Ырысбек Дәбей. Жалғыздық

Oinet.kz 19-07-2020 606

image.png

Көшелер кірлеген,

Шаршаған көшелер...

Маңдайдың сорындай ауыр,

Бұтақ та бүрлеген, қиялшаң үміттей

Саусағын созады сәуір.

Сен мені қай жаққа апара жатырсың,

Жұтылған соқпақ?

Күңгірт түн ішінен бөрі боп ұлиды...

Жоғалған ауыл.

Түнімен түс көрем, түйсігім байланған,

Құм басқан даланың есірік желі...

Біреуге жолықтым,

Дүдәмал тілімде күмілжіп сұрадым сені.

Ұмыт боп барамыз...

Айтпайды олар да тебіреніп

екеуміз жайлы,

Адасқан ақылдың біз емес соңы.

Жаныммен жүдедім

мәңгілік махаббатымды

Санамнан қуып,

Соңымнан ергені сормаңдай күдік.

Есен бол енді!

Ертеңгі аманатыңды кеудеме сақтап,

Жалғызға айналған

жақындарымның соңынан

барамын қуып…

Ырысбек Дәбей. Жұмбақтас
Ырысбек Дәбей. Жаңа жыл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу