Ахмет Жұбанов. «Адай» күйінің шығу тарихы

Oinet.kz 13-12-2019 22521

Құрманғазының жас кезіндегі шығармаларының біріне жататыны – «Адай» күйі. Бұл күй туралы түрлі пікірлер, талай легендалар бар. Біреулер "Адай" күйі Құрманғазының өзінікі емес дейді. – Құрманғазы бір Адайдың үйіне келіп түсіп отырса, ілулі тұрған домбыраны көреді. Домбыраны алып қарап, бір-екі қағып көріп, қайтадан орнына қояды. 

Картинки по запросу Құрманғазы

Бұл кезде сол үйдің жалғыз қызы үйге кіріп келіп, – менің домбырамды ұстаған, даусын шығарған кім? – дейді. Қыздың әкесі: – қарағым, мына қонақ жігіт болар, – деп, Құрманғазыға қарайды. Құрманғазы үндемей отыра береді. Қыз отырып күй тартады. Қыз бір күйді тартып болғансын, Құрманғазы: – шырағым-ай, күйдің шоғын тартпай боғын тарттың ғой, – дейді де, өзі домбыраны алып, сол арада "Серперді" тартады. Үй иесі де, қыз да қонақтың Құрманғазы екенін танып, бірнеше күн жатқызып, күй тарттырады. Сондағы қыздың тартқаны осы "Адай" күйі екен деседі біреулер.

Осы "Адай" күйінің формасына, техникалық дамуына, динамикасына қарағанда, бұл күй Құрманғазының өз күйі екендігі байқалады. Адай қызынан үйренген емес, Құрманғазы оны Адайдың қызына арнап шығаруы мүмкін. Арнағанда да қыздың өз қара басының ғана қасиеттеріне емес (күйдің өрісіне қарағанда), сол кезден-ақ Адай халқының "тентек" атаққа шыққаны "Танысаң Адайыңмын, танымасаң құдайыңмын", – деп келетін ел екендігін "Кіші жүзді найза беріп, жауға қой" деген сөздің бір жағы осы Адай халқының мінезіне қабысып жататын ұғым екендігін аңғарған композитор сол Адай қызы арқылы еркіндік сүйген елдің өз мінезіне арнап тартқаны шығар деген біздің пікіріміз орынды болып шығады.

Тағы бір қосымша: алдыңғы пікір дұрыс болғанның өзінде де, "Адай" сияқты күй "күйдің боғына" қосылуының ешбір мүмкіндігі жоқ. Құрманғазыдай күйдің сапасын білетін кісі "Адайды" боққа, әрине, қоспаған болар. Оның үстіне "Адай" мен "Серперді" салыстырғанда да екеуінің арасында аспан мен жердей айырма көрінбейді. Сондықтан, біздің айтарымыз "Адай" күйі Құрманғазының өз шығармасы.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Мұрат Әуезов. Естелігінен
Мұхамеджан Қаратаев. Жары Мархуманың естелігінен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу