Мұқағали Мақатаев. «Ол шақты қайтем»

Oinet.kz 28-08-2019 854

1450429369_3a4a2274e8d7a715dc31bd6a5e55551f.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c413989.jpg

Көлшікте, біздің іргеде,

Бақаның хоры басталған.

Күнде де, айлы түнде де,

Сорғалап нұр тұр аспаннан.

Қоңыр үй.Тозған.Қазақы.

Болмайтын онда терезе.

Тозбайтын еді ғажабы,

Шаңырақ, уық, кереге.

(Ол шақты қайтем мақтап құр)

Ши ұстаушы едік есікке.

Жамырап келіп аппақ нұр.

Жармасар еді тесікке.

Сандаған сығыр сәуледен,

Панамыз тұрар жарық боп.

Үміткер болып әрнеден,

Маужыраушы едік қарық боп.

Алаңсыз, бейқам өсіп ек,

Бақалар хоры тербетіп.

Өмірдің содан көшіне,

Ілесіп кеттік ержетіп...

Мұқағали Мақатаев. «Сергей Есенинге»
Мұқағали Мақатаев. «Москвадан кетерде»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу