Гүлшат Ахметова: «Әкемнен қорқып, ғашық екенімді ұнатқан адамыма айта алмадым»

Oinet.kz 17-04-2019 1144

Үш ұлдан соң дүниеге келген мені әке-шешем еркелетіп, аялап өсірді. Мектеп жасына жеткенше  тамақты жұрт қатарлы дастархан басында ішпей өзім әкемнің иығына отырып, табағымды басына қойып ішетін болыппын. Ылғи ағаларымның жанында жүргендіктен бе, өзімді қыз емес, ұл балаша сезіндім. Олар қалай сөйлесе, мен де солай сөйледім, қандай ойын ойнаса мен де соны ойнадым. Ағаларыммен жарысып, ләңгі ойнағамды айтсам бәрі маған таңырқап қарайды. Еркекке тән мінез менің бойымда қазір де қалып қойған. Көлікті өзім жүргізе беремін, бұзылып қалған жерлері болса өзім шұқылап, жөндеп ала салам. «Әке-шешем кезінде комбаин айдаған, сондықтан көлікке құмарлық, жүргізу ептілігі менің қанымда бар» деп кейде достарыма қалжыңдап қоямын.   

Screenshot_11.jpg

Ойыншықтан тарлық көрмедім. Қатал болса да жүрегі кең әкем ойыншықтың неше түрлісін алдыма үйіп-төгіп әкелді. Алайда отбасының жалғыз қызы болсам да еркеліктің шегінен шықпаппын.  Әр пенденің жүрегінің түкпірінде арманы болады емес пе? Менің асқақ  арманым әнші болу еді.  Алла Пугачева, Роза Рымбаевалардың атағы дүркіреп тұрған жылдары болу керек, өзімді солардай сезініп, ән салдым, жұлдыз санап, өз-өзімнен сұхбат алдым. Үй жинап жүрсем де, ыдыс-аяқ жусам да айғайлап ән салғанды ұнаттым. Күн сайын айғайлай беріп, көршілеріме маза  бермесем керек, мен ән салғанда көрші үйдің атасы «әтеш шақырып жатыр, барып көріңдерші жұмыртқа туды ма екен?» деп әзілдейтін. Алғашқыда неге жұмыртқа туған тауыққа теңейтінін түсінбейтін едім. Сөйтсем тауық жұмыртқа туғанда бақырып-шақырып кетеді екен ғой, әлгі атаның тауық дегені әншіге теңегенін кейін ұғындым.   Неге екенін қайдам бала күнімде тұмарға сенгіштердің бірі мен болдым. Тұмар көрсем болды, оны қасиетті тұтып, қастерлеп, аялап  ұстадым. Осы мені жамандықтан қорғайды, маған әрдайым көмектеседі дегенге нандым. Бертінге дейін тұмардың қасиеттілігіне имандай сеніп келдім. 

Screenshot_27.jpg

Әкем балаларын темірдей тәртіппен тәрбиелеген жан.  Әскери тәртіптен мен де айналып өте алмадым. Қанша ерке қыз болсам да әкемнен аяқ тартындым.  Туып өскен жерім Оңтүстік Қазақстан облысындағы кішігірім Шардара қаласында біздің заманда жастардың серуендеп, қыдыратын орындары жоқтың қасы болды. Не театр, не кинотеатр, не саябақ болмады. Сондықтан жастар айналып келіп, бір үйде бас қосып «вечер» жасаушы еді. Ал мен мектеп қабырғасында жүргенде бірде-бір рет «вечерге» барған қыз емеспін. Тәртіпті, белсенді оқушы болдым. Мәдени шаралар, сайыстарда бірінші орын ылғи маған бұйыратын.  Тек жеңістің дәмін татып үйреніп қалған мен студент атанғанда мұны да жеңемін деген сеніммен бір жарысқа қатысып, жеңіліске ұшырағанда қатты  күйзеліске түскенім есімде. Үйдегі тәртіп бойынша артық қылтың-сылтыңға салынбай түзу тұрып, түзу жүрдік. Жігіттермен сөйлесіп қалсам, бас қосуларға барып қойсам өзімді жеңіл жүрісті қызға теңейді деген қорқыныш болды менде. Дегенмен, махаббат қорқынышқа бағына ма?!. Он төрт, он бес жастан бастап  қыздар бойжетіп, қылық шығара бастайды, жігіттерге көз қырын сала бастайды ғой.  Жетінші сынып оқып жүргенімде тоғызыншы сыныптың жігітіне ғашық болдым. Оны кезіктірмей тұрып өзіме лайықты, көңіліме бірден жағатын, осы менің арманым, идеалым деп айтатын жанды біраз іздедім. Оны көргенде іздегенімді тапқандай күй кештім. Алайда, оған сезімімді білдіру мен үшін дүниедегі ең ауыр, қиын істің бірі еді. Бұл құпиямды ешкімге айта алмадым, тым болмаса хат жаза алмай кеттім. Ашыла сөйлесіп, маңдарына жолай бермегендіктен  жігіттерден маған да хат келмепті. Сырымды тек мектептегі құрбыма «мен оны ұнатамын» деп бірауыз сөзбен ғана білдірдім.  Әкемнің қабағынан қаймығып ғашық екенімді  ұнатқан адамыма айта алмадым. Ал көкейімді тесіп бара жатқан арманым -  әртіс боламын деген ой еді. Ішқұса болып, әкеме әрең дегенде ойымды жеткізгенімді әлі ұмытпаймын. Қуанышыма орай әкемнің де көксегені осы екен, өз қолымен  Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жетектеп әкелгенде, бұ дүниеде менен асқан бақытты жан жоқтай сезілді. Мені өнердің ошағына тастаған асқар тауымыздың ертерек дәм-тұзы таусылып, қызының актриса болғанын көре алмай кеткеніне аздап өкініш білдіремін кейде.    

Screenshot_26.jpg

Screenshot_30.jpg

Жастық шағымда сырымды жан баласымен бөліспей тұйықталып жүре беріппін. Қазір қыздарыма менің қателігімді жібермеңдер деп  үнемі айтып отырамын. Егер біреуді ұнатып қалсаңдар немесе біреумен ренжісіп қалсаңдар, бір ой мазалап жүрсе бүкпесіз маған айта беріңдер деп үйретемін. Ішіңдегіні ақтарып, бойың жеңіл жүргенге не жетсін? Бала күнгі жалғыз құрбымды мектеп бітіргеннен кейін кездестірген емеспін. Есесіне студент кезден бірге ойнап, бірге күліп, қуаныш-қайғымызды бөлісіп жүрген құрбым актриса  Бақыт Әліпбаевамен бүгінге дейін отбасымызбен қоян-қолтық араласып тұрамыз.

Күйеуі өлген соң әйелі маскүнемге айналды
Ескірмеген махаббат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу