Мирас Асан. Жасанды көл

Oinet.kz 14-08-2020

Аққуы жоқ айдын көрдім,

Гәккуі жоқ шағала.

Қайығы жоқ қайғым келдің,

Қамысы жоқ жағаға...

image.png

Жасанды көл – дауысы жоқ,

Жарға асылмас жағалау...

Құяры жоқ, ағысы жоқ,

Тұйық көңіл тоған-ау...

Келіп... неге қайта алмадым,

«Тереңіңе батыр» деп,

Сені «көл» деп айта алмадым,

«Шөл» деуге де хақым жоқ...

Жасанды көл дейін десем,

Жасыл екен жамалың...

Жасанды екен ойым десем,

Жасаурайды жанарым...

Жүрегімді ап қашармысың,

Жанарыма кел, орна...

Ернеуіңнен асармысың,

Жасандысың неге онда?

Жағаңда ойлар – жыр аялы,

Толқыныңда шайқалды Ай...

Екі ғашық мұңаяды,

Жасанды сөз айта алмай...

Неге кеттім, қайдан бардым?

Жоқ қайығым, жоқ кемем.

Сен шындыққа айналған күн,

Мен жасанды боп келем.

Мирас Асан. Ұлым кетіп барады мектебіне
Мирас Асан. Сезім болжамы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×