Айтылмаған сөздің өкініші

Oinet.kz 18-09-2021 1518

«Анар, неге осы күнге дейін маған бір рет те «Мен сені сүйемін» деп айтпадың? Сен мені шынымен жақсы көресің бе?..» Бұл Нариманның ақтық демі шығардан бұрынғы соңғы сөздері, маған қойған соңғы сауалдары болатын. Оған уақытында жауап бере алмағаныма өкінемін. Өмірлік махаббатымнан айырылғаныма биыл жеті жыл болды...

Screenshot_29.jpg

Бәлкім біреуге Нариман екеуміздің сезіміміз бейкүнә бала махаббат болып көрінуі мүмкін. Ал, мен үшін— нағыз сезім. Ол кезде бала болсам, қазір толысқан бойжеткенмін, оң солымды танимын деуге де болады. Ал,Нариманыма деген сезімім әлі сол қалпында.

…Ауылымыздағы мектеп 9 сыныптық болғандықтан, 10-11 сыныпты көрші ауылдағы мектепте оқыдым. Троицк орта мектебіне алғаш барған күннен-ақ білім ошағы мені бірден баурап алды. Ауыл адамдары да, мектептегі мұғалімдерім мен оқушылар жылы жүзді боп көрінді. Бәрі де қуана қарсы алып, мен де өзімді жақсы қырымнан көрсетуге тырыстым, оқу озаты болдым. Нариманмен алғаш танысқаным әлі есімде, ол мені көре сала бірінші боп танысуға асыққанын айтып, жылы сөздерімен қыз жүрегін жаулауға кіріскендей көрінді. Бір қызығы, Нариман менен бір сынып төмен оқитын. Бірақ бозбала шақтың демімен бе, білмеймін, «бір жаста тұрған ештеңе жоқ», «махаббат жасқа қарамайды» деген қағиданы ұстанатынмын. Мүмкін өзімді солай жұбатқан шығармын.Нариман сынып бөлмесінің есігінен үнемі сығалап қарап тұратын. Қоңырау уақытында хат жазып, сы ныптастарымнан беріп жіберетін немесе күнделікті тәттілер, шоколад пен әр түрлі әшекейлі бұйымдар алып келетін. Сөйтіп жүріп менде де оған деген сезім пайда бола бастады. Алғашында «бұл жай ғана бауыр басу ма, әлде шын сезім бе?» деп түсінбей, ішімнен тынып жүрдім.

Ол маған «Күзгі балда» сүйіктісі болуға ұсыныс жасады. Мені биге шақырып, әдемі әуен қойып, «Менің қызым боласың ба?» деген әсерлі сөздерін айтып, жауабымды күтті. Мен бірден «Иә» деп жауап қаттым.

Осы сәттен бастап екеуміз қыз бен жігіт ретінде жүре бастадық. Арада тамаша тәтті күндер өтті. Мен 11-сыныпқа көшкен кезде қалаға оқуға баратынын айтып, маған ренжімеуін өтінді. Иә, арамызда реніш те, ұрыс та болды. Алайда жолыққан кезде шыдамай, күліп жіберіп, татуласатынбыз. Біздің ара қатынасымыз көбіне жігіт пен қыздан гөрі, жақсы достар арасында болатын сыйластыққа ұқсайтын. Нариман сымбатты жігіт болды. Оның сырт келбетінде мін жоқ еді. Бір

қызығы, ол үнемі асығып жүретін,басында жүрісі солай ма, әлде менен қашып бара жатқаны ма деп ішімнен күліп, таңғала қарайтынмын. Бірақ өзінен сұрауды жөн көрмедім. Оқу жылы басталғанда Нариман «Петропавл теміржол колледжіне» оқуға түсті, ал мен баяғыша ҰБТ-ға дайындалып, ауыл мектебінде білім алып жаттым.

Бір күні мен оған «Нариман, жоғалып кеттің ғой. Қалаға кетіп бұрынғыдан да әдемілене түсіпсің» деп, агенттегі поштадан хабарлама жазғаным әлі есімде. Ол болса суық, «Иә, рахмет!» деп қана жауап берді. Мен көңіл-күйім түсіп, сабағыма дайындалуға кірістім. Таңертең түңгі 23:00-де келген «Анар, осы күнге дейін маған бір рет те «Мен сені сүйемін» деп неге айтпадың? Сен мені шынымен жақсы көресің бе?» деген хабарламаны оқыдым. Бір сәт аңтаң болып тұрып қалдым. Бірақ неге екені белгісіз, оған жауап жазбадым, күні бойы көңіл-күйім түсіп, сабақтан соң Нариманға хабарласуға бел будым.

Кешкі бестер шамасында сыныпта- сым «Анар, естідің бе?» деп аптыққан күйі мені сұрақтың астына алды. Аң-таңмын. «Не боп қалды, Нұрбол?» деп сұрап үлгерместен суық хабар жеткізді. «Нариман қайтыс болыпты» деді де, көз жасына ерік берді.

Сол сәтте үстімнен біреу суық су құйып жібергендей, көзім қарауытып, есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам үйде жатырмын, қасымда мен тұрып жатқан үйдегі қыз, әрі сіңілім, әрі сыныптасым Динара отыр. Ол да көз жасын тыя алмай, егіліп жылады. Мен болсам, кеудемді ащы өкініш кернеп, жүрегім қан жылаған қалпы орнымнан тұра алмай қалдым.

Нариманның өлімі оны жақсы көретін барлық жандардың қабырғасын қайыстырды, әсіресе, анасының ағасының және менің… Бұл оқиғаны оқып отырған оқырмандар «Ол қалай қайтыс болды?» деген сұрақтың жауабын іздеп отырған болар…

«Нариман, қалаға оқуға барғанда қайда тұрасың?» деп сұрағанымда, «Нағашы ағамның үйінде» деп жауап бергені есімде. Мен де солай ойлап жүрдім. Анықтай келе, ол нағашы ағасының тұрып жатқан екі қабатты зәулім үйінде емес, қасындағы бір кісілік соқыр тамда тұрғаны белгілі болды. Ағасының балалары жоқ еді, шайпау әйелі Нариманды жақтырмай, «осы үйде артық адамның жүргенін қаламаймын, үйдегі заттарды шашып тастайды» деп, шаңырағының бір бұрышын да қимапты. Нариман болса оқуының ақшасын төлеу үшін кешкілік мейрамханалардың бірінде даяршы болып жұмыс істейтін. Ол менімен бар сырымен бөлісетін шығар деп ойлайтынмын, бірақ жанына қатты батса да, бұл жағдайдан хабарым жоқ еді.

Қайтыс болардан үш күн бұрын ол түнде жұмыстан келіп, үйдің іші суып бара жатқан соң, пештің мұржасын ерте жауып тастаған. Содан ұйықтап кетіп, пеш түтінінің иісіне тұншығып, есікке қарай аяндай басса да, басы айналып, сыртқы есікті ашуға шамасы келмей, талып қалған. Осылайша, сүйгенімнен бір- ақ сәтте айырылып қалдым. Пеш түтініне тұншығып, осы өмірдің қызығын көрмей, қыршынынан қиылды. Мені іштей мазалайтыны: үш күн бойы бауырының баласын бір қарамай, үйінің есігін қағып, «бұл неге көрінбейді?» деп іздемеген, тіпті алаңдамаған ағасының қатыгездігі. Тек үш күннен бері хабар-

сыз кеткен баласына ана жүрегі лүпілдеп, ауылдан ас-ауқат алып, халін білуге барғанда ғана жерде сұлап жатқан, денесі мен басы көгеріп кеткен баласының мәйітін тапқан.

Жігітімнің жаназасына келген курстастары есімім жазылған хаттарды маған ұстатып, одан сайын ашық тұрған жараның бетіне тұз сепкендей болды. Қоштасуға барғандағы оның мұздай суық әрі көгерген

денесі көз алдымнан еш кетпейді. Сол кезде «Қазір күн суық, жер суық, жер қойнына тапсырсақ, ол тонып қалады ғой» деп егіліп жылағаным есімде. Осылайша сүйіктіме тіпті «Мен сені сүйемін» деп те айта ал-май, өкініш өзегімді өртеп, артында қала бердім. Оны осы өмірде жолықтырғаныма Аллаға мың да бір рахмет! Оның бар болғанына алғысымды айтқым келіп еді, бірақ оған да кеш… Нариманнан айырылғаннан кейін маған мектепке бару да қиынға соқты, мектептің әр қабырғасында оның сұлбасы, күлкісі, иісі сезілетіндей көрінетін. Сол кезде сынып жетекшім: «Нариман үнемі асығып жүретін, о дүниеге де асығып кетті», – деп, мені сабырға шақырған еді. Демек, оның асығып жүру себебі де осы екен ғой деген ойда қалдым.

Нариманымды әлі күнге дейін қатты сағынамын. Ол өлуге тиіс емес еді. Қыршынынан қиылып, тым жас кетті. «Аллаға да жақсы адамдар керек» демекші, қазір жаны жәннатта, мәңгілік өмірдің қызығын көріп жатқан болар деп өзімді жұбатып қоямын. Нариман қайтқаннан кейін араға жыл салып, туған ағасы өзіне қол жұмсады. Ол әр кездескенімізде «Нариман мені жиі шақырады» деп көрген түсін баяндайтын. Соңғы жазған хатында да «Анашым, мен Нариманның жанына кеттім» деп қалдырған екен. Сөйтіп кенжесінің өлімінен қан жұтып отырған ана тұңғышының қазасынан мүлде ес жия алмай қалды. Ол жағдай маған да ауыр тиді. Мұндай қасіретті ешкімнің басына бермесін. Жанымызда жүрген жақын жандарымызға қамқор болып, жылы сөздерімізді дер кезінде айтуды ұмытпайық.

Сырласу журналы

Күйеуім бірінші әйелін ұмыта алмай жүр
Мазардан шыққан сәби дауысы...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу