Ерлан Ахмет. «Жүрміз ғой ойнап-күліп, сыр ақтарып»

Oinet.kz 20-09-2018 788

Screenshot_1.jpg

Жүрміз ғой ойнап-күліп, сыр ақтарып,

Жоспарды жасап алып, бір апталық.

Біреулер жетіп жатса мұратқа нық,

Біреулер қалып жатар жырақтанып.


Адам бар мәз болатын күндігіне,

Бесінде ашылмайтын түндігі де.

Адам бар байлық, мансап қуаламас,

Тоқмейіл тыраштанған тірлігіне.


Көреміз «мен, мен ғана» дегендерді,

Түйені түгіменен жегендерді.

Білеміз мақтанудан қашар дәйім

Еңбекпен еленетін ерендерді.


«Бес саусақ бірдей емес» білеміз ғой,

Тірі адам тіршілікте жүреміз ғой.

Адам боп қалғанымыз абзал болар,

Маңдайға жазылғанын көреміз ғой.

Ерлан Ахмет. «Жаса, Железин!»
Ерлан Ахмет. «Ақынды іздеу»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу