Тәуелсіздік туралы эссе. Тәуелсіздік қадірі

Oinet.kz 18-12-2020 4476

Тәуелсіздік туралы эссе.jpg

Тәуелсіздік – көзіміздің қарашығы. Ұлт рухының көрінісі. Ол өте қымбат нәрсе. Бағасы жоқ. Ол баяғы біз айдың, күннің аманында айырылған Алтын Орда империясының елесі. Ертіс, Еділ, Сырдария орнында қалған. Сол бұрынғыдай арнасында ағып жатқан. Қаратау мен Ұлытаудың да басын бұлт шалудан танбаған. Құлқайыр мен қызғалдақ жайқалып өсіп тұрған. Кейін уық босап, шаңырақ шайқалған. Станның сыны кетіп тек сыры қалған. Рәміздердің бояуы оңып, дулығалы бас жалаңбас қалып, қайқы қылыштың жүзін тот басқан. Хан тағы болыстың кәкір-шүкір кеңсесіне айналды. Ел есінен, жұрт жадынан айырылды. Сарыарқада сайран құрған жұрттың бар місе тұтары қол қусыру мен сары уайым ғана боп қалды. Артынан екі басты самұрық шеңгелі қызыл бесжұлдыздың бейберекетіне ұласты. Айтуға ауыз бармайды. Жүрек ауырады. Осы бір кезді. 

Мәңгүрттіктің марсельезасы миымызды торлады. Көкбөрі цирктің қолға үйретілген көнбіс аңына айналды. Көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ болды. Рас. Бірақ жүрек аш болды. Іштен бірдеңе үнемі ұлып отыратын. Бір зар бар еді. Бітпейтін. Жаныңды жегі құрттай жейтін. Елдік зары еді ол. Онсыз қара бастың қамын қанша күйттесең де, көңіл күй хошың бір болмас. Осындай бір алмағайып заманда Құдайдың құдіретімен бұлдыр арман анық ақиқат бейнеге енген. Фото негатив позитивке айналып, Алтын Орда елесі қайтадан анық сурет боп, қалқып су бетіне шыққан. 

1459 жылы солғын тартып, 1731 жылы сөнуге айналған нұр 1991 жылы қайтадан мол жарығы бар бедерлі жұлдызға айналды. Қарайған жүрекке жарық сәуле кірді. Ол иман сәулесі. Ол сәуле миымыздағы микробтарды өртеді-ай! Маймылды ата-тегімізге балаған Дарвиннің данышпандығы құр әшейін пұш дән боп шықты. Мовзолейдің мәйіт тұрғыны қолдан тоқыған саяси ертегі Тазша баланың «қырық өтірігі» жанында жіп есуге де жарамсыз өрмекшінің торы боп шықты әншейін. Тамырымызға қатты зардап келген. Қанша кеуіп, қураса да мерт болмаған тағы. Нәр бар екен, сөл бар екен әйтеуір. Қураған томар боп қалудан Тәңіріміз сақтапты. Құдайға шүкір. Өлгеніміз тірілді. Өшкеніміз жанды. Енді сол жарықты сөндіріп алмау жағы – біздің басты уайымымыз болмағы ләзім. Бар қауқар соның төңірегінде сарп етілуі керек. Ананың ақ сүтін сол үшін емген боп, атаның қажыр қайраты сол үшін шығын болмағы жөн. Егін сол үшін егіліп, мұнай сол үшін өндірілмегі мақұл. Ми сол үшін ашып, жүректің сол үшін жыбырлағаны керек. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалуды қаласаң, әні істейтін ісің сол. Онан өзге татырлық не іс бар? Не қызық бар басқа?! Мынау аумалы-төкпелі дүниеде. 

Ұлттық кодыңды тауып ал әуелі. Ол бес нәрсе: дін, тіл, тарих, салт-дәстүр һәм атамекен жер. Өркениеттің іргетасы бұл бесеуі. Іргетассыз өркениет – қара тасқа ұрық шашқанмен тең нәрсе. Ұлттық код – іргетас. Рух – мазмұн. Өркениет – форма. Осы формула жөн. Елдік сұлбасын соғайық солай. Серттестік, осыған ағайын. Тәуелсіздік – сондай ірі істі атқару үшін берілген мүмкіндік қой. Ұлы мүмкіндік. Құр жіберуге болмайды оны. Онда өзегіңді өкініш қайта өртер. Ол өзек өртер өкініштің ғасырларға созылып кетуі әбден кәдік. Ондайды біз көрдік. Бетін әрі қылсын, енді оның. Қайта дерттенгіміз келмейді. Көсегеміз көгеру үшін күнкөрістік күйбеңді мұрат тұтуды қою керек. Ұлы Құт еліне айналуды ұран етіп, сол іс үшін шын шарттасып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару қажет бізге. Ел-жұртқа. Әуелі ой, идея бірлігі. Рух бірлігі. Ми бірлігі. Кейін күш-қайрат дене бірлігі. Қазақ кредо осы!

Ақжол Қалшабек

Ит туралы шығарма. Ит - қазақтың қазынасы
Жолтай Жұмат. Ел мен Елес (мінездер миниатюрасы)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу