Мінезді әйел күйеуінің аяғын отыз жыл жуып келіпті

Oinet.kz 08-10-2022 5288

Осыдан бірнеше жыл бұрын бірге жұмыс істеген әріптес әйел болды. Мінезі қатал. Тіпті ректорға дейін аяқ тартатын. Бетке тарс еткізіп айта салады, әрине, жөнімен. Барды бар, жоқты жоқ дейді. Жағымпаздық бойында жоқ, оны бәріміз білеміз. Алайда әзілі де қатар жүретін.

Screenshot_6.jpg

Бірде "көкесі" мықты бір келіншек кафедра меңгерушісі болып тағайындалды. Ол келіншекті бұл әйел онша ұнатпайтын. Жағымпаз, өсекші, мияулап сөйлейді, сосын сөзінің аяғын жұтып, толық айтпайтын.

Содан жан-жақтан жағымпаздар "бастық" келіншекті құттықтауға кірісті. Бізге ең қызығы жаңа бастықты мінезді әріптестің қалай құттықтайтыны болды. Жай күндері бетіне "былш" еткізіп ойын тіке айтып жүрген әріптес әйел енді қайтер екен?

Хооош, елдер сыйлыққа дейін сыйлап, "сабынсыз кіру" іс-шарасын бастап кетті))

Бәрі құттықтап болған соң, мінезді әйел жаңа бастыққа жақындады да: "Ал, біз де жағымпазданайық елмен қатар. Көкең арқылы қолың жеткен креслоң құтты болсын! Осы орынға сені лайық деп санамаймын, кешір. Сенен де мықтылар бар еді, алайда саған бұйырыпты, считается! Енді жоқ абыройды жинасаң, сенің жетістігің сол болмақ. Аман болшы..." - деді.

Күлкіміз кеп өліп бара жатсақ та, үндемедік. Ұят қой.

Мінезді әйел тағы қосып қойды: "Мені құртам деп ойлама, өзің мұрттай ұшасың", - деп, су жаңа бастыққа күле қарады.

Жаңа бастық көп істей алмады, қылыштың жүзімен жүргендей күй кешті. Жауапкершілік үлкен, мінезді әйел оны "тәрбиелеуін" қоймайды. Бәріміз айтамыз әлгі әйелге: "Ол бастық қой, қоя салыңызшы, онсыз да морально қиналып кетті", - деп әзіл-шыны аралас.

"Мені ректорға жамандап, кезінде тұқыртқаны сұмдық еді, сәл бос ұстасаң, бұл секіреді, сол себепті осылай істеймін", - деп күледі...

Ол әріптеске ректор, декан, кафмең дегендеріңнің тісі батпайды. Оқитын студентке бесін, сабаққа келмейтін "крышасы" барларға екісін қойып беретін. Бірбеткей, жаман қатып қалған. Өте білімді, сауатты. Сонысына қарамастан, студенттер оны жақсы көретін. Ерекшелігі бар, керемет білімділігімен, түсінушілігімен баурап алатын қасиетке ие болатын.

Бәрі сыртынан әңгіме қылатын: "Осы көкбетке күйеуі қалай шыдап жүр екен? Бейшара күйеуін жерге тығып, үнін шықпайтындай етіп езіп тастаған шығар? Әйтпесе, неге бізге күйеуін көрсетпейді? Мүмкін күйеуі жоқ шығар? Мына бәленің мінезі сұмдық қой?" - деген сияқты...

Басқа қызметке ауысып, ол әйелмен байланыс үзілді. Кейде хабарласып қоятынмын. Ешқашан отбасы туралы сұраған емеспін, өзі айтпаса қайтем?

Жаңа жылдың алдында сол әйелмен супермаркетте жолығысып қалдық. Сол әдемі қалпы, еш өзгермеген. Бірден таныдым. Шүйіркелесіп кеттік. Қоярда-қоймай үйіне шақырды. Әдемі көлігімен үйіне бардық. Қала шетінде жеке үйде тұрады екен. Біз келген соң, артынша жолдасы кірді. Неткен сымбатты кісі деп ойладым. Жымия амандасты. Сыртқы түрінен бір жерде үлкен қызмет атқаратыны көрініп тұр, немесе жақсы бизнеспен айналысады. Сол сәт апай оның сыртқы киімін алып, киім ілгішке іліп, ілтипат көрсете бастады, сосын маған: "Қазір келем, сен жайғаса бер", - деп, теледидарды қосып, шығып кетті...

10-15 минуттан кейін ас бөлмеге шақырды. Бірге шай қамына кірістік. 

"Отағасының аяғын жудым", - деп тырқылдай күлді. Таң қалдым. "Сен қыз таңқалма, оның аяғын жуып келе жатқаныма 30 жылдай болды", - дегенде шынында талып қала жаздадым.

"Мен оған универ бітіре сала тидім. Менің бірбеткей мінезімді ұнатқан екен. 2 жыл соңымда жүрді, мен де көкіректікке салынып, енді қалай маған жағар екенсің дегендей, бас бұрмадым. Ол да қайтпады. Білесің ғой, отличник деген атағым бар, - ахахалай күліп алды, - егер анам қайтыс болмағанда, тимес пе едім... Тағдыр ғой деп ойлаймын. Бітірген жылы анам қайтты, есеңгіреп жүрген кезімде бұл жігіт маған мықты демеу болды, бар назым мен еркелігімді, жындылығым мен бірбеткей мінезімді көтере білді. Сосын анамның жылынан соң, көзімді жұмып тидім де кеттім".

"Мен сіздің жолдасыңыз барын білмеппін", - дедім.

Ол күлді: "Ешкім білген емес, неғылам оны әлемге әйгілеп? Отбасы менікі, күйеу де менікі, отбасы құпиясы деген болады, оған әркімді араластыруға болмайды, онда отбасының қасиеті кетеді. Кез келген отбасылық кикілжіңді сыртқа жаятын адамдар, әсіресе әйелдер, отбасын жоғалту алдында деп білемін. Мені отағасы қатты сүйді, құрметтеді, аялады, ендеше неге мен кекірейе беремін? Сол алғашқы кезде: "Анамнан айырылу маған ауыр, маған зорлық көрсетпей, аялайтын болсаң, керек десең, күнде аяғыңды жуып беремін", - деп айттым. Ол күлді де: "Әрине аялаймын, бірақ сен де сөзіңде тұр, күнде аяғымды жуасың", - деп күлді. Сол бір ғана сөз шынында жүзеге асатынын білмеппін. Ертеңіне уәдемді орындайын деп, тазикке жылы су құйып, оны шақырдым. Ол ұяла-ұяла отырды. Өз күйеуім емес пе? Мені жақсы көреді, мен оны жақсы көремін. Аяғын жуудың несі айып? Сабындап қойып жууға кірістім. Оған ұнаған сияқты. Енді ұнамай ше? Біреу нәзік саусақтарымен аяғыңды жылы суда сипалап отырса!" - апай рахаттана күлді.

"Мәссаған! Сізде біз білмеген құпия көп екен!" - дедім.

"Ой, бұл отағасы деген соған үйреніп алды. Бірбеткей, мінезді менің мұндай нәрсе жасайтынымды күтпеген болса керек. Алғашқы кезде үндемей отыратын. Кейін басымнан сипап, алғысын жаудыратын болды. Мен оның аяғын жуып отырғанда әңгімелесеміз. Сондай кезде жақсы әңгімелер өрбиді. Бірде сондай әңгіменің қызығына елітіп, бір сағат аяғын жуғам ғой! Екеуіміз әбден күлдік. Отағасының мейірбандығы бір бөлек, мені аялайтынында сөз жоқ. Аллаға мың алғыс. Осы 30 жыл отасқан өмірімде оған қарсы келген емеспін, жаман сөз айтпақ түгілі. Қатты сыйлаймын, себебі ол мені аялайды, пікіріме құрметпен қарайды. "Алла сыйлаған періштем" дейді. Менің де мінезім баршылық қой, алайда мынадай салиқалы да ақылды ер азаматтың алдында өзімді басамын, лайықты болуым керек деп ойлаймын. Шынымды айтсам, бірдеңе деуге батылым жетпейді, жүзіне қараймын да, "жеңіле саламын". Талай қиын кезеңді бастан өткердік, сонда да "іщәй" дескен емеспіз. Өзара сыйластығымыз қымбат. Мені жан-жүрегімен сүйген адам ғой бұл! Мен де соған лайықты болуым керек. Ия, аяғын күнде жуамын осылай", - деп, мен білмеген сырын ақтарды.

Ойға шомып кеттім.

"Сен қыз көп ойлана берме, мінезді апай қалай аяқ жуып жүр деп. Әркім - сыйлағанның ҚҰЛЫ. Өте сыйлаймын отағасын. Бір кездері оның фирмасы банкрот болып, 2 жыл арбаны өзім сүйрегем. 3 бала кішкентай, үйді залогқа койдық. Үш жерде жұмыс істеймін, маған қысым жасалды, шет жағасын өзің де білесің, сонда да шыдадым. Соның бәрін отағасына айтпадым. Күнде екі аялдама жаяу жүретінмін, үнемдеген ақшаға редиска, укроп алатынмын. Қанша қиналсам да шыдадым. Үйдің бар шығыны - мойнымда. Үйге кеш келемін, кіре сала отағасының аяғын жуамын. Ол кейде ұялады: "Масыл болып отырып, несіне хан сияқты аяқ жуғызамын?" - деп. Жуып отырып көп алғыс есітемін. Ол айтатын: "Бағыма бұйырған періштем! Кім ойлаған мінезді арудың осылай аяқ жуып отыратынын? Кім ойлаған жұмыссыз қалған күйеуін бірбеткей қыздың мойымай асырайтынын? Сенің барыңа шүкір, Аллаға рахмет сені қосағым еткен", - деп. Ия, кейіннен аяққа тұрып, ісі алға басып, ақырындап жақсы болып кетті. Қазақстанның 7  облысында компаниясы бар. Карамағында мыңнан аса қызметкер. Шүкір осы күніме...", - деп ағынан жарылды.

"Айтпақшы, анау жаңа көлікті туған күніме сыйлады, ойламаған жерден. Әйтпесе, қызымызға, ұлымызға бір-бір көліктен мінгізді ғой. Мен таксимен жүретінмін, правам да жоқ, еш құнттамаппын. Таңертең осылай бантик таққан көлікті сыйлааап тұр ғой", - деп сықылықтай күлді...

Отағасына ұрлана қарадым. Көзінен мейірім мен даналықты көрдім. Бақытты екенін байқау қиын емес. Апай да былқылдай басып, еркелігін паш еткендей. Керемет үйлесім. Нағыз махаббат пен сыйластық!

P:S; Бір жерден оқығаным бар еді: "Әйел бойында періште де, шайтан да, ханшайым да, жалшы да қатар болады. Еркек қайсысын оятса, соны алады", - дегенді. Рап-рас екен...

Әйелдерді аялаңыздар, олардың мінезі - ер азаматтың әрекетінің жемісі. Күйеуінен зорлық пен кемсітушілікті, дөрекілік пен суықтықты көрген әйел нәзік, әдемі, бақытты бола алмайды.

Әйел гүлдей болуы үшін оны аялау керек. Сонда темірді қызған отта ұстағанда қалай исеңіз, мейірім көрген әйел де солай иіледі. Ал егер әйеліңіз беріш боп қатып қалған болса, өзіңізден көріңіз. Ондай беріш пәлекетті таңдаған ӨЗіҢіЗ!

Аман болыңыздар, әңгіме тәмәм!

Әр адам бақытты болсын!

Гүлжазира Есбол

Facebook парақшасынан

Күйеуге тиген қызды «бағы ашылды» десек, некесіз бала туған әйелге не дейміз?
Сол келіншекті әлдебір қара күштер қайта иектеп жүрмесе игі еді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу