Сәбит Мұқанов: Мұғалім

Oinet.kz 23-08-2020 855

Ел ісін басқаратын көсем бол, сен,

Бал тамған таңдайыңнан шешен бол, сен

Батыр бол қол бастаған, тағы сондай

Салада қанша биік өсе бер, сен;

Жаса сен, қай жағдайда, қай заманда,

Әрдайым міндеттісің бір адамға;

Былайғы жақын түгіл, оның орнын

Керген жоқ басып, туған ата-анаң да;

«Мұғалім!» бұл адамның ардақты аты.

Білімдік бар биікке шығар саты.

Ең алғаш басталады осы адамнан,

Сүйеді сондықтан да жақын, жаты.

— Ар жағы иероглиф, бергі әріп

Арқылы қандай тілде, қандай халық

Хат білсе, санасына мұғалімнен

Түседі бірінші рет сәуле-жарық.

Білімнің шарлағанда талай өрін,

Жаңалық ашқан шақта нелер керім,

Бар ғалым, барлық қоғам мұғалімді

Сыйлайды мәңгі-бақи беріп төрін.

1960

Сәбит Мұқанов: Сыбызғының сыры
Балуан Шолақ. Өлеңдері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу