Жадыра Дәрібаева. «Қазақы ғұмыр-әдеппен...»

Oinet.kz 25-09-2018 811

Қазақы ғұмыр-әдеппен

Пір тұттым адам баласын.

Достасып сұлу сонетпен,

Емдедім жанның жарасын.


Самалын жұттым сан кештің,

Жұлдызды түнде жұбандым.

Ақпанда аппақ қар кештім,

Жақсылар үшін қуандым.


Айлы жаз көрдім сиқырлы,

Алаулап күйдім Күн – нұрға.

Ардақтап туған ұлтымды,

Тәрбие бердім ұл-қызға.


Өмірім мәнді, мәнсіз бе,

Өтінде заман – құйынның.

Демеу боп жүрдім әлсізге,

Тәңірге ғана сыйындым.


Салмақты салып жақынға,

Ажарсыз айла еткем жоқ.

Асқақтық тән деп ақынға,

Айдарымнан жел ескен жоқ.


Пыр-пырлап ұшты қол бұлғап,

Қырғауыл-арман, қызыл шоқ.

Жанарым енді құп-құрғақ,

Ынтықтық қалды ызың боп…

Жадыра Дәрібаева. «Сіз-бізі» мол салтанат...»
Жанарбек Әшімжан. «Аттанғанда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу