Ибрагим Исаев. «Төрге құмар бір ақынға»

Oinet.kz 30-09-2018 798

photo_264593.jpeg

Ұмтыласың замандас, төрге неге?

Төрге қарай ретсіз өрмелеме.

Өзінің де, сөзінің бедері жоқ,

Беделсізге төргі орын сән бере ме.

 

Таразыла ойыңның әр бөлшегін,

Көтерілмес беделің төрмен сенің.

Төрге шықсам сыйлы адам боламын деп,

Төрге ұмтылу «өспейтін» өлген сенім.

 

Болмаса да төр саған лайықты,

Отырасың әйтеуір қарайып бір.

Төрдегі орның тұрады елестетіп,

Жас балаға жайылған жаялықты.

 

Бедел деген төрде емес, абыройда,

Төрде ұқсаймын деме сен Абылайға.

Өзіңнен де сыйла адам бар екенін,

Төрге ұмтылмай тұрғанда тағы да ойла.

 

Реті бар, орны бар әр нәрсенің,

Сатып алған орның жоқ төрден сенің.

Маған салса, тексізге сен сияқты,

Босағадағы орынды бермес едім.

 

Төр дегенің көр емес, киелі орын,

Ақылы бар адамдар біледі оны.

Мықты екем деп ұмтылма төрге қарай,

Шықты екен деп газетке бір өлеңім.

 

Төр орыны ақылды ақсақалдың,

Ақсақалға ал сені ұқсатар кім?

Орныңды тап өзіңе лайықты,

Келіп жүрсе егер де жақсы ат алғың.

 

Төрге неге соншама қаталадың,

Сол орынды салып жүр қалтаңа кім?

Ұят деген басыңда қалмаған ба,

Төрде отырсың, қасыңда жапалағың.

 

Төрде отырған адамды тұрғыз мейлі,

Төрге құмар, сені жұрт жалғыз дейді.

Сен сияқты ақымақ бейшаралар,

Өлген кезде көрден де төрді іздейді.

Ибрагим Исаев. «Азат елдің азаматы»
Ибрагим Исаев. «ҚАЙРАУ немесе ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНА ЖЕТУ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу