Абай Құнанбайұлы. Тайға міндік

Oinet.kz 28-08-2019 1248

1549902246_content_700x455.jpg

Тайға міндік,

Тойға шаптық,

Жақсы киім киініп.

Үкі тақтық,

Күлкі бақтық,

Жоқ немеге сүйініп.

Күйкентай күтті,

Құс етті,

Не бітті?


Атамыз бар,

Молдамыз бар,

Айтқанына көнбедік.

Арт жағында,

Біз соған зар,

Боламыз деп білмедік.

Ұрланып қаштық,

Жолғастық,

Шуластық.


Жазу жаздық,

Хат таныдық,

Болдық азат молдадан.

Шала оқудан,

Не жарыдық,

Қалғаннан соң құр надан?

Бағасыз жастық —

Бозбастық,

Адастық.


Бозбалалық —

Қыз қарадық,

Қалжың, әзіл сөйлестік.

Ат жараттық,

Сән тараттық,

Әуейілік күйлестік.

Көңілге келер,

Кім жолар,

Кім көнер?


Қайын бардық,

Қатын алдық,

Енші тиді азғана.

Шаруа атандық,

Енді ойландық,

Қала берді бозбала.

Бұрынғы қайда?

Ойбайла —

Не пайда?

Абай Құнанбайұлы. Ата-анаға көз қуаныш
Абай Құнанбайұлы. Мен сәлем жазамын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу