Сәкен Сейфуллин. Қамаудан

Oinet.kz 22-01-2020 1062

image.png

Тас үйдегі тұтқынды

Аяған адам жоқ болды.

Аяды бірақ табиғат,

Көңілім соған тоқ болды.

Терезенің алдына

Торғайлар кеп ән салды.

Ызғарлы қамау тас үйге

Күйлендіріп жан салды.

Даладан көгал жас исін,

Жіберді маған желменен.

Терезеде отырып,

Сөйлесті көңілім елменен.

Болса да алыс қызыл күн,

Шұғыласын шашты алтындап.

Ғашығым менің бостандық

Келді алдыма жарқылдап.

Терезеден өлшеусіз

Көрсетті қыр, кеңдігін,

Табиғатына дүниенің

Патша мен тұтқын теңдігін.

Демін салып майда жел

Құшақтап сүйіп тәнімді:

Сүйгенімдей тербетіп

Жұбатты менің жанымды.

Отырмын күзет – қамауда

Дұшпаннан тәнім жеңілді.

Жеңе алмас, бірақ, еш пенде

Асау еркін көңілді.

Мұхтар Шаханов: Махаббаттың жазылмаған заңы
Ілияс Жансүгіров. Біздің жазда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу