Көктайғақтан қалай сақтану керек?

Oinet.kz 25-12-2019 5355

Қыстың көзі қырауда жазатайым сүрініп кетіп, құлап, жарақат алғандардың саны артып кетеді. Осы мезгілде түнгі аяз жердің бетін қатырып, кеше ғана жүріп өткен жолымыз айнадай жарқырап, көктайғаққа айналады. Мұндайда ғимараттардың алдындағы тепкішектерден алаңсыз адымдау да қауіпті. Жерасты жолдарының тепкішектері аязды күні мұз құрсанып қалса, ол да жаман. Жүргіншілердің табанымен тапталып, көк мұзға айналған аялдама алдында көлікке ілігем деп ұмтылып, оңбай құлап денесін жарақаттап алатындар да кездеседі. Ал, мұндай кезде жазатайым жағдайлардан қалай сақтануға болады?

Screenshot_3.jpg

Көктайғақ кезінде зардап шеккіңіз келмесе, келесі ережелерді орындаңыз:

- аяқ киіміңізге көңіл аударыңыз;

- сырғанамайтын, табанында ұсақ өрнектері бар аяқкиімдерді таңдаңыз, сән қуушылардың биік өкшелі аяқ киімдерін кимегені жөн; 

- аяқ астына қараңыз, қауіпті жерлермен жүрмеңіз;

- егер мұзды жерді айналып өту мүмкін болмаса, шаңғышы сияқты қысқа адымдармен жүріңіз;

- жолдың келесі бетіне өтетін жерлерде абай болыңыз, асықпаңыз, жүгірмеңіз; 

- ылдилы жерлерден айналып өтуге тырысыңыз; 

- аяғыңызды тізеден бос ұстап, табаңыңызды нық төсеп жүріңіз; 

- мүмкіндігінше қолдарыңыз бос болсын, ауыр сөмкелер ұстамауға тырысыңыз;

- қолды қалтаға салып жүру құлау қаупін ұлғайтады; 

- егер тайып кетсеңіз, ауыр жарақат алмас үшін жүрелеп отыра қалуға ұмтылыңыз; 

- құлаған кезде қатты соққы алмас үшін бүктетіліп, аунап түсуге тырысыңыз; 

- құлаған кезде қолыңыздағы заттың емес, өзіңіздің аман қалуыңызды ойлаңыз; 

- құлаған соң орныңыздан бірден көтерілмей, жарақат алмағаныңызға көз жеткізіп, жаныңыздағылардан көмек сұраңыз. 

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ! Әсіресе арқамен құлау, шалқасынан құлау ең қауіпті болып табылады, себебі, осы кезде мидың шайқалуы мүмкін. Жарақат алған кезде міндетті түрде жедел жәрдем қызметіне хабарласу қажет.

Ш.ҚОЖАҚОВА,

№1 Шымкент қалалық емханасының СӨСҚ дәрігері

Болашақтың медициналық киімі қандай болады?
Қыста ағзаға қандай дәрумен қажет?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу