«Мен – тірімін!». Ракты жеңген әйел

Oinet.kz 01-01-2020 1013

c01dc095fed8e264d42ecda7e5a1d8f5.jpg

Денім сау кезде менде «рак» жазылмайтын дерт, одан  адамдар өледі деген стереотип қалыптасқан болатын.  58 жасымда  онымен бетпе-бет кездескеннен кейін ол кері жағдайды дәлелдеді.  Өмір сүргің келсе, керек болса өзіңмен, тіпті тағдырыңмен де күресуіңе тура келеді. Диагноз анықталмай тұрып, бір жылдың ішінде  анамнан, әкемнен, інімнен, жездемнен – ең жақын адамдарымнан айрылдым. Мен үшін бұл үлкен соққы болды.  Кейде сол күйзелістен пайда болған дерт шығар деп те ойлаймын... 

Алғашқы белгі – асқазаным ауырып, жүрегім айнып, өзімді нашар сезіндім. Мүмкін дұрыс тамақтанбағандықтан болар деп ойладым. Дегенмен, денсаулығымның күннен-күнге нашарлап  бара  жатқанын көріп, күйеуім ауруханаға апарды.  Бірақ, дәрігер диагноз туралы ашық бірдеңе айтпады. «Сізге жедел түрде ота жасау қажет»,- деді. Ол осыдан бес жыл бұрын болатын. Кейін тоқ ішегімде қатерлі ісік бары анықталды.  «Ішегіңіз шіріп кеткен, 5-6 күн өміріңіз қалды»,- деді дәрігер. Сол сәтте барлығы түсім сияқты болып көрінді. Екі қызым,  ұлым бұл диагнозды естіп жылап, санаулы күн қалды деген дәрігерлерге бір ашуланып, бір өмірге қапаланды. Мен сол кезде өзімді емес, балаларымның қиналғанын көріп еңсем түсіп, жүрегім ауырды. Бұл диагнозды естуге  мен де, отбасымда дайын емес едік.

Оңтүстік Корея қатерлі ісікті емдеуде үлкен жетістіктерге жеткен, медицина саласы озық деңгейде деп үлкен ұлым айтты.  Емделуге кетемін деп жүргенде, Алматыдағы онкологиялық орталықтың мамандары шетелдегі дәрігерлерден артық білмесе кем білмейді деген пікірлерді естіп, сонда барып көргім келді. Расында да елімізде білікті дәрігерлері бар екен.  Онколог хирургтар маған ота жасап, ісікті алып тастады. Тоқ ішегімнің 70 жерін тікті. Ол кезде  қандай ауыр халде болғаным айтпаса да түсінікті шығар. Отадан кейін маған химиотерапия тағайындалды. Одан кейін өзім де ізденіп, әр түрлі ем қабылдадым. Көптеген ем қабылдаулардың, сонымен қатар дәрігерлердің арқасында аурудан толықтай  айықтым. 

Дәрігерлер де адамдар ғой, олар да қателесуі мүмкін. Сондықтан  санаулы күндеріңіз қалды деп айтқан күннің өзінде оңайлықпен  берілмеу қажет. Негізі рак клеткасы әр адамда бар. Бұллар дұрыс жетілмеген, мутацияланған клеткалар саналады. Дұрыс тамақтанбаса, қарсы реакция беріп, ауру тудырады. Онымен күресу үшін адамның иммунитеті мықты болу керек. Мықты иммунитет рак клеткаларымен күресіп, жеңеді. Сондықтан иммундық жүйені күшейтетін витаминдерді көп ішкен жөн. Жеміс-жидекті көп жей бастадым.  Бір түйгенім – адам денсаулығын жыл сайын тексертіп, жыл сайын толық ультрадыбыстық тексеруден өтіп, қан және кіші дәрет анализдерін жасатып отырғаны абзал. Стресс рак клеткаларын оятып жібереді. Стрестік жағдайларға түсіп қалмау жағын ойлау керек.

Елімізде онкологиялық орталықтар жақсы дамыған, мамандары да жоғары санатты дәрігерлер екен. Маған ота жасаған дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Қазақстан – ТМД аумағындағы онкологиялық ауруларды тегін емдейтін жалғыз ел. Қатерлі ісікті емдеу үшін азаматтардан бір тиын да алынбайды. Дегенмен, ақшаң болмаса, жақсы таныстарың болмаған жағдайда саған жоғары дәрежеде қарайды деп айта алмаймын. Мүмкін, менің пікіріме қарсы келетіндер бар шығар. Әу баста  емханада ауыр халде жатқанымда  маған ешкім дұрыс қарамаған. Егер менің лауазымды қызметте жұмыс істейтін туысқандарым, ақшам болмаса маған жақсы қарамауын жалғастыратын еді деген ойда қалдым. Әрине бұл өткен күндердің еншісінде. Бұл сөзіммен ешкімнің көңіліне тигім келмейді. Бірақ, бұл рас нәрсе!

Өмірге деген күрес болып жатқан жағдайларды ой елегінен өткізуге көмектесті. Мен күйгелектеуді азайттым, салмақтырақ бола бастадым. Бір нәрсе істелмесе, «жарайды, ертең жасалармын» деп өз-өзімді сабырға шақырамын. Ал бұрын қалайда тап қазыр, бүгін істеуім керек деп шыж-быж болатынмын... 

Мен сіздерге басымнан өткен оқиғамды бөлісіп отырмын, маған тоқ ішектің қатерлі ісігі диагнозын қойды және бес күн өміріңіз қалды деген еді. Бес күн емес, бес жыл өтті. Ал, мен тірімін! Еңселеріңізді түсірмеңіздер! Өмір – күрес, аурумен де соңына дейін күресу керек. Әлі-ақ жазылып кетесіздер.... 

Мағрипа ҚАРАБЕКОВА

Тараз қаласы 

Қыста спорттың қай түрімен айналысқан дұрыс?
Ерте анықталған обырдың емі қонымды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу