Ақылды әйелдердің басқа әйелдерден айырмашылығы

Oinet.kz 10-05-2021 1903

Әр адам өзінше бақытты. Деннің саулығы, бала-шағаның амандығы, отбасының берік­тігінің өзі қарапайым пенде үшін үлкен бақыт.

Дегенмен әйелдер қауымы үшін кейде осының өзі аз сияқты көрініп, «көзге көрінбес, уыста тұрмас» бақытты армандап, аңсайтыны бар. Ондайда мына жайды есте ұстап, көңіл аласұрған сәттерде қайталап оқуға кеңес берген болар едік:

Screenshot_6.jpg

Ақыл. Әйелді бақытты ететін нәрсенің бастысы – ақылы. Яғни ол ешқашан ашуын айқайға алмастырмайды. Қайта ашу қысып тұрса да сабыр сақтап, қысылғанда қосағына ақыл қоса алады. Өйткені ақылды әйел серігі сүрінгенде демеу бола біледі. Ұл-қызын жолға салып, оларды қадағалап отыру да оның басты міндеті. Отбасы мүшелерінің бәрінің жанына жылу ұялата білу – оның керемет қасиеті, әрі артықшылығы. Ақылды әйел келеңсіздік кездессе де көңілін түсірмейді. Жаратылысы шапағатқа толы қалпын сақтап, мейіріммен ойлап, жылы сөйлеп, елжіреп, жарасымды жымиысымен жақындарына шапағатын сыйлайды. Қиянаттан қанаты қайырылып құласа да қайта тұрып кететін қасиет оларды адамгершілік биігінен көрсетеді. Жан жүрегінің жылуы жүзінен, жүрегінен төгіліп тұртын әйел қашанда ер-азаматтардың арманы.

Кешірім. Әйелге екінші керегі – кешірімді болу. Кешірімді әйел қашанда бақытқа бөленеді. Күйбең тіршілікке күйініп, жанындағылардың алқымынан алу әйелге жараспайтын мінез. Ал кешіре білмейтін, қызбалыққа салынып, көп сөйлейтін әйел сүйкімсіз. Көп әйелдер қателікті кешіре алмағандығынан опық жеп жатады. Жақсы әйел ерінің айыбын бетіне баспай, кешіре білуі керек. Себебі сүйе білген адам кешіре де біледі және сүйе білген адам қашанда сүйкімді.

Пайым. Әйел үшін әр нәрсенің байыбына барып, түсіністікпен қабылдау да үлкен бақыт. Ақылды, кешірімді әйел алыстан сезеді, алыстан пайымдайды, алысқа көз салады. Ондай әйел алыстан аңғарылады. Өзіне не керегін үнсіз ұғып, өзгенің жан дүниесін айтқызбай түсіне білген әйел кім-кімді де бақытты ете алады. Өйткені ол еріне – жылу әрі демеу, балаларына – мейірім сыйлауы арқылы бақытты.

Сабыр. Әйел ерік-жігерін уысында ұстап, қай нәрсеге де сабырмен қараса қуанышқа бөленбек. Сабырлы әйелге баянды бақыт бұйырады. Өйткені сабырлы шешім арқылы олар салиқалы шешім шығара алады. Бұл жерде жоғарыда айтқан алыстан ойлап, алыстан сезу қасиеті оған көмекші болады. Әйелдің сабыр сақтауы үй-ішіне де береке мен қуаныш әкеледі.

Ерік-жігер. Әйелдерге жетіспейтін ең құнды қасиет – ерік-жігер. Егер ерік-жігері мықты болса, жоғарыда айтылған төрт қасиетті қанына сіңіріп, қалтқысыз орындау арқылы әрбір әйел бақытқа қиналмай жетер еді. Яғни қай нәрсені де ақылмен шешіп, кешіріммен қарай білу, пайымсыз тірлік етпеу мен сабыр сақтау оны қателік жасаудан сақтап, жүзіне жарасымды жымиыс, жанына мейірім мен шуақ, жүрегіне тыныштық пен жақындарына жылу береді. Есіңізде болсын, баланы, еріңізді түзеткіңіз келсе, алдымен өзіңіз түзелуіңіз керек. Бойыңызға ең асыл, ізгі қасиеттерді жинаңыз, сонда бақыт сізді өзі-ақ іздеп келеді.

Егізбаев феноменінің сыры неде?
Отбасын сақтап қалуға арналған құнды 10 кеңес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу