Көршінің ұлын мерт қылған су перісі

Oinet.kz 04-06-2023 4555

Бала күнімізде әжем «түнде суға бармаңдар» деп көп айтатын. Балалық па әжеміздің айтқанын көп тыңдай бермейтінбіз. Әсіресе ауыл сыртында ағып жатқан өзенге кешке қарай ұрланып барып, бір сүңгіп шықпасақ құмарымыз қанбайтын. Күн үзақ ыстықтан кейін кешке қарай денемізді салқындатып алғымыз келіп тұратын. 

Screenshot_34.jpg

Бір күні түнге қарай қымызды салқындатып қою үшін, қымыз астына құятын суға жұмсап жатқан шешемді көріп қалып, әжем қатты кейіді. «Балалардікі балалық дейік, саған не жоқ? Ана Өскенбайдың баласының түбіне су сайтаны жеткенін білесің ғой, қымыз салқындамақ тұрмақ, іріп кетсін мейлі балаларды суға жұмсама» деді қатқыл дауыспен.

Екі шелегін дайындап қойған апам не дерін білмей тосылып қалды. Ауыл шетіндегі Өскенбай ағаны танитынмын. «Баласы қайтқаннан кейін тұйықталып үйінен шықпай қалды» дегенді де құлағым шалған болатын. Алайда мән бермеппін. Балалық қызығушылықпен «әже Өскенбайдың баласының суға не қатысы бар дедім» шеті шыққан әңгіменің анық қанығын естігім келіп.

Әжем күрсініп алып, әңгімесін бастап кетті. «Ешқашан түнде суға барма. Ағынды суға түспе. Судың иесі болады, оның мазасын алмау керек. Су сайтаны болады, кезігіп қалған адамының есін аудырып, ертіп кетеді» деген сөз бар. Алда жалда суға бара қалсаң «Су иесі Сүлеймен суыңызды сұраймын» деп үш рет тас лақтырып, рұқсат сұрап алып барып су ал. Өскенбайдың баласы аңғарымсыздығынан су сайтаны түбіне жетті. Өзің білесің, Өскенбай ағаңның үйі ауыл шетінде, өзен жағасына таяу орналасқан ғой. Ер жетіп қалған баласы 16 жасқа жеткенде түнге қарай өзенге суға шомылуға барған. Қайтар болмаған соң іздеп шыққан шешесі су жағасында өз бейнесіне өзі қарап сықылықтап күліп отырған жерінен тауып алып, қорыққанынан кері ауылға қарай қашқан. Содан көрші көлем, ауыл аймақ жиналып барғанымызда баласын есалаң кейіпте, бейнесіне қарап су жағасында өз-өзінен күліп отырған жерінен тауып алдық. Баласы содан бастап сөйлеуден қалды. Қит етсе үйінен жоғалып кетіп, су жағасынан тауып алып жүрдік. Ата-анасының көрсетпеген жері қалмады. Бірақ еш ем қонбады. Қазақы емге де апарып көрді. Көрші ауылдағы молда атай ғана «Емдеуді тоқтатыңдар, балаларыңа су перісінің көзі түскен екен алмай қоймайды» депті. Көз алдарында тірілей балаларынан айрылған әке-шешесінде де ес қалмады. Одан кейін де ем іздеп талай жерді шарлады. Бірақ балаларына ем қонбады.

Ақыры бір күні ауыл шетіндегі үйінен шулап жылаған дауыс естілді. Баласы өзі жалғыз ұл еді. Бетінен қақпай айтқанын қыла беретін. Суға да сол тыңдамай барып жүрді-ау. Әйтпесе әке-шешесі түнде суға баруға болмайтынын білмеді дейсің бе? Ол ұлдан бөлек, үш әпкесі болатын. Әке-шешесі, үш әпкесі балаларын жоқтап, шырқырап жылағанда бүкіл ауыл қосылып жылады. Сөйтсе тағы үйінен шығып, жоқ болып кеткен соң үйіндегілер өзенге іздеп барыпты. Сөйтсе денесін қалқып жүрген жерінен өзеннен тауып алыпты. Сірә, суға түсіп кеткеніне де біраз уақыт болса керек. Тауып алған кезде де бетіндегі күлімсіреген бейнесі жоғалмапты. Сірә сол су перісі ертіп кетті деген әңгіме рас болса керек. Негізі сау кезінде суда өте жақсы жүзетін бала болатын. Байқамай түсіп кетуі мүмкін емес. Солай жалғыз ұлдарының түбіне су перісі жетті. Кейін шешесін де сол ұлдың күйігі алып кетті» деді әжем терең күрсініп. Денем түршігіп кетті. Содан қайтып ауыл шетіндегі өзенге түн түгілі, күндіздің өзінде ойланып баратын болдық. Түнге қарай құдыққа бармау керектігі де миыма жатталып қалды. Өзім де содан бері су иесі, су перісі деген ұғымдарға күдікпен қарамайтын болдым.

Оңталап ҚАЙСАҚОВ

Alashainasy.kz 

Жарықбайды қуған тұяқты қыз
Дуакеш біреу өлген жарқанатты анамның конвертіне салып кетіпті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу