Күйеуім бірінші әйелін ұмыта алмай жүр

Oinet.kz 19-09-2021 2125

Screenshot_1.jpg

26 жасымда төрт ай жүрген жігітіме тұрмысқа шықтым. Күйеуім менің алдымда бір рет үйленіп, ажырасқан. Сұлу әйел еркектің соры демекші, келіншегі бірнеше еркекпен көңілдес болған деген атаққа қалып, көрші-қолаңды басына көтерген. Күйеулерін қызғанған көрші әйелдер жарыма келіп, бірнеше рет назданыпты. Әйелін өзге еркекпен өз көзімен көрмеген сүйіктім жұрттың сөзіне сенбей жүрген екен. Алайда бір күні үйге әдейі ертерек келіп, жарының көрші Айдын есімді жігітпен сүйісіп отырғанын көріп қалыпты. Осыдан кейін ауылды шулатып, Айдынды әйелімен қоса сабапты. Әрине, мұндай сұмдыққа қайсы бір еркек шыдасын. Араларына бала бітпеген соң да, ойланбастан  әлгі келіншекті үйінен қуып шығып, ажырасуға арыз берген.

Содан кейін бір жылдан соң мені кезіктіріп, төрт айдан кейін жар болуға ұсыныс жасады. Мен де босағаның оң жағында отырып қалған соң, ойлана келе “жақсы жігіт қой, сүйіп кетермін” деген оймен тұрмысқа шығуға келісімімді бердім. Әрине, оның маған дейін әйелі болғанын білсем де, оған аса мән бермеймін деп шештім. Бірақ көңіл шіркін көнши ме.

Бірнеше айдан кейін күйеуіме деген сезімім расымен де ашыла бастағандай болды. Екеуіміз ол жұмыстан келгенде сағыныса, құшақтасып көрісетін болдық, ерлі-зайыптылар  арасындағы міндетімізді де атқара алып жүрдік. Мен расымен де оның жанында өзімді бақытты сезіндім. Ол да сондай сезімде деп ойлап жүрдім. Алайда қатты қателескен екенімін.

Күні кеше ғана жұбайымның бұрынғы әйелімен ойнас болып келгенін білдім. Ең сорақысы, оны маған әлгі әйелдің өзі келіп айтты. Онысымен мені өмірлерінен кетірмек болыпты. Ал мен өзімнің жүкті екенімді айтуға мәжбүр болдым. Оны жан-жарымның өзі де білмейтін. Мұндай жаңалықтан кейін қуанышты хабарымды оған қалай айтамын? Тіпті, өмір сүргім келмей қалды.

Күйеуім жұмыстан келген бетте оған көңілдесінің барын білетінімді айттым. Ол болса, бұрынғы әйелімен тек бір рет болғанын айтып, барынша ақталуда. Қанша кешірім сұраса да, оны кешіре алмайтын сияқтымын. Бәрінен бұрын іштегі баламды аяймын. Оны әкесіз өсіргім келмейді. Бірақ мұндай сұмдықты қалай көтеремін. Қойнымда жатқан жарымның өзгеге барып жүргенін мүлде сезбей келіппін.

Сырласу журналы

Дуаланған жігіттің әңгімесі…
Айтылмаған сөздің өкініші
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу