ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА... ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

Oinet.kz 02-09-2020 683

ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА... ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.

Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі.

«Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген – ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.

«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған  буралық неге жарайды?

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы  айтқаны.

«Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен  айтылған  сөздеріне  бек сақ болу керек.

Абай Құнанбайұлы.

ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ ӨЛЕҢ

Жүректен жылтыр сөздің ұшқаны көп,

Болғанмен сырты бүтін, тыстары жоқ.

Қазақтың мақалының көбісінің

Жарайтын, жарамайтын тұстары көп.

Ар менен намыс серті қатар еді,

Естіген сайын жанға батар еді.

Сондағы «Жарлы болсаң, арлы болма»

дегені қайбір оңған мақал еді.

Алдынан жолыққандай ақымағы,

Бос сөзді боза сынды сапырады.

«Қалауын тапсаң егер қар жанады»

дейді де жылпостыққа шақырады.

Кей-кейде шыдай алмай безем шығып,

Ақыл айту ол дағы бір «емшілік».

«Адамның сұрай білсең бермесі жоқ»

дейтіні барып тұрған тіленшілік.

Бәрі де бір күндері бос қалады,

Сатқындық сатқындықтан дос табады.

«Періште алтын көрсе жолдан таяр»

дегені өз сұмдығын қостағаны.

Кең сөйлеп шешендікке бапталғанмен,

Әйтсе де орынымен мақтанған жөн.

Осындай білместікпен айтып қалған,

Сөздерден мейілінше сақ болған жөн!

Әлібек Шегебай.


ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА... ОТЫЗЫНШЫ ҚАРА СӨЗ
ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА... ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ ҚАРА СӨЗ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу