Ғасыр дерті - обыр жасарып барады

Oinet.kz 06-12-2019 1113

Жұрт атын атауға қорқатын қатерлі ісік бүгінде өршіп барады. XXI ғасырда обырға шалдыққан жандар қатарының артқаны сонша, оған ғасыр дерті деген ат таңылды. 2015 жылға дерекке сүйенсек, жыл сайын әлемде обыр ауруларының 10 миллионға дейін жаңа жағдайы анықталады. Және оның 60 пайызы, яғни 6 миллионы көз жұматын көрінеді. Өкінішке қарай, обыр дертінің жыл сайынғы орташа өсімі 5 пайызды құрап отыр. Біле білсек, бұл өте қорқынышты статистика. 

Screenshot_20.jpg

Бұл кесел неліктен белең алып кетті? Бұл сұраққа әзірге нақты жауап жоқ. Әйтсе де, білікті дәрігерлер бірнеше нұсқа ұсынды.  Сонымен, обыр неден пайда болады? Обыр кеселінің пайда болуы екі сатылы процестен тұрады деген болжам бар. Сыртқы ортаның қолайсыз әсері ағзадағы «ұйықтап» жатқан трансформацияланған (обыр) жасушасының бас көтеруіне немесе туындауына себеп болады. Осындай «ұйқыдағы» өзгермелі жасуша (немесе жасушалар тобы) ағзада ешқандай ауыру белгісін көрсетпей-ақ белгілі бір уақыт аралығында (кейде ұзақ жыл бойы- он, он бес, тіпті одан да ұзақ уақыт) өмір сүруі мүмкін. Әлдеқалай бір импульстің , сыртқы және ішкі ортаның әсері (психикалық стресс, кейбір вирусты аурулардың түрлері, кейбір химиялық заттардың ағзаға әсер етуі, мысалы, өтпелі кезеңде қалқанша бездердің тепе-теңдігінің бұзылуы, дұрыс тамақтанбау салдарынан ағзаның қарсыласу әсерінің төмендеуі, иммунды қарсыласудың әлсіреуі және т.б.) экспрессия шақырады, «ұйықтап» жатқан трансформацияланған жасушалар жедел бөліне бастайды да, бір ісік түрін туындатады.

Обыр қоздырғышы адам ағзасында ұйқыда жатады

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Қуаныш Нұрғазиевтің айтуы бойынша, бүгінгі таңда бір обыр ауруының туындауына бірсыпыра сыртқы және ішкі факторлар өзара әсер етуі мүмкін ( сәуле алу, науқастану, тұқым қуалау әсері, ағзаның иммунды қарсыласу барысындағы өзгерістер, гормондық ауан және т.б). Кейбір факторлар басқасының әсерін артыра түседі. Ісіктің даму барысында, зақымданудың жинақтау дерегі аса маңызға ие. Онкогендер мен супрессор гендерде зақымданудың жинақталуы созылмалы түрде канцерогендер мен оған ықпал етуші факторлардың болуы ісіктің үлкейіп кетуіне және соңында оның малигнизациялануы мен метастаз беруіне алып келеді. Осылайша, көптеген онкологиялық аурулар бір қалыпты, бірақ қашанда беймәлім себептерге ие: түрлі сәуле алу көздері, ағзаның белгілі бір химиялық заттармен жанасуы, белгілі бір жұқпалы фирустар, механикалық тітіркенудің қайталануы. Тұқым қуалаушылық обырдың дами түсу тәуекелін арттыруы мүмкін. Қатерлі ісік ауруларының 40 пайызын вирустар қоздырады.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша қатерлі ісік ауруларының қоздырғыштары адамға құстар мен кеміргіштерден беріледі екен. Негізінен, қоздырғыштар адам ағзасына түскеннен кейін, ұзақ уақыт ұйқыға кетеді. Белгілі бір уақыттан кейін адам денсаулығы сыр берген кезде белсенділік танытып, қатерлі ісікке жол ашады, бір сөзбен айтқанда адам бойындағы жұқпалы агенттер – вирустар, созылмалы жұқпалы аурулардың ошақтары, қоршаған ортаның жағымсыз факторлары мен салауатты өмір салтын сақтамау жағдайлары қатерлі ісіктердің туындауына мүмкіндік береді. 

Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық стамотологиялық емханасының бас дәрігері Ерғали Орманов кінә тек науқастарда ғана емес, сонымен қатар дәрігерлерден де болады дейді. Яғни, кей дәрігерлер медициналық тексеруден өтуге келген науқастарға жөнді қарамай яки нақты диагнозын қоя алмай науқасты әуре-сарсаңға салады. Осының салдарынан науқас немен ауыратынын нақты білмей уақыт создырып алады. Ауруы асқынып, дер кезінде керекті емін алмағандықтан созылмалы кеселдерге ұшырап жатады. Әрине, бұл көңіл түсіретін жайт. Кінәні тек науқасқа қана аударып қоя салмай, әрбір дәрігер өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарау керек. Ем тапай сарсылған науқасты ары-бері жүгіртпей, мүмкіндігінше мәселесін шешіп беруге тырысқан абзал. Дәрігер – ар ісі. Адам денсаулығы ойыншық емес. 

Өңеш обырының пайда болу себебі неде?

Ерғали Керімбекұлының айтуынша, қазіргі таңда өңеш обыры жасарып барады. Осы жерде өңеш обырына қысқаша түсінік бере кетсек: өңеш обыры немесе қатерлі ісігі - өңеш тінінде ісік торшалары пайда болатын қауіпті дерт. Ол қатерлі ісіктің жиі кездесетін түрлеріне жатады (5-7%) және көбінесе еркектерде, кәрі адамдарда пайда болады. Обыр өңештің төменгі және ортаңғы бөліктерін жиі зақымдайды. 

Өңеш қатерлі ісігінің дамуына ықпал ететін сыртқы факторларға дұрыс тамақтанбау, атап айтқанда өте ыстық асты шектен тыс тұтыну, темекі тарту және алкогольді шамадан артық ішу жатады. Шылымқорлық қатерлі ісіктің даму тәуекелін 2-4 есе, ал алкогольді шектен тыс тұтыну 12 есе арттырады. 

Обыр алды кеселдер ретінде өңеш ахалазиясын, Беррет өңешін атауға болады. 

Науқастың бірінші шағымы – дөрекі астың өңеш арқылы қиналып өтуін сезінуі. Дисфагия деп аталатын бұл симптом алғашқыда онша білінбейді. Өңештің басқа қатерлі емес ісіктерімен салыстырғанда өңеш обырында дисфагия өтпелі емес, тұрақты сипат иеленеді, ол науқасты қайта-қайта мазалайды. Бұған төс астының ашып ауыруы қосылады (ол ісіктің өңеш жақтауы шегінен әрі шыққанын білдіреді). 

Өңештен астың қиналып өтуін байқаған сырқаттар алдымен аса қатты тағамдардан (нан, ет, алма, картоп) бас тартады. Одан соң тек сұйық тағамдарды тұтынумен шектеледі (сүт, қаймақ, сорпа).

Сырқат қатты жүдейді (кахексия). Одан соң өңештен ас мүлдем жүрмегенде тағамды кері тастап, құсады. 

Ерекшеліктік емес симптомдар қатарына адинамия, шаршау, апатия, себепсіз субфебрилитет жатады. 

Өңеш обырының алдын алудың негізгі шарасы обыр алды кеселдерді (өңеш ахалазиясын, Беррет өңешін) дер кезінде анықтау мен емдеу болып табылады. 

Профилактикалық байқаулардан жүйелі өтіп, денсаулық бұзылысын, дөрекі тағамның қиын өтуін дәрігерге дереу хабарлау қажет. 

Сондай-ақ зиянды әдеттерден (шылым шегу, арақты шектен тыс тұтыну) бас тартып, дұрыс тағамдануға бет бұрған жөн.

Статистикалық деректер не дейді?

Дәрігерлер келтірген статистикалық деректерге сүйенсек, онкологиялык аурулар арасында 1-ші орынға – сүт безі қатерлі ісігі – 12,7%, 2-ші орынға — өкпе қатерлі ісігі – 10,1 %, 3-ші орынға асқазан қатерлі ісігі – 7,9% шыққан. Қазакстанда гематологиялык және онкологиялык аурулар бір жастан асқан балалар арасында оқыс оқиғалардан, өз-өзіне қол салудан, жарақаттан және автомобиль апатынан кейін екінші орында тұр. Өлім-жітім қаупі аурудын 3-4 кезеңінде 61 жастағы адамдар арасында, көбіне, ер адамдар арасында жиі кездеседі.

Соңғы бес жылдың ішінде республикада қатерлі ісіктермен сырқаттанушылардың абсолюттік саны ұлғайды: егер 2006 жылы 28573 сырқаттанушы болса, 2011 жылдың аяғында олардың саны 30299-ға жетті. Қатерлі ісіктермен ауыратын науқастар санының жыл сайын өсуі 5% құрайды. Соңғы бес жылдың ішінде қатерлі ісіктерден өлім көрсеткіші 2006 жылғы 100 мың халыққа шаққандағы 113,7-ден 2011 жылғы 100 мың халыққа шаққандағы 101,6-ға дейін 11,9%-ға төмендеді. Өлім көрсеткішінің төмендеуі, бірінші кезекте, қатерлі ісктерді ерте сатыларда диагностикалауды жақсартуға және емдеу нәтижелерінің тиімділігіне байланысты. Сонда да, бұл көрсеткіш әлде де болса дамыған елдердің көрсеткіштеріне жетпейді, өйткені обырдың соңғы сатыларында өлімді болдырмау мүлдем мүмкін емес. 

Республикада 2014 жылы барынша жиі кездесетін қатерлі ісіктер: сүт безі обыры (11,6%), өкпе обыры (11,4%), тері обыры (10,7%), ары қарай – асқазан обыры (8,8%), жатыр мойны обыры (4,8%), өңеш обыры (4,4%), гемобластоздар (4,4%), тоқішек обыры (4,4%) мен тік ішек обыры (4,1%) болды.

Жалпы, обыр – ең қауіпті кеселдер қатарында. Аталған кеселден алдын-ала қорғанып тұрған абзал. Ол үшін жылына кемі 1 рет скринингті тексерістен өтіп тұру керек. 

Халықаралық қатерлі ісікте зерттеу агенттігінің (GLOBOCAN 2012) мәліметтеріне сенсек, қатерлі ісікке ең көп шалдығатындар үлесі Қытайда екен. Онда 2012 жылы 2 205 904 адам аты жаман аурумен күресіпті. Ары қарай статистика төмендегідей:

1. Қытай – 2 205 904

2. Үндістан – 682 830

3. АҚШ – 617 229

4. Жапония – 378 636

5. Ресей – 295 357

100 мың адамға шаққандағы обырдан болатын орташа өлім көрсеткіші (аталған 5 мемлекетте)

1. Ресей – 122,5

2. Қытай – 122,2

3. АҚШ – 105,8

4. Жапония – 93,8

5. Үндістан – 64,5

Туа сала өлетін немесе 75 жасқа дейін ісікке шалдығатын дүние есігін жаңа ашқан сәбилер үлесінің пайызы

1. Ресей – 13,69 %

2. Қытай – 11,48 %

3. АҚШ – 11,21 %

4. Жапония – 9,29 %

5. Үндістан – 7,12 %

Мұрағаттан, 2017 ж

Аллергия жас талғамайды
Дәрінің әсері қай кезде әлсіз болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу