Соқыр құдай деп қарғанатын жеңгемнің өмірі күл-талқан болды

Oinet.kz 02-11-2023 1842

Менің бір долы жеңгем болды. Тағдыр ондай әйелді ешқайсымызға кезіктірмесін, достарым. Ол тілдегенде адам түгіл, құдайдың өзін зар еңірететін.

«Қу құдай», «құлдыр құдай», «соқыр құдай» деп, құдай бейшараны тап бір өгей ұлындай құлақтан жұлқып, көзге шұқығанда, ара түсер қайрат жоқ, қарап тұрып жылағың келетін.

3-17-800x445-1-780x405-1-696x361.jpg

Ол кезде үлкендер бізге: «қарағым, тегінде құдайдан құдіретті еш нәрсе жоқ» деп үйрететін. Бірақ сонда сәби санамыз еріксіз бір нәрседен секем ала беруші еді. «Әй осы құдай жоқ-ау, бар болса Нұрқанды неге құртып жібермейді…» деп ойлайтынбыз.

Менің Нұрқан жеңгемнің де күйіп кететіні – құдайдың көзге көрінбей, тек сорлатып қана отыратыны сияқты. Егер қолына түсер болса, өзінің қара ешкісі сияқты тұмсығынан бақыртып отырып тістер еді-ау.

Егін алып жатқан кез. Бір күні іңірде кезекті ұрыс кезінде Нұрқан ағайдың сау-сағынан тістеп айрылмай қалыпты. Ағай қанша әлуетті болғанымен, ауылға «аттан» салуға мәжбүр болды. Дүрліге жетіп бардық, екеуі сіресіп тұр. «Жібер» деп жабыла жалындық, долы әйел  естіген де жоқ. Бар мақсат – екеуін жеңіл жолмен ажырату. Осы сәтте тілеуіңді бергір Кәрібай деген қаңғажақ шал: «Тұмсығын қысыңдар, тұмсығын қысыңдар», – деп айқайламасы бар ма. Көрдіңіз бе, сасқанда ақыл табар ерлер қайда десеңізші. Осы шалға ағай Нұрқаннан ұрлап бір қап бидай бергенін анық білемін.

Міне, осындай әйелдің қолына құдай түсе қалса, құлағын қыршып алмай қояды дейсіз бе.

Бұл, бұл ғана емес қой. Әлі есімде. Күн шаңқай түс. Әуе айналып жерге түседі. Түні бойы су суарған ағалар әбден титықтап келіп үйлерінде жатыр.

Біздің үйдің есігі түрулі. Шай ішіп отырмыз. Нұрқан қара ешкіні қораны айналдыра қуып жүр мөлшері саумақ болар. Ешкі деген пәле ыстыққа қандай шыдамды. Құйрығын шыбжыңдатып, өргіштеп, жүргіштеп кетеді.

Қара ешкі ойнақ салып қайқаңдай қашқанда Нұрқанды шеніне келтірер емес. Бірақ долы әйел алты айрығынан тер кетіп өршелене қуып жүр. Қарап тұрмын, екі кебіс екі жаққа ұшып кетті. Бұған қараған Нұрқан жоқ, ешкінің соңына мәсішең түсіп берді. Өкпесі күйіп өлгелі келе жатса да дауысы кісіней шығып:

– Қайқаңдаған қара қатын-ай. Қара ж…ай, – деп қара ешкіні тап бір абысынынан жаман тілдеп келеді. «Егер де қуғаны қара ешкі емес, қара ала ешкі болса қайтер еді» деп ойлап отырмын. Онда «қара ала қатын» демек қой.

Көз алдыңызға күйіп тұрған күн, қақшаңдай қашқан қара ешкі аузынан көбік шашқан долы әйелді елестетіңізші…

Ауылды он айналдыра қуған шығар. Ешкі де, әйел де, аузын ашып қылжалақтап қалды. Дегенмен, кесір кебісте екен. Нұрқан зор әйел болатын. Аяғы жеңілейіп, адымы ашыла түскен. Құйрыққа қолы әне жетіп, міне жетіп жүргенде қара ешкі жалт бұрылып, денелі әйел омақаса келіп түсті. Мен күлкіден ішегім қатып, құлап қаппын.

– Күлме, – деп зекірді әкем.

– Күлмегенде, жылаймыз ба?

Күлкім кілт тыйылып, әкеме бұртия қарадым.

– Сорлылық пен жоқшылыққа ақылы, ары бар адам күлмейді. Көмектеседі.

Мен жерге кіріп кете жаздадым… қуушы мен қашушыға көзімнің астымен қарап едім. Анау орнынан тұрып түзеліп үлгергенше, солығын баса қалған ешкі мүлде тыңайып алды. Бұрынғы бұрынғы ма, бар долылыққа енді басқан Нұрқан, ойпырай, өлермендене жүгірді. Шашы бейне құтырық әйелдей жалбырап кеткен. Өлер-тірілерді мүлдем ұмытқан. Бұрынғыдай сөз жоқ. Дауыс орнына ыңырсып қыңсылаған ба, әлде бір қиқылдап ішке қарай жұтқынған ба,  әйтеуір адам естімеген бір дыбыс шығады.

Осы кезде қара ешкіге тыңнан қосылуға мен де жеткен едім.

– Жолама, жолама. Өзім ұстамасам өксігім басылмайды, – деп жан шошитын шарқая дауыспен айқай салды. Тұрып қалдым. Қолы құйрыққа әне жетіп, міне жетіп, емешесі құрып өліп жүр.

Бір кезде ешкінің бөксесін баса барып жығылды. Өкпесінің қақ айырылып кетердей күйге жеткеніне де қараған жоқ.  Ешкіні шалқасынан салып қойып, кез келген жерінен төмпештеді-ай келіп. Жұдырық ылғи шошайған сүйектерге тиіп қан қақсады білем. Бұған онан арман күйіп кеткен әйел ешкінің тұмсығынан тістеп қатты да қалды. Ешкінің жан дауысы шығып бақырған сайын айызы қанып, мүжи түседі-ау,  мүжи түседі. Ақыры ешкіні жастанып жата кетті де, ышқынып еңірей бастады. Мен қасына келдім.

– Қойыңыз, жеңеше! Мұныңыз не, бала болдыңыз ба?

– Күнім-ау, маңдайға біткен жалғыз ғана ешкі осынша  қашаған болған соң не дейсің, бұл құдайға? Қу құдайға не қылмысым болды  екен осынша сорлы қылып жарататын? Жан бағып тұрған жалғыз ат бар еді, соқадан зорығып о да өлді, өзің білесің. Мен оны ағаң бейшарадан көріп, екеуіміз жанжалдасып, ауыл болып әзер айырдыңдар. Білемін, бұл бейшара да қашайын деп қашпайды, әуелі мен қақтаймын, онан кейін марқа болған лағы қақтайды. Желіні жара, өзі зара болған бұл бейбақ қалай қашпасын?

– Шайлық сүтті біздің үйден неге алып тұрмайсыз.

– Өйби, күнім-ай, өзіңде жоқ болғаннан кейін елге қарап емініп не қылайын.

– Біз «ел» емеспіз ғой жеңеше. Туыспыз ғой.

– Рахмет, жаным, туыстықты білген қаныңнан айналайын. Сен жассың ғой, күнім… Үлкен абысын (шешемді айтады) он ешкі, екі бұзаулы сиыр сауып отырып, біздің осы күйді көрмей жүр ме. Үлкен аға (әкемді айтады) «ей, бәйбіше, ана Сатидың үйін көрмей отырмысың, екі ешкі бер сауынға, шиеттей балалары бар» деген екен. Апаң: «Ойбай, бермеймін, Нұрқанның қолының уы бар, ол екі ешкі тірі оралмай-ды» депті… Осыдан ары қорлық бола ма?

– Нұрқан үн сала сыңсып, қыстыға еңіреді. Жаңа жығылғанда оң білегін жер сүріп кетіпті. Қан шып-шып шығып тұр. Қабырғам қайысып, жүрегім жылап кетті.

– Інітай, кейде ағаң кешке жақын егіннен келгенде шаңырақтан салбырап тұрсам деймін. Сонда өзім рақатқа бататындай болам да, балалар мен ана сорлыны сорлатып кететін сияқтымын. Олардың көз жасы мені ол дүниеде де ондырмайтындай тұрады.

Нұрқан әлі өксіп отыр, ешкіні мен ұстап тұрмын. Қан шыққан білегін сипап қояды. Ет қызуымен білмеген шығар, енді удай ашып отырған сияқты. Қандай матадан екені де мәлімсіз, әйтеуір, қысы-жазы киіп жүретін көйлегінің жеңімен көзінің ақтық жасын сүртті…

– Білегім мүлде талқандалып қалды ғой. Балалар таңа алмайды, таңып бер, күнім. Мына бейшараны сауайын тағы да. Тыпырлап өліп кете жаздайды.

Мен «құдайға» болсын, адамға болсын не десе де, не істесе де ақысы бар осынау жалбыр көйлекті әйелдің қасында ешкі жетектеп бара жаттым.

Төлеубек Жақыпбайұлы.

10 жыл тату-тәтті тұрған күйеуіммен ажырасып кетуге мәжбүр болдым...
Туған әкемді емес, өгей әкемді таңдадым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу