Абай Құнанбайұлы. Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Саяламай, сай таппай,

Не күн туды басыңа

Күні-түні жай таппай?

Сен жайыңа жүргенмен,

Қыз өле ме бай таппай?

Түн кезгенің мақұл ма,

Жан-жағыңа жалтақтай?

Өлермін деп жүрмісің,

Мұнан басқа жан таппай?


Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сабыр түбі – сары алтын.

Сабыр қылсын, жайыңды

Білер ме екен бекзатым?

Көңіл аулап, сөз айтар

Арадағы тілхатым,

Ағын судай екпіндеп,

Лайы жоқ суатым,

Ауру да емес, сау да емес,

Құрыды әл-қуатым.


Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сана қылма бекерге.

Сан қылғанмен пайда жоқ,

Дүние даяр өтерге,

Ажал даяр жетерге.

Қош, қыз алсын қойнына,

Бейнет көрмей, дәулет жоқ.

Әлі батып кетерге,

Оныменен бойыңа

Иман, дәулет бітер ме?

Адалды сатсаң арамға,

Құдай қабыл етер ме?

Қыз сүйеді мені деп,

Оған көңіл көтерме!


Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сарқа берме санасын.

Бәрін өзің білсең де,

Әлі-ақ өзің танасың.

Өртенесің, жанасың.

Өз-өзіңнен бейнетке

Өз басыңды саласың.

Қай мезгілде тойғыздың

Аюдайын ағасын,

Қатыны мен қалашын?

Қарсақ жортпас қара адыр,

Қарамай неге шабасың?

Сонда тәуір бола ма,

Ұстап ап біреу сабасын?

Киіміңді тонасын,

Елге де күлкі боласың.


Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сағынышқа сарғайма!

Жай жүрсең де қыз қумай,

Сені біреу қарғай ма?

Қыз іздесең, қалың бер,

Мұным ақыл болмай ма?

Көріп алсаң көріктіні,

Таңдап алсаң тектіні,

Сонда да көңіл толмай ма?

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сүйелді қалай кетіруге болады?
  • Жігіт сені қолданып жүргенін білдіретін 4 фраза
  • Айна қашан пайда болды?
  • Этикет ережелері
  • Шаршаудан арылтатын рецептілер
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика