Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»

Oinet.kz 14-12-2014 898

«Әкесін сабағанды көріп едік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды кім көрген?» дегендей, кісінің қиялына келмес талай хикаяны естіп-біліп жүрсек те, мұндай масқара жайтты бұрын-соңды кездестірмеген едім. Апыр-ай, адамдар не боп барады өзі?  

Screenshot_29.jpg

Қазақ тойды дағдарысқа ерегесіп жасай ма? 

Қаржы дағдарысы қаһарына мініп, қанша қоқаңдаса да, одан ыққан қазақты әзірге байқай алар емеспіз. Сөздеріне қарасаңыз, екінің бірі «ойбай, анау жетпей жатыр, мынау жетпей жатыр» деп еңірегенде етегі толады да отырады. «Әй, басқасы – басқа, тап осыда ешқандай уайым жоқ-ау, аздап қарыз сұрайыншы» деп ауқаттылау ағайынның босағасынан аттасаңыз, ол да «нансаң нан алатын ақшамыз жоқ» деп алақанын жаяды. Тіпті әрі-беріден соң, не үшін барғаныңызды ұмытып, әлгінің өзіне жаныңыз ашып, соған көмектескіңіз келіп кетеді. Ал арада ай өтпей жатып, «қара нанды әрең тауып жеп отырған» сол кісіңіз әлдебір дөй мейрамханада дүркіретіп той өткізіп жатады. Түсініп көріңіз!

Сірә, бұ қазақтың тойшылдығынан шошып, әлемді әбігерге салған әлгі қаржы дағдарысының өзі құйрығын бұтына қысып, Қазақстаннан біржола безіп кететін де шығар... Кейде маған қазақ  қазір тура дағдарысқа ерегесіп той істейтін сияқты сезіледі...

«Мылжыңдай бермей, әлгі мың доллардың жайына тезірек көшпей ме екен?» деп жақтырмай отырған шығарсыздар. Жарайды, көшсем көшейін. Ол да тойға қатысты оқиға болған соң, жалпы тойқұмарлығымыз туралы ойларыммен жол-жөнекей бөлісе кетейін деген ниет те менікі...

Бастық – Алматыға, басқалар – тойға

Әлқисса, әлгі танысымның (бүкіл баяндау барысында «танысым-танысым» деп тақылдай бермес үшін оның атын, ммм... Мәжит деп алайық,  (жарай ма?), оның  ұжымындағы бір кісі ұлының мұсылман болу құрметіне орай жақын-жуық, дос-жаран, құда-жекжатын жиып, той беріпті (той иесінің есімі – шартты түрде Тойшыбек бола салсын, бәрібір сіздер оны танымайсыздар). Мұндайда қызметтестер қауымы өз әріптестерінің дос-«дұшпан» алдындағы абырой-беделін бір көтеріп тастау үшін барын салып, кірісіп кететіні бар ғой. Сөйтіп, әркім шама-шарқынша үлес қосып, көптеп-көмектеп 150 мың теңге (мың доллар) жинапты. 

Қазір той көп дедік қой. Тура осы той өтетін күні Мәжиттердің бастығының да бір жамағайыны Алматы жақта бір қуанышқа кетіп қалса керек. Яғни, Алатау асып кеткен бастық мына тойға үлгеріп келе алмаған. Орынбасары – Астанада, іссапарда. «Қой, өзіміз де бір қауым елміз ғой» деп он-он бес қызметкер Тойшыбектің тойына бастықтарсыз-ақ барған.

Мұндай үлкен қуаныш кезіндегі маңызды міндеттің бірі – әлгі сый-сияпатты той иесіне салтанатты түрде табыс ету. Майда-шүйденің өзін мақтан тұтуды жек көрмейтін қазекең сол той сыйын да көпке көрсетіп, «видикке» түсіп қалатындай етіп беретіні бесенеден белгілі. Ақыры бастықтар жоқ болғасын, Мәжит пен оның әріптестері бұл құрметке әуелде ұжымдағы аузы дуалы, сөзі уәлі апайлардың бірін лайықты санаған екен, алайда араларынан иненің көзінен өтердей бір икемді жігіт шығып (жоғарыдағы келісімімізге сәйкес, оны Пысықбай дейік), «Мен табыс етейінші, басекең де «өзің бас-көз боларсың» деп тапсырып еді» деп елп ете қалады. Ойларында ештеңе жоқ өзгелер «жарайды» деп келісе салады.

Пысықбайдың пиғылын кім біліпті...

«Орыстың тойы – құй да іш, өзбектің тойы – би жарыс, қазақтың тойы – жиналыс» дегендей, Тойшыбектің тойы да сол «ұлттық үрдіске» сай өтіп жатады. Ұзын-шұбақ кіріспе айтылып, ұзақ-сонар бата берілген соң, сүндеттелген ұлды ортаға сүйрегендей ғып ата-әжесі алып шығыпты. Қалалық жерде мұсылман болған баланы жиналған көпшіліктің алдына атқа мінгізіп алып шығу да қалып барады-ау. 

Той ортасынан ауып, жұрт мылжың тілектерден әбден шаршап, тост атаулыға қарамай тоқтаусыз «сілтегендердің» алды мас боп үлгерген шақта ұжымға да сөз кезегі тиеді. Араның ұясындай өзара гулескен жұртшылықтың тыңдаған-тыңдамағанын елең қылмастан бұлар да біраз сөйлеп бағады. Ақырында Тойшыбектің қолын қыса құттықтап, беттен сүйе құшақтап, «Ақмаржанға» бір билеп барып орындарына отырады. Пысықбай қолындағы конвертті басынан асыра бұлғап, ұжымның ұлға арнаған сыйлығын атап айтып, той иесіне табыс етеді...

Қылмыстыны бейнетаспа ұстап берді

Сөйтсе, ұжымның атынан сыйланған конверт... бос шыққан. Рас, мүлде бос емес, ішінде сарғайған мың теңгелік бар екен. Тойға келген өзге жұрттың берген сый-сияпатының бәрі нақпа-нақ, аты-жөнімен, қағаз-салфеткасымен түгел Тойшыбектің костюмінің қалтасы мен әйелінің сөмкесінен табылған. Тек қана ұжымдікі жоқ! Ұшты-күйлі!

Ақырында қолды болған ақшадан бүкіл ұжым хабарланыпты. «Жасы үлкен Пәленше апай тапсырсын дегенде, «жоқ, өзім табыс етейін» деп тіленіп еді, не болса да, сол Пысықбайдан келген пәле бұл» деп тұжырыпты бәрі. Кенет Мәжиттің ойына бейнетаспа түсіп, дереу Тойшыбектің үйіне жүгірген. Екеулеп отырып қараса, Пысықбайдың қулығы «видикке» түсіп қалыпты. Сөз сөйлер алдында қалтасынан алып шыққан конверті – бос! Оның бос екенін білдірмейін деп уысын «толтыра» қысып ұстаған екен, бәрібір жіп-жіңішке боп анық көрінеді! 150 мың теңге салынған конверт күмпиіп ісіп, толып тұрмай ма әйтпесе!

Көп ұзамай басқа да дәлелдер шыға бастайды. Пысықбайдың осы тойдан бірер ай бұрын көлік сатып алғаны, «осы мәшинені аламын деп жүріп қайынжұртыма біраз қарызданып қалдым» деп, қызметтестерінің көбінен қомақты ақша сұрағаны, ешкімнен мол сома шыға қоймағасын, «енді қайдан іздеймін» деп сарыуайымға салынып жүргені... түгел анықталады. Алайда Пысықбай бәрін де жоққа шығарып, «оллаһи-биллаһи, ештеңе алғам жоқ» деп мойындамапты. Бетпақ жеңіп, бейшара көнген заман емес пе, ақырында арызын жазып, бұлардың мекемесінен біржола қашып кеткен.

Осындай жолмен қымқырған ақшасы бойына қалай сіңді екен...

Сәкен Сыбанбай. Ымды білмеген дымды білмейді
Құдайберген Сұлтанбаев: «Қазiргi əзiл-оспақ отаулары жауыр болған тақырыпты қайталаумен келедi»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу