Дөкейдің ерке қызы болсам да етікшіге тұрмысқа шықтым

Oinet.kz 23-06-2022 10472

Мен бір дөкейдің ерке қызымын. Есімім – Қаракөз. Әкемнің тоннадай табысы менің балалық шағымның алаңсыз әрі армансыз өтуіне кепілдік бола білді. Жегенім де жемегенім де үстелдің үстінде қаз-қатар тізіліп тұратын. Жеке аспазым менің қалағанымды тура көз алдымда қуырып беретін. Мені мектебіме апарып салу мен алып кетудің өзі 3 жүргізуші  мен 3 оққағардың кәдімгідей жауапты жұмысы еді. 

Screenshot_6.jpg

Біздің дұшпандарымыз үйімізге бірнеше мәрте қастандық жасаған соң, әкем мені тіпті дүкенге де жалғыз өзімді жібермейтін. Мені барынша қызғыштай қорғап өсірді. Анам Болгарияда тұрады. Әкемді тастап, Қара теңіз жағалауындағы кезекті бір демалысымызда бір болгардың жігітімен танысып, соған ес-түссіз ғашық болып қалып, соңынан кетіп қалды. 

Менің тіршілігім: бассейнде жүзу, қосымша сабақ алу, шоппинг жасау. Менің бір киімімнің өзі біреудің айлық жалақысының көрсеткішіндей еді. 

Жеке өмірде жолым болмады. Өзім қатарлы қаладағы байдың балалары кездескен кезімізде өздерінің тым нәзік, өзіндік ойы жоқ ынжық, мені қорғай алмайтын дәрменсіз екендіктерін көрсетті. Ішкендері, шеккендері, шаштарын бояп, құлақтарына сырға таққандары, татуаж салдырғандары маған мүлде ұнамай қалды. 

Антальяға ұшуыма 4-ақ сағат қалғанында қас қылғандай ең жақсы көретін туфлиімнің өкшесі «пырт» етіп сынып қалды.

- Енді нестимін, - деп басым қатып. Өкшесіз тағы жүре алмаймын. Есіктің алдында 3 көлік, 3 оққағарыммен мені әуежайға шығарып салуға тас-түйін дайын тұр.

- Жақын жерден аяқ-киім жөндейтін жер табыңдар дедім оларға зілдене бұйырып.

 Әуежайға біраз ғана қалғанда жолдың шетінде тұрған «аяқ-киім жөндеу» деген шаң басқан жазбаға көзім түсті. Ішінен еңгезердей бір жігіт шығып есігін құлттап жабайын деп жатты. 

- Тоқта дедім жүргізушімнің зәресін ұшыра сырғыта тоқтатып. Қолыма туфлиімді алып, көліктен секіріп түстім. Артымда 3 оққағарым жүгіріп келе жатты. 

- Туфлиімді жасап беріңіз дедім есігін жауып жатқан жігітке амандасусыз, бұйыра сөйлеп. Үсті аяқ-киім тие бере қажала қап-қара болып кеткен жігіт маған қарап күліп тұрып:

- Қарындас біз жабылдық қой көрмей тұрсыз ба деді қолын шүберекпен сүртіп жатып. 

- Мен Антальяға ұшып барам, маған тез туфлиімнің өкшесін жөндету керек дедім қырсығып. 

- Осы адамдар қызығи, тура жабылатын кезіңде келіп алады деді жігіт бұрқылдай ренжіп. Әп-сәтте туфлиімнің өкшесін жаңа күйіндегідей жасап берді. 

- Қарындас ақшаңыз керек емес. Жолыңыз болсын деді жігіт үйіне қайтуға асыққанын білдіріп жатып. 

- Қалай ақша керек емес дедім Kaspi нөмірін жазып алып, ақшасын аудара. Қызметін өте жоғары бағаладым. Антальяға көтеріңкі көңіл күйіммен ұшып кеттім. Жігіттің қайсарлығы, салқынқандылығы, шеберлігі, еңгезердей тұлғасы мені өзіне тәнті етті. Ұшаққа отырғанымнан бастап етікші жігітті ойлай бастадым. Ақша аударған нөмірінен WhatsApp-ын шығарып алып, «рахмет» деп жазып жібердім. Жігіт оқыды бірақ жазғаныма жауап бермеді. Қаншалықты маған көңіл аудармаған сайын, мен соншалықты қарапайым жігітті жақсы көре түстім. Жекесіне әйтеуір сылтауратып жаза бердім. Етікші жігіт мені бір күні мүлдем блокқа қойып тастады. 

Етікшіге ғашық болғаным соншама, 2 жетіге жоспарлаған демалысымды 1 жетіге шегердім. Елге тез қайтқым келді. Мені енді Жерорта теңізіндегі Анталья емес, қарапайым етікші жігіт қатты қызықтырды. 

Ұшақтан түсе салған бойда сол жігітті көруге асықтым. 

Дүңгіршегіне кіріп келсем, жігіт шамасы қарны қатты ашып кетсе керек колбаса мен батонды араластыра жеп, кола ішіп отыр екен. Жүгіріп барып жақын маңнан гриль сатып әкелдім. 

- Тағы да сіз ба не деді жігіт басын шайқаған күйі.

- Иә менмін дедім майыса жауап беріп. Жігіт бір рет үйленіп ажырасқан болып шықты. Баласы жоқ екен. Жамбыл ауданынындағы ауылдардың бірінде әке-шешесімен бірге тұратынын айтты.

Ұнатып қалғанымды сезіп, ол да маған кейін өз көңілін білдірді. 

Шығындалып той жасатпадық. Сол тойға деп берілген ақшаға жетімдер үйіне бірнеше велосипед, телевизор, ноутбук сынды тағы басқа керек жарақтарын азық-түлігімен қоса апарып беріп, үлкен үстел жасадық. Тек ұл жолдас пен қыз жолдасты куәгер ретінде шақырып некемізді қидырдық. 

Байдың қызы болған еркелігімді тыйып, Жамбыл ауданындағы ауылдардың біріне келін атандым. Дөкейдің «ерке қызы» болсам да, ризалықпен етікшіге тұрмысқа шықтым. Күнде таңғы 5-те тұрып қорадағы 7 сиырды сауам. Сүтінен құрт, айран, қатық жасаймын. Атам мен енеме сәлем салып, дәрет суын дайындаймын. Содан соң қалада аяқ-киім жөндейтін шебер күйеуіме қарай тамақ апаруға асығамын...

Шерхан Тайлақов 

Күйеуімнің көңілдесі жүкті
Күйеуінен таяқ жейтін әйелдерді ақтауға болмайды. Өздері кінәлі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу