Қойдың басын қалай үйлестіреді?

Oinet.kz 07-11-2019 2377

Screenshot_5.jpg

Ертеде, бір мыңғырған байдың қызы, жарлы баласын сүйіп қалып, сол тақыры шыққан жарлыға тұрмысқа шығатынын əкесіне астарлап жеткізіпті. Əкесі қызының бұл қылығына алдын қарсы болып, сосын келісімін беріпті.

Қызының алдағы жай-күйіне алаңдаған əкесі малының үштен бірін бөліп беріп жайлы жасауымен, жөн-жоралғысымен ұзатыпты.

Бірнеше жұма өткен соң əлгі байдың малы кенеттен, біртіндеп қырыла бастайды. Айдың аманында қара құйындай кесірге тап болған бай көп ұзамай тақыр кедейге айналыпты.

Төбеден жай түскендей күйде қалған бейшара көрші ауылдың көреген адуынды ақсақалынан мəселенің мəнісін сұрапты.

Əлгі ақсақал, байға, малыңның құты кеткендігін айта келе, қызының жасауына қосқан малына еріп кеткен, босағада тынымсыз шəуілдек қанден-итті бай малының құты екендігін болжап беріп, сол итті қайта өзіне алдырған соң ғана шаңырағының құты келіп, берекесі кіретінін жеткізеді.

Мұны естіген бай, əлі итті алдыру үшін екі жендетін қызының аулына суыт жіберіпті.

Екі жендет, итті тауып ары қуып, бері қуып, ұстай алмай иттің əбден сілекпесін шығарып, шаршатып, ақыры өлтіріп тыныпты.

Бірақ, қанден-ит өлерінің алдында, қойлардың арасында, бір қозыны тістеп өткенін жендеттің бірі сезіп қалады.

Жендеттер болған жайды, түгел бай мен көреген ақсақалға жеткізеді.

Көреген ақсақал, бай малының құты қанден-иттен əлі қозыға өткенін айтады. Сосын Көреген ақсақалдың нұсқауымен, бай, қызының аулына қонаққа келіп, қонақасына тура сол ит тістеген қозыны сойдыртып, кəдемен келген қозының басын алдына алып, бір құлағын кесіп алып, ақ матаға орап, аулына келіп балалары мен немерелеріне бөліп беріпті.

Сол күннен бастап байдың берекесі кіріп, малының басы көбейіп, көп ұзамай қайтадан мыңғырған байға айналыпты.

Бұл жағдайдан соң, əлгі бай, кез-келген сойылған малдың басын қонаққа тартардың алдында, бір құлағын кесіп алып, ата-бабамнан келе жатқан əулиетіміздің құты, өзімізде қалсын деп, ер балаларына бөліп беріп, сосын, бір құлағы жоқ басты үйге келген қонағыма ас болсын - деп, ортаға қояды екен.

Содан бастап исі қазаққа тарап кеткен бұл дəстүр, бүгінде біреу білсе, біреу білмей, жиындарда басты екі құлағымен алып келетін жағдайлар кездесіп жатады.

Тіс пастасының пайдасы
Үтіктегі дақты кетірудің 5 жолы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу