Әсет Найманбаев. Қаракөз (4-нұсқасы)

Oinet.kz 23-08-2020 1157

Ән ардағы – Әсет

Қаракөз/1 нұсқа/

Мынау қолым, Қаракөз, саған созған,

Махаббаттың жүректе оты қозған.

От жалындай көзіме көрінеді,

Желбіреген көйлегің берен боздан.

Қаракөз сәулем көз көрген,

Түн ұйқысын төрт бөлген.

Шақырғанда бармаған,

Сұм басым, үйбай, сөзге ерген.

Жүрген жүріс, Қаракөз, күлген күлкің,

Жанған жүрек қасында болсаң шіркін!

Сені ойласам, Қаракөз, ас батпайды,

Түнде ұйқым келмейді, күндіз күлкім.

Қаратаудың басынан түсер сағым,

Сағынғанда қайда едің, ғашық жарым?

Туған айдай секілді сүйген сәулем,

Сенің сұлу болғаның деуші ем бағым.

Жаман атты мінбеген жалды екен деп,

Жалынбағын жаманға малды екен деп.

Айналайын сүйген жар, айнып кетпе,

Аяғына қан түсіп қалды екен деп.

Қаракөз /2-нұсқасы/

Қарасындай көзімнің сәулем едің,

Бастан кешкен баяғы дәурен едің.

Күндіз естен кетпейсің, түнде түстен,

Не сиқырмен басымды әуреледің.

Қаракөз сәулем көз көрген,

Түн ұйқысын төрт бөлген.

Шақырғанда бармай қап,

Сұм басым, үйбай, сөзге ерген.

Сенің биік, заңғар тау, қарауылың,

Әсем екен бөлекше жаралуың.

Күндіз естен кетпейсің, түнде түстен,

Жүректе қан денеме таралуын.

Сағынышты көңілім болды алаң,

Саған жетпес болса да қандай бағлан.

Малсыз, бақсыз, себепсіз сіздің дертің,

Бұған шипа, япырмау, қайдан табам.

Денсаулығым қалмады бір сені ойлап,

Сағынғаннан мен жүрмін судай қайнап.

Қосылмақты не қылса ойлаушы едік,

Дариясына тәуекел басты байлап.

Қаракөз сәулем көз көрген,

Түн ұйқысын төрт бөлген.

Шақырғанда бармай қап,

Сұм басым, үйбай, сөзге ерген.

Қаракөз /3-нұсқасы/

Қаракөз, қайда сенің ыстық күнің?

Дүниеде ғашықтықтың дерті қиын.

Кешегі жиырма бестің базарында

Болушы еді қалқам аулы күнде жиын.

Қара көзің-ау сүзілген,

Қыпша белің-ау үзілген!

Ауыздағы отыз тіс ақ маржандай тізілген.

О, Қаракөз, қалды-ау кейін!

О, шіркін, уайым жедім-ай!

Қарағым, сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай,

Арасы екі ауылдың шам жаққандай.

Кешегі жиырма бестің өтті шағы,

Не керек, өтіп барад күн батқандай.

Қаракөз /4-нұсқасы/

Балапандай баулыған құсым едің,

Түзден торға дәм айдап түсіп едің.

Қапаста асыраулы бұлбұл құстай,

Абзал зат, қай бақшадан ұшып едің.

Қанатым саған бола қалды-ау қирап,

Таба алмай ем дауасын тұрмын жинап.

Жас ғұмыр далбасалық күнмен өтіп,

Жаһатпен көп шаршадым жанды-ау қинап.

Қаракөз сәулем көз көрген,

Түн ұйқысын төрт бөлген.

Шақырғанда бармай қап,

Сұм басыма сөз келген.

Әсет Найманбайұлы. Інжу-маржан
Әсет Найманбаев. Қыз арманы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу