды болып табылады. Бұл оқу материалдарын жүйелі беруге, оқушының таным әрекетіне сай тапсырма түрлерін құрастыруға негіз болады. Қорытындылай келгенде:

  1. аксиологиялық құндылықтар ұлттың дүниетаным мәдениетін бейнелейтін білім қоры болып табылады;

  2. аксиологиялық құндылықтарда бағалауыштық компонент басымдыққа ие. Бағалауыштық компоненттің мазмұнын ұлттық мәдени код анықтайды;

  3. аксиологиялық құндылықтар ретінде ұлттың тарихында маңызға ие ұғым–түсініктер, қарым-қатынас, өмір сүру салтымен байланысты қалыптасқан ережелер жиынтығы мен этнотаңбалар қаралады;

  4. аксиологиялық құндылықтарды сипаттаудың әдістері – синонимдер қатарын құрау, ассоциативті өрістерді құру, сөз тіркестерін құрастыру, мақал-мәтелдер мен фразеологизмдерді анықтау.

Енді мақаланың кіріспесінде аталған мемлекеттік құжаттарда көрсетілген құндылықтар жүйесі мен қазақ тіліндегі аксиологиялық концептілержүйесініңарақатынасынқарастырып көрейік. Біздің байқауымызша, мемлекеттік бағдарламаларда ұсынылған құндылықтар жүйесі универсалды, жалпыадамзатқа тән құндылықтардан тұрады. Ал қазақ тілін оқыту барысында олардың ұлттық көріністерін мына сәйкестікте ұсыну керек деп есептейміз.

1-кесте

ҚР Білім министрлігі ұсынған құндылықтар

Аксиологиялық құндылықтар

1) қазақстандық патриотизм және азаматтық

жауапкершілік;

Намыс,туған жер (Отан), шаңырақ

2) құрмет; 3) ынтымақтастық

Отбасы,ұрпақ,әйел

4) еңбек пен шығармашылық;

Қанағат,еңбек

5) ашықтық, 6) өмір бойы білім алу

Қонақжайлылық, дастарқан

  1. Зерттеу барысында қазақ лингвмәдениеттанымдық саласының қазіргі даму деңгейі

тұрғысынан аксиологиялық тірек концептілердің оқулықтарда қамтылуына талдау жасалды. Біз зерттеу объектісі ретінде 2017-2018 оқу жылында республика бойынша орыс тілді мектептердің 8-сыныбында қолданылған Қазақ тілі оқулығын алдық (Артыкова, 2016 ). Сараптама барысында оқулық мазмұнында аксиологиялық құндылықтардың тақырыптық қамтылуы, олардың мазмұнының ашылуы, оқушылардың таным әрекетін дамытатын тапсырма түрлерінің берілуіне талдау жасалды. Концепт түрлері бойынша тілдік бірліктердің сөз, сөз тіркесі, мақалмәтелдер, мәтіндер түрінде берілуі іріктелді. Талдау қорытындысы:

1) оқулықтың 2 тарауында аксиологиялық тірек концептілер ішінде отбасы, Отан, адам, салт-дәстүр концептілерімен байланысты тақырыптар мен материалдар беріледі. Отба сы тақырыбы бойынша аксиологиялық құндылықтың мазмұнын жеткізетін сөз, сөз тіркесі, мақал-мәтелдер жалпы тарау бойынша берілген сөздіктің 4 пайызын қамтиды. Олар: ата-әже, туыс атаулары, сыйла, құрметте, қамқор,

«Әкесі тұрып, ұл сөйлегеннен без, », ата-ана алдында бала парызы, тай өссе ат тнығады, ұл өссе, әке тынығады және т.б.

1) салт-дәстүр аксиологиялық құндылығы бойынша лексикалық бірліктер жалпы та рау бойынша берілген сөздің 3,3 пайызын құрайды. Бағалауыштық мәнге ие әдептілік, сыпайылық, достық пейіл, ақжарқын, ізеттілік, имандылық, қос қолдап амандасу, алдын кеспеу, құрмет білдіру, өзгені сыйлау, үзілдікесілді пікір айтпау және т.б. тілдік бірліктер берілген.

  1. адам концептісі бойынша жалпы берілген сөздіктің ішінде аксиологиялық құндылықты бейнелейтін тілдік бірліктер 0,5 пайызын (саналылық, жауапкершілік, бостандық, қадірқасиет, даралық, көзқарас, қоғам) құрайды.

  2. домбыра концептісі бойынша 2,6 пайызын (жыр толғау, сүйемелдеу, күй тарту, мойын, шанақ, жан нұры, аңыз, тарих, халқы мәдениеті, шер тарқату ) қамтиды.

Ал намыс, атамекен, қанағат сияқты аксиологиялық концептілерді бейнелейтін тілдік бірліктер кездеспейді.

Аксиологиялық құндылықтарды ұсыну, меңгертуді мақсат ететін тапсырма түрлеріне жасалған талдау репродуктивті мазмұндағы жұмыс түрлерінің басым екенін байқатты. Оқушының таным әрекетінің табиғи дамуын ескермейтін, қайталауды, есте сақтауды, мазмұндауды, мақсатсыз сөйлем құрауды сұрай-

тын тапсырма түрлері аксиологиялық құндылықтарды меңгертудің нақты жүйелі әдісінің қалыптаспағандығын көресетеді.

Талдау қорытындысы оқулық мазмұнында (В-1 деңгейі) ұлттық тірек құндылықтарды

жеткізетін тақырып, тілдік материалдардың кең қамтылмағанын, отбасы, адам, салт-дәстүр концептілерінің мазмұнын ашатын бағалауыштық мәндегі тілдік бірліктердің жүйелі ұсынылмағандығын көрсетті.

2-кесте


Отбасы

адам

домбыра

Салт-дәстүр

Сөз

11

6

13

8

Сөз тіркесі

17

-

11

13

Мақал-мәтел

16

-

5

15

барлығы

1089

1089

1089

1089

3-кесте

Тапсырма түрлері




Оқып, түсіну

2

Мақалдарды оқып, мазмұнын түсіндіру,есте сақтау

1

Сұрақтарға жауап беру

3

Мәтінді оқып, 3 деңгейлі тапсырманы орындау

4

Әңгімелеу

2

Тақырыпқа шығарма жазу

4

Түбір мен жұрнаққа ажырату

2

Мәнерлеп оқу,өлеңді жаттау

2

Мәтін бойынша мазмұндама жазу

2

Сөйлемдерді аяқтау, талдау жасау

3

Сөздерді қатыстырып , әңгіме жазу

1

Мәліметтерді оқып, есте сақтау

2

Тірек сызба бойынша әңгіме құрастыру

1

Диалог бойынша өзара сөйлесу, құрастыру

3

Сөздерді септеу

1

Диалог құрастыру

1

Сөздердің мағынасын түсіндіру

1

Өлеңді оқып, жаттау

1

  1. Зерттеу жұмысының келесі кезеңінде мектеп бітірушілерге аксиологиялық тірек концептілер қатары беріліп, олардың ішінен

маңызды деп есептейтін 3 түрін белгілеу ұсынылды. Сауалнама орыс және қазақ мектебін бітірушілер арасында жүргізілді:

4-кесте

Тірек концептілер

Орыс мектебін бітірушілер (26)

Қазақ мектебін бітірушілер (22)

1) намыс

7 (26)

12 (58)

2) тағдыр

3 (11,5)

0

3) Туған жер

7 (26)

7,3(33)

4) отбасы

26 (100)

22(100)

5) ағайын

1 (3,8)

3,6 (16,6)

6) дастарқан

1 (3,8)

0 0

7) ұрпақ

4 (15,3)

7,3 (33,3)

8) шаңырақ

1(3,8)

5,5 (25)

9) қонақжайлылық

0(0)

1,8 (8,3)

10) байлық

4 (15,3)

3,6 (16,6)

11) қанағат

3 (11,5)

1,8 (8,3)

Нәтиже және талқылау

Сауалнама қорытындысы орыс мектебі мен қазақ мектебін бітірушілер арасында аксиологиялық тірек концептілер ретінде намыс, отбасы туған жер, ұрпақ концептілерінің басымдыққа ие екендігін көрсетті. Отбасы концептісінің екі топта да бірінші құндылық ретінде аталуы жалпы адамзатқа тән ортақ құндылықтарға жататындығынан деп есептейміз. З.К. Ахметжанова ұлттық менталитеттің табиғатын анықтайтын концептілерді дұрыс анықтаудың өлшемдері ретінде В.И. Карасиктің параметрлік (пәндік компоненті бар) және параметрлік емес (пәндік компоненті жоқ) концептілерді ажырату туралы пікірін басшылыққа ала отырып, параметрлік концептілердің өзін регулятивті (бағалауыштық компоненті бар) және регулятивті емес (бағалауыштық компоненті жоқ – синкретті) деп бөліп қарастырған жағдайда ғана ұлттық дүниетанымға тәнмәдени концептілерді ажыратуға болатынын айтады (Ахметжанова, 2016). Бұндай дифференциация ұлттық менталитетті қалыптастырушы концептілердің жүйесін айқын құрастыруға мүмкіндік береді. Әр концептінің мазмұнына құрылымдық талдау жасау арқылы ғана ұлттық танымда реттеуші қызметін атқаратын бағалау құралдарын айқындап, сол арқылы ұлттық ойлау ерекшеліктерін түсінуге болады. Сондықтан автор аксиологиялық құндылықтар қатарына жалпы адамзаттық құндылық ретінде отбасы концептісін алмайды. Алайда біздің отбасы, байлық концептісін енгізудегі мақсатымыз жастар танымындағы олардың орындарын анықтау болды.Байлық концептісі екі топта да басым түрде таңдалмайды. Өйткені байлық ұғымы қазақ халқының дүниетанымында концептуалды құрылым деңгейіне жетпеген. Тірек концептілер ақпараттық мазмұны бай, иереархиялық құрылымға ие болуы керек (Фронтова, 2008: 141-143). Оны тілдік материалдар да дәлелдейді. Концептуалды иерархия теориясының негізінде «намыс» концептісінің құрылымына талдау жасайтын болсақ, оның жастар танымында мол ақпараттық мазмұнға ие екендігі байқауға болады. Намыс концептісінің құрылымын ақпараттың берілу сипатына қарай орталық, шеткі деңгейлерге ажыратуға болады. Яғни намыс концептісі аксиологиялық өріс құрады. Оның орталығында прототиптік мағынаға ие ар – ұят ұғымы тұрса, ал келесі деңгейлерін парызды орындау, міндетті өтеу ұғымдары толықтырады.

Намыс сөзімен жүргізілген ассоциативті сауалнамада ар-намыс, ұят сөздері 50 % жауапта кездеседі.

Намыс концептісі адамды, оның ісін бағалау арқылы азамат / азамат емес деген халықтық пікір туғызатын негізгі өлшем болып табылады. Сауалнама қорытындысы намыс концептісінің екі топта да таңдалғанын көрсетті. Қазақ мектебін бітірушілер арасында бұл құндылық басымдыққа ие. Бұл қазақ мектептерінде қазақ әдебиеті сабақтарында оқылатын батырлар жыры, көркем шығармалардың да ықпалы болуы мүмкін. Алайда отбасы концептісімен салыстырғанда, намыс концептісі жастар танымында тірек, негізгі концепт ретінде басымдықта көріне алмай тұр. Өйткені намыс ұлттық тірек концепт ретінде барлық тіл иелерінің танымында кконцептуализацияланбайды. Намыс концептісі бағалаушы құндылық – білім ретінде мектеп бітірушілер танымында толыққанды қалыптаспай отыр. Бұл туралы

З.К. Ахметжанова да ескертеді. Намыс концептісінің мағыналық құрылымы ғалым еңбектерінде мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, мәтіндер деңгейінде тілдік бай материалдармен сипатталады. Яғни қазақ тілінде намыс концептісі толық жүйелі құрылымы бар толыққанды концепт ретінде көрінбейді. Бұл тұжырымды сөз тіркесі деңгейінде жүргізілген екінші сауаланама қорытындысы да нақтылайды: намыс сөзімен тіркесетін «сақтау» етістігі ғана кездеседі (100%).

З.К. Ахмтежанова аксиологиялық тірек концепті ретінде қанағат концептісін атай ды. Алайда сауалнама қорытындысы аталған концептінің жетекші сипатқа ие еместігін көрсетті. Қанағат ұғымы туралы студенттердің танымында – өмірде бар заттарды бағалау, бар затқа риза болу, шүкіршілік ету, көпті қаламау (50%), бақыттыболу, сүйіспеншілікпенқарау ассоциацияларын туғызады. Бұл жалпы адамзатық аксиологиялық құндылықтар қатарын құрайтын махаббат және бақыт концептілерінің концептуалды құрылымында қанағат сезімі ұғымының келуімен байланысты деп ойлаймыз. Ал қанағат концептісінің жастар танымында тірек концепт ретінде қалыптаспауы жалпы қоғамның қазіргі даму деңгейінде оның маңыздылыққа ие болмауы, керісінше, баю, алғы жылжу, көбейту деген құндылықтардың басымдығымен байланысты деп есептейміз.

Тірек концептілер ретінде аталған «тағдыр» концептісі қазақ мектебін бітірген студенттердің танымында басым көрінбейді.

Ал орыс мектебін бітіргендер арасында аталған концептіні таңдағандар саны – 18,7%. Сауалнама қорытындысы білім беру мазмұны оқушы танымында ұлттық дүниетаным мәдениеті туралы толыққанды түсінікті қалыптастырмайтынын көрсетіп отыр. Қолданыстағы оқулықтарда елтаным материалдары деген атаумен жекелеген материалдық мәдениет үлгілерін қамтығанымен, оқушы танымында құндылықтар жүйесін сіңіретін тілдік материалдар, семантикалық талдаулар ұсынбайды. Соның нәтижесінде оқушы бойында ұлттық мәдениет пен тілге адамзат мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қарау, айналасындағы шынайы өмірді ұлттық дүниетаным құндылықтары тұрғысынан бағалау дағдылары қалыптаспай отыр деп қорытынды жасауағ болады.

Қорытынды

Қазақ тілін оқыту мазмұнында аксиологиялық құндылықтар қалай берілуі ке рек? Оқушының әлем туралы көзқарасында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру үшін аксиологиялық концептілердің семантикалық құрылымын жеке -жеке беру керек пе, әлде тірек концептілердің өзара байланысын анықтап, концептосфералық – семантикалық жүйе ретінде ұсыну керек пе? А. Вежбицкая әр ұлттың менталитетін анықтайтын жалпылаушы мағыналық ерекшеліктердің болатынын айтады (Вежбицкая, 1996). Мысалы, неміс халқының дүниетанымындағы басты мағыналық ерекшелік өмірдің барлық саласындағы тәртіп түсінігінен (Бабаева, 2004), орыс халқы үшін тағдырға салу ұстанымынан (Вежбицкая, 1996), фрацуз халқы үшін заңды қадағалау түсінігінен көрінеді (Седых, 2010: 55-61).

Қазақ менталитетінің басты ерекшелігі «ұят болады», «кең болсаң -кең болмайсың», «сөз тас жармаса, бас жарады», «маңдайға жазғаны» деген ұлттық дүниетаным құндылықтарын жинақтаушы тірек ұғымдардан көрінеді деп есептейміз.

  1. Бар болу: негізгі тілдік көрінісі – «шүкір». Туысы бар, дәулеті бар, үй-жайы бар, жұмысы бар, берері бар, айтары бар. Бар болу семантикасының градациялық жоғары деңгейі – молшылық сөзімен беріледі: дастарханы мол, қолы мол, берері мол, жері мол, егіні мол, ағайыны мол. Көп түкірсе, көл болады.

  2. Ұят болады: ардан, намыстан аттамау, өзінің парызы мен міндеттерін жоғары сезіну, адамдардың әрекетін «ұяты бар, ұят болды, ұяты бар екен» сөздері арқылы бағалау. Ұят болады ұғымы қаза халқын ата -баба ұстанған жодан аттау ұят болады» салт -дәстүрді ұстану үй көрсету, дастарханна дәм тату, төрден орын беру, аталар жолы, ұлы тұлғаларды дәріптеу, өткенді дәріптеу, пір тұту, бағалау. Салт-дәстүр отбасында, туыстар арасында, жақын адамдар арасындағы қарым-қатынаста көрінеді, белгілі бір топ ішінде іске асады. «Ұят болады» семантикалық өрісінің ең жоғары градациялық деңгейі намысты жібермеу, намыстан аттамау сөздері болып табылады.

  3. Бейнелілік: оқиғаны не әрекетті сөзбен әсерлі, бейнелі беру. Бейнені ассоциациялық байланыстар орнату арқылы көзге елестету, құрғақ логикалық байланыстан гөрі, адамның сезім дүниесіне әсер ете отырып, жеткізу қазақ ұлтына тән ойлау моделінің негізгі ереушелігі болып табылады. (Нысанбаев, 2011: 15).

  4. Маңдайға жазғаны: сәті түсіп, жолы болып, тағдырдың дегені, тағдырға не шара, бәрі тәңірдің қолында, жаман айтпай, жақсы жоқ, адамның дегені бола ма, алланың дегені болады ма, жолы болады, жол болсын, жолы ауыр, бұйыртқан дәмді жейміз, бұйырғаны осы, бұйрық та деген сөз тіркестерінде әрекетті орындаушы адам емес, бір сырттан басқаратын тылсым күшке сілтеме жасау, оның не екенін атамау, алайда оның күшін мойындау, оған бой ұсыну бар.

Оқулықмазмұнындаұлттықменталитеткетән ерекше ойлау модельдерін жеткізетін тілдік материалдар қолданатын аясына қарай лексикалық тақырыптармен байланысты ұсынылуы керек. Тілдік материалды ұсыну тірек ұғымдармен байланысты ассоциациялық байланыстардың, сөздердің тіркесі түрінде анықталып, келесіде сөз этимологиясын, оның тарихын анықтау, сөзбен байланысты халықтың таным-түсінігін баяндаумен жалғасады. Ал аксиологиялық құндылықты қалыптастырудың соңғы кезеңі мәтіндер ішінде, сөйлеу жағдаятында, оқиғалармен байланысты қолданылуы жағдаяттарын ұсыну, оқушыларға талдату, бағалау, пікірге шақыру, рөлдік ойындар ұйымдастыру түрінде жүргізуге болады.

Аксиологиялық концептілердің мазмұны туралы толық ақпарат алу үшін оның көрінетін барлық тілдік жағдаятын (сөз, сөз тіркесі, мақал-мәтелдер, мәтін) кешенді қарау және меңгерту маңызды. Сонда ғана ұлттық аксиологиялық құндылықтар білім алушының танымында жүйелі құрылымға ие білім қорын қалыптастырып, бағалау құралына айналады деп ойлаймыз.

 

Әдебиеттер

  1. Артыкова Т. Қазақ тілі, 8 – сынып . – Алматы:Атамұра, 2016. – 256 б.

  2. Ахметжанова З.К. Казахская лингвокультура:язык, человек, этнос. / З.К. Ахметжанова // Елтаным. – 2016. – C. 82-110.

  3. Бабаева Е.В. Лингвокультурологические характеристики русской и немецкой аксиологических картин мира: дис ... д-ра филол. наук. – Волгоград, 2004. – С. 438.

  4. Байғұтова А.М. «Қазақ әйелі» концептісінің этномәдени сипаты: ф.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2008. – 27 б.

  5. Бияздықова Ә. Қазақ тіліндегі бақыт концептісініңі танымдық сипаты мен қызметі: ф.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2014.

  6. Вежбицкая А. Семантические универсалиии «примитивное мышление // Язык. Культура. Познание. – 1996. – С. 291-325.

  7. Джамбаева Ж.А. Ключевые понятия лингвоконцептологии и средства репрезентации концептов // Вестник КГУ им. Ч. Уалиханова. – 2018. – №4. – С. 52-57.

  8. Карасик В.И. Языковые ключи. – М.: Генезис, 2009. – С. 520.

  9. Күштаева М.Т. «Тары» концептісінің семантикалық құрылымы мен лингвомәдени мазмұны: ф.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2002. – 192 б.

  10. Қошанова Ж. «Қазақ тіліндегі «байлық-кедейлік» концептісі: танымдық сипаты мен қызметі: ф.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2009. – 27 б.

  11. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Президенттің 2017 жылғы 26 сәуірдегі Жолдауы // Егемен Қазақстан. – 2017. – 2 б.

  12. Нысанбаев А.Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтар әлемі // ҚР БҒМ ҒК Философия және Саясаттану Институты. – 2011. – 271 б.

  13. Седых А.П., Феоктистова Е.Е. Ключевые национальные концепты во французской лингвокультуре // Вестник Иркутского государственного лингвистического университета. Серия. Языкознания. – 2010. – С. 55-61.

  14. Сейдикенова А.С. Қазақ және француз тілдеріндегі «Өзім-өзге» концептілері (мәтіндер негізінде): ф.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2009. – 29 б.

  15. Уәли Н. Тiл экологиясы // Ана тiлi. – 2009. – №8. – 5 б.

  16. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: ф.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайынд. дисс. Авторефераты. – Алматы, 2007. – 3 б.

  17. Фронтова Ю.Л. Аксиологический концепт сквозь таксономическую призму (на примере концепта судьба) // Вестник 8. – 2008. – №64. – С. 141-145.

  18. Шалбаева А.Ж. Жақсылық жамандық концептілерінің танымдық көрінісі (қазақ және орыс тілі материалдары бойынша): ф.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2010. – 22 б.

  19. 2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы: Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2017. – 16 б.

Ашық сабақ. Физика. Электротехникалық материалдар.
Ашық сабақ. Физика. Жұлдызды аспанның жылжымалы картасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу