Ертай Ашықбаев. «Бөлмелестер»

Oinet.kz 23-09-2018 1125

Без названия.jpg

Есік ашық шыққанға, кіргенге де, 

Бес азамат тұрамыз бір бөлмеде. 

Қиялымыз сияқты бесеуміздің 

Бес құрлықты айналып жүрген кеме..                    

(Студент кезгі өлеңнен)

Бір, екі, үш, төрт... және мен... О, бөлмелес! 

Өткен дәурен өздерің ғой, өңге емес. ...

Поезд жүрді. Іш өртенді. Сөнді елес. 

Қалды Алматы төсек қабын тартқылап, 

Бөлме қалды енді біздер төрлемес. 

Мұңайды ма көрікті таң, көрме-кеш, 

Біздің көңіл енді неге шөлдемес?! 

Еш жан енді дәурен кешіп біз болып, 

Алматыны ешкім біз боп өңдемес, 

Аяқталды заңды сапар, зор кеңес, 

...Сол — біз едік, өңге емес. О, бөлмелес!   


...Бізді басқа таң оятты... Күн батты... 

Одан соң да... О, зырлапты, зырлапты... 

Беу, қайда жүр күндеріміз қымбатты?! 

...Бір, екі, үш, төрт... және мен... О, біздерді 

Мынау өмір әркімдерге ұрлатты. 

...Көптен бері кешпедік қой гүл-бақты, 

Неге біздің тірлігіміз тым нақты, 

Анау қыздар қолын неге бұлғапты?.. 

Бөлмемізге кірейікші... баяғы... 

Іздейікші сол баяғы... жұмбақты...   


Бір, екі, үш, төрт... және мен... О, бұл — бізбіз, 

Қарсы алмай тұр неге сол бір құндыз қыз?.. 

Титықтапты түнгі сейіл, күндізгі із, 

Ояныңдар, басқа емеспіз, бұл — бізбіз! 

Орал, Көктем! Құшағыңа кіргіз, Күз! 

Үндемейсіз. Оу, кешегі жырмыз біз. 

...Ай, біз, сірә, қайта ашылмас есікпіз, 

Ай, біз енді жана алмайтын Жұлдызбыз. 

Біз — құрлыққа шыға алмайтын Кемеміз, 

Бір, екі, үш, төрт... және... шексіз Мұңбыз біз.

Ертай Ашықбаев. «Бір әңгіме»
Ертай Ашықбаев. «Ескі елес»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу