Ата-әже туралы эссе. Назерке Серікқызы

Oinet.kz 25-11-2020 6289

Ата-әже.jpg

Мені атам мен апам өсіріп бақты. Ауылда тұрдым, солардың тәрбиесін бойыма сіңірдім. Атамның мінезі жұмсақ, ал апам қатты кісі. Кішкентайымнан бетіне қарсы келіп көрмедім. Көзімді ашқалы бір тыным таппайтын. Үй мен түздің, қайнаған бар тіршіліктің тұтқасын өзі ұстады. Әрине, ол тіршіліктің ортасында мен де біте қайнастым. Жазда таң азанымен бақшадағы қарақат пен бүлдіргенді тергізетін, түске таяу үлкен мөшектерге тезек салып отын сақтайтын қораға таситынбыз. Ал кеш түсе мөңіреген бұзаудың алдынан шығамыз. Егер бір бұзау шешесін тауып алып еміп қояр болса  апамның айқайынан аулақтау жүрейін деп сол күні қас қарайғанша үйдің маңын торуылдап жүретінмін. Ол кездері апамның мінезі "ойхоооой" еді ғой шіркін.

Бірақ көңілі жайлы болған күндері мені қасына ертіп алып бала кезіндегі басынан өткен әңгімелерін баяндап беретін. Несін жасырайын, мені мектепке жетелеп апарған да, әріп үйреткен де сол кісі. Ал бертін келе өлең жазуға деген ынтамды байқағанда маған ерекше мейіріммен қарай бастады. Десе де, мен сол бір ықыласын шектен тыс пайдаланғым келмеді. Себебі, апам маған қаталдығымен ұнайтын. Студент болып қалада жүргенімде жазғы демалыс сайын ауылға барып тұрдым. Бірақ ауылдағы дәстүр бойынша ол үйге келген күні ғана  "қонақ" боласың. Ал ертесінде күнделікті графикпен екі айлық жұмысың дайын тұрады. Қыста желінген салаттан босаған банкалар, шексіз, шетсіз кілемдер, үйдегі көрпе-жастықтар, ағаларымның көлік жөндегенде киетін май-май курткалары бәрі-бәрі мені күліп қарсы алатын. Арасында үйдегі еден мен ыдыс-аяқтар да "бізге қашан қонаққа келесің?" деп сығалап қарап тұрады. 

"Бұның бәрін біз де істегенбіз, несіне елден ерекшеленіп отырсың" демеңіз. Айтпағым мүлде бөлек жағдай. Осындағы көпшілігіңіз апама ота жасалғанын білесіздер. Былтыр да бір рет пышаққа түскен еді. Ол кездері мен Алматыда жұмыста жүрдім. Бірақ туыстарым хабарласып операциядан кейін күтім керек деген соң бір сөзге келмей жұмыстан шығып кеттім де, апамның қасында болдым. Ол операциясы жақсы өткенімен көру қабілеті 50% дан да төмен болды. Басыңа түспей түсінбейді екенсің. Міне, биыл да қайтадан былтырғы көзіне операция жасалды. Қуанышымызға орай, осы жолғы отасы сәтті болып көру қабілеті қайта қалпына келе бастады. Қазір алыстан көре алады, жазуларды анық оқиды. Бір сөзбен айтқанда жанары шайдай ашылып өмірге қайта келгендей болып жүр. Біздің жүзімізді анық көргенде жылаудың сәл-ақ алдында тұрды. Аллаға сансыз шүкір! Осы бақытымызды ұзағынан етсін! Бұл тек бір көзіне жасалған операцияның нәтижесі. Бұйыртса келер айда екінші көзіне де ота жасалады. Құжаттарын тапсырып, квотаға енгізіп қойдық. Барлық жүкті жалғыз өзім көтеріп батырсынудан аулақпын. Құдайға шүкір апам көп балалы ана. Тек ұлдары ұяға, қыздары қияға қонды. Ол кісілер де әр қалада болса да күн сайын хабарласып, жағдайын сұрап тұрады. Десе де, немереден үлкені өзім болғандықтан туғалы бауырына басқан апамның алдындағы парызымды өтеуге міндеттімін! 

Бір ай бойы апамның қасында жүріп бір нәрсені түсіндім. Апам қартайыпты. Бұрынғыдай адуынды емес, "Тәубә" деп қана отырады. Бір көзіне үш дәрісін күніне 12 рет тамызамын, өзім жуындырамын, екеуміз күн ұзаққа әңгіме айтамыз, "Сұлтан Сүлейман" көреміз, жиі-жиі ыстық сорпа ішеміз. Сахары көбейіп кете ме деп көп тамақ бере бермеймін. Бірақ кейде мамадан тығылып тәтті жеп қоямыз. Бұрын бала кезімде естіген оқиғаларымды қазір қайта айтып берші деп сұрап алатын болдым. Кішкентайымда апам мені жақсы көрмейді, сондықтан көп ұрсады, көп жұмсайды деп ойлайтынмын. Ал қазір мен апамның өмірлік мектебінен өткен шәкірт екенімді түсіндім. Апамды одан бетер қатты жақсы көріп кеттім. Осы қаладағы басқа қыздарының үйіне жібергім келмейтінді шығардым. Жіберсем де кешке бәрібір өз үйіме әкеп аламын. Апам жоқ кезде үйдің іші бозарып, сұрықсыз боп кетеді. Қазір маған мүлде ұрыспайды. Тек ара-тұра "сені құтты орныңа қондырып, шөберемді көріп кетсем" дейді. Иә, айналайын апамның тілегін неге орындамасқа? Онсызда күйеу баласы дайын. Бұйыртса думан тойдың да ауылы алыс емес. Бастысы, Тәңірім қолдасын! 

Атам қазір ауылда жан-жарын сағынып әрең жүр. Күнде хабарласып "Кемпірім қалай?" деп хәлін біліп тұрады. Соңғы кездері атамнан "қалың мал" сұрап жүрмін. "Кемпірімнен аяр түгім жоқ, бүкіл дүниемді беремін" ,- дейді! Мен де осал жау емеспін ғой. Сөйтіп, атамның өз әйелін өзіне сатпақпын.

Сөз соңында, апаммен өткізген бір айда көп дүниені түсіндім. Апатайымның әр сөзі алтын, ал көз алдымда аман-сау жүргенінің өзі мереке екен!

Жастар, ешқашан ата-әже, әке-шешелеріңе "Түф" демеңдер! Ұрысқанын айналайын деп түсініңдер. Кейімеңдер, ренжімеңдер және өздерің де ренжітпеңдер! Күн ара хабарласыңдар. Алыста тұрса уақыт тауып барыңдар. Себебі, өмір сенің "ертеңіңді" күтпейді. 

Назерке Серікқызы

Жарасымды жұп құрудың 7 қағидасы
Егізбаев феноменінің сыры неде?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу