Егізбаев феноменінің сыры неде?

Oinet.kz 08-04-2021 1046

Өзің көптен бері бірге жұмыс істеп, ерекше құрметтеген  адам жайлы өткен шақта әңгіме айту – қиынның қиыны. Бір жағынан – көңілің құлазиды, екінші жағынан кеудеңді қуаныш кернейді. Өйткені, Ұстаздың аяқтап үлгермеген ісін сен жалғастырып келе жатқаныңды сезінесің.

Мұқан Егізбаев Марат Пашимов.jpg

Барлығы сонау 2005  жылы басталды. Мен, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академиясын енді ғана бітірген түлекпін. Интернатурамды облыстық клиникалық ауруханада өткізіп  жүрген кезім.  Дәрігер-хирург болғым-ақ келеді, бірақ бос орын табылмады. Содан, анестезиолог-реаниматолог болып маманданғанды жөн көрдім.   

Курстастарымның дені кең-байтақ еліміздің өзге аудан,  аймақтарына тарап кеткен. Қолымдағы қызыл дипломымды алып,  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының қабылдауына кіріп шыққан соң ауруханаға интерн емес, жас дәрігер Пашимов болып оралдым.

Мұқан Кеңесбекұлымен таныстығым ол кісі облыстық клиникалық ауруханаға бас дәрігер болып келгеннен басталды. Сол  кезде  облыстағы ахуал тым ауыр еді. Екі жыл алдын жүз шақты баланың жаппай қатерлі АИТВ жұқтырып алғаны бүкіл елді дүр сілкіндірген болатын. Бүкіл Оңтүстік жұрты іштен тынып, Елбасының келуін күтіп отырды.

Осы даулы оқиғаның салдарынан жағдайдың ушыққаны соншалық, дәрігерлер тура пандемия жайлаған 2020 жылғы жаз мезгіліндегідей әбігерге түсіп, қатты әбіржіді.  Ол кезде  мен дәрігер әрі телемедициналық орталықтың меңгерушісі болып қана қоймай, ғылыммен де айналыса бастаған едім.  Сол жылдары Шымкентте ғылым докторы-анестезиолог деген атымен жоқ болатын.  Сәйкесінше, оқу барысында компьютермен презентация жасау бағдарламасын меңгеріп алдым.

 Біз ауруханадағы залдардың бірінде жолықтық.

- Кімсің? – деп сұрады Егізбаев жұмыс уақытының аяқталғанын, қажетсіз жұмыс орнында жүру – еңбек тәртібін бұзуды білдіретінін меңзегендей.  

-  Анестезиолог-реаниматолог Марат Пашимовпын.

- Мұнда не істеп жүрсің?

- Бас дәрігердің орынбасары тапсырған презентацияны әзірлеп отырмын. 

Әңгіме осымен аяқталды. Бұл 2008 жылдың қараша айы болатын. 

Сәуір айында хатшы қыз хабарласып, Мұқан Кеңесбекұлының шақырып жатқанын айтты. 

Кабинетіне бардым. Осы жерде бас дәрігеріміздің қаталдығын айта кету қажет. Адамның көңіліне  тиетіндей сын айтуы мүмкін, бірақ мұндағы жалғыз мақсат  – қызметкер өз  қателігін түзетсе деген ниет. 

Есіктен кіргенім сол еді, Егізбаев бірден «кадрлар бөліміне бар. Сені бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік және төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындадым» деді.

- Қалайша? Менің не санатым, не еңбек өтілім, не тәжірибем не жоқ. Тиісті санатқа жету үшін үшін кемінде бес жыл жұмыс істеу керек. Менің жұмыс істеп жүргеніме бар болғаны үш жыл. 

 - Жұмысыңды істе немесе арызыңды жаз да кете бер.

Мұқан Кеңесбекұлы осылайша қатқыл сөйлейтін. Ол кісіге жұмысымның ұнайтынын, науқастарға жәрдем бергім келетінін айтып түсіндіре бастадым. Бірақ,  тыңдағысы да келмеді. Бас дәрігердің кабинетінен  абыржыған күйде шықтым.  Денсаулық сақтау саласындағы ұйымдастырушы ретіндегі карьерам осылай басталды. 

Сол сәттен бастап күнделікті бірлесе жұмыс атқардық. 

Бір дана адам «ортанқолды мұғалім баяндайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік ұстаз көрсетеді, ал ұлы ұстаз жігерлендіреді»  деп айтқан екен. Қарамағындағы қызметкерлерді  тапсырманы қуана отырып орындайтын жағдайға жеткізу  - кез-келген басшының қолынан келе бермейтін іс. Егізбаев қызметкерлерді жігерлендіріп, шабыттандыра  алатын. 

Маған барлық нәрсе қызық болды. Ол кісімен жұмыс барысындағы әр сәттен тәлім  алып отырдым.

Мұқан Кеңесбекұлы денсаулық сақтауды ұйымдастыру ісінде  өз қатарластарының үздігі болды. Новатор ретінде танылды. Реформаларды жақсы көрді. Басқармада жұмыс істеген үш жыл ішінде әр ауданда компьютерлік томография аппаратын  орнатты. Салыстыру үшін, бұл жұмыс басталарда Шымкент қаласында жалғыз ғана компьютерлік томограф бар еді. 

Ешнәрседен қорықпай тек алға ұмтылатын. Кез-келген күрделі де шиеленіскен жағдайда жеңіп шығатын қасиетке ие еді. Қай іске кіріссе де  соңына дейін жеткізбей тынбайтын. Оның өмірін шахматтағы кәсіпқой ойынмен салыстыруға болады. Мұқан Кеңесбекұлы нағыз стратег ретінде  жүрістерін алдын ала есептеп қоятын. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, оларды оқуға жіберу немесе өзімізге мықты мамандарды шақыруға ұмтылуының себебі де осы. 

Дәрігерлердің халықаралық тәжірибеден өтуіне үлкен мән берді.  Әсіресе жас, тәжірибесі аз мамандарды қамқорлығына алып, әрдайым қолдау көрсетіп, қиын жағдайларда қол ұшын созатын. Өзінің төңірегінде мықты команданы топтастыра біліп, аурухананы елдегі үздіктердің қатарына қосты.  Осы арқылы облыстық емдеу мекемесі аккредитациядан өте білді.

Міне, Түркістан облысының бас дәрігері қызметіне ауысар кезінде ұстазым маған барлық халықаралық талаптарға жауап беретін, ғылыми дәрежесі бар дәрігерлері бар мықты аурухананы тапсырып кетті.  

Облыстық басқармаға басшылық жасап тұрғанында  Мұқан Егізбаев әсіресе ауыл медицинасына айрықша көңіл бөлді. Ана мен бала өлімінің есепке алынуы мен сараптамасын тікелей бақылауында ұстады. Әрбір өлім-жітім немесе ерекше патологиялық жағдайдың анық-қанығын анықтауға өзі кірісіп, мәселенің мән-жайын толық білу үшін ауылдағы дәрігерге дейін сөйлесіп шығатын. 

Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да әрдайым назарында болды. Өзге өңірлердің облыстық ауруханаларында жоқ  қондырғылар біздегі аудандық емдеу ұйымдарынан табылатын. Әсіресе шалғайдағы аудандарға ерекше көңіл бөлді. Егізбаев науқас адам өзінің тұрғылықты мекен-жайында кәсіби алғашқы медициналық көмекті алуы тиістігіне кәміл сенді әрі сол үшін барлық жағдайды жасауға тырысты. Тіпті қажет болған жағдайда облыстық клиникалық ауруханадан жедел жәрдем көлігін жіберетін. Өз ісіне деген адалдық, жанашырлық деп осыны айт. 

Егізбаев феноменінің сыры неде? Меніңше, бұған бірнеше себепті келтіруге болады. 

Мұқан Кеңесбекұлы ең әуелі өзіне қатал талап қоятын. Өтірікті жек көретін. Оны алдауға тырысу бос әуре тірлік еді. Одан да өзіне жолығып, шынайы жағдайды баяндаған дұрыс болатын. Ол шыншыл әрі адал адамдарды әрдайым жоғары бағалайтын.

Облыстық аурухананың бас дәрігері қызметін маған тапсырғанда Мұқан Кеңесбекұлы өзінің кабинетінен шығып бара жатып, «Марат, есіңде болсын, емхана мен науқастарды қабылдау жайы – сенің бет-бейнең» деді.  Бұл - ақиқат. Емханасы мен қабылдау жағы дұрыс болмаса, адамның ол ауруханада стационарлық емделгісі келмейтіні анық.

Егізбаев  әр сағатын есептеп, жоспарлап қоятын.  Сондықтан  дәрігер, басшы, депутат, отағасы  және әлбетте, адам ретінде де барлық шаруаларға үлгеретін. Жасаған жақсылықтары үшін Мұқаңа әлі күнге дейін талай адам ризашылығын білдіріп жүр. 

Қандай қызметте болсын, ол тамыр-таныстыққа жол бермейтін. Оған ырық беру – осы уақытқа дейінгі атқарған бүкіл жұмыстарын жоюмен бірдей деп түсінді.

 Ия, пәни дүниедегі талқаны таусылғанына жылға жуықтаған  Мұқан Кеңесбекұлы өмірін медицинаға арнады. Облысымыздың денсаулық сақтау саласын республикадағы үздік етуге барын салды. Сол себепті де жұмысынан кеш қайтатын. Дегенмен, соңғы жылдары базбір адамдар айтып жүргендей емес, ол жұмысының ауыртпалығынан күйіп кеткен жоқ. Қандай қиындықтар болса да, еңсере білді, себебі өз мамандығына сүйіспеншілікпен қарады. Сонысымен барлығымызға жарқын үлгі бола білді.  

Марат Пашимов,

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы

Ата-әже туралы эссе. Назерке Серікқызы
Ақылды әйелдердің басқа әйелдерден айырмашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу