Отбасылық дәрігер деген кім?

Oinet.kz 10-01-2020 1979

1517051747_shutterstock_582450928-731x488.jpg

Шетелдік киноларды тамашалап отырсаңыз, отбасының бір мүшесі ауыра қалған жағдайда дереу дәрігерге қоңырау шалып, үйге шақыртады. Бір сөзге келместен науқастың дереу жетіп келген ақ халатты оны тексеріп, ем-шара жүргізіп кетеді. Отбасыдағы еңкейген қариядан еңбектеген баласына дейін танитын бұл медицина маманы отбасылық дәрігер деп аталады. Әулеттің кез-келген мүшесі басы аурып немесе жарақаттанып қалса, жүрегі сыздап, бүйрегі сыр берсе де тұрақты бір дәрігерге қаралады. Емдеу емес емдеуге дейінгі іске көбірек қаржы бөліп, айрықша мән беретін Еуропа емханаларында аталмыш тәжірибе 1980 жылдары енгізіле бастаған. Бүгінде әрбір шетелдік отбасының «жеке меншік» дәрігері бар. Бір әулеттің денсаулығына жауапты бұл мамандық иесінің арқалаған жүгі ауыр.

Отбасылық дәрігер кім?

Отбасылық дәрігер – әмбебап дәрігер. Оның міндеті – учаскеде тіркелген тұрғындарға тек емханада ғана емес, қажет кезде үйде де медициналық көмек көрсетіп, отбасының медициналық-әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу. Отбасы мүшелерін жан-жақты тексеріп, тиісті кешенді ем шараларын уақытылы жүргізіп отыру. Олардың ұстанымы – ана сүтімен қоректену, жаңа туған нәрестенің денсаулығын 5 жасқа дейін жүйелі бақылау, сондай-ақ баланың ыстығы көтеріліп, ауыра қалған жағдайда дәрінің орнына су ішкізу, 1 жасқа дейінгі бала күтімін жасауды ата-анаға үйрету, оларды тәрбиелеу.

Отбасылық дәрігерлік тәжірибе ісінің басты тиімділігі – оның жан-жақтылығында. Мәселен, отбасылық дәрігер баланы емдеу үшін оның әке-шешесін, ата-әжесін  де бірге қарап, оған диагноз қою үшін оның отбасын толық қарап, зерттеп, тексереді. Жанұяда созылмалы ауру болса немесе тұқымқуалаушылық арқылы берілетін аурулар болса, баланың оған бейімділігін анықтайды. Тексеру барысында өзгелерден қандай да бір ауру анықталса оны да кешенді  емдейді.

Отбасылық дәрігердің қатардағы дәрігерлерден мәртебесінің биік болуы оның тәлімгерлік сипатында деуге болады. Әмбебап маман науқастарды емдеп қана қоймай ауырмаудың жолын айтып, түрлі кеңестер береді. Бір сөзбен айтқанда отбасылық дәрігер – терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, лор, кардиолог, хирург. Ол науқастың жынысына, жасына және ауру түріне қарамастан білікті көмек көрсетуге міндетті. Отбасылық дәрігер бүгінде әлеуметтік бағытталған және медициналық мәселелерді ғана шешіп қоймайды, сонымен бірге, пациенттің өмір сапасы бойынша қамқорлық танытады. Себебі, адамдардың денсаулық жағдайы олардың әлеуметтік әл-ауқаттарына да байланысты.

Көппрофильді дәрігерлер тапшы

Бірнеше маманның қызметін көрсететін бесаспап дәрігер, яғни обасылық дәрігерлік тәжірибесі шетелдік емханалардың барлығына енгізілген. Әр кабинеттің есігін тоздырып, бір дәрігерге қаралу үшін сағаттап кезекте тұрудың жолын кескен жүйенің тиімділігіне шетелдік денсаулық сақтау саласының мамандары ғана емес, сонымен қатар тұрғындарының да көздері жеткен. Сондықтан сұраныс артқан көппрофильді дәрігер мамандығы жоғары оқу орындарында оқытылып, емханаларды отбасылық дәрігерлермен толығымен қамтамасыз ету қолға алынған.

Тәжірибе алмасуға қашанда құштар келетін Қазақстан да аталған жүйені бірте-бірте халық санасына құюды бастады. Елімізде ұлтымыздың құлағына жат естілген алғашқы отбасылық дәрігерлер жұмыс істейтін емхана 1989 жылы Алматы қаласында ашылды. Оның ішінде жалпы тәжірибе және отбасы дәрігері бөлімшелері іске қосылды. Республиканың өзге аймақтарында да отбасылық дәрігер медицинасы дами бастады. Барлық емханалар үйге барып қызмет көрсететін маманмен қамтылмаса да ірі қалалардан бұл мамандық иелерін кездестіруге болады.

Ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын сілтейтін ақ халатты абзал жандардың саны мен сапасын көтеру мақсатында Елбасы  «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстарды қолға алу керектігін атап өткен болатын. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен елімізде жаңа реформа – отбасылық дәрігерлік (жалпы тәжірибелі дәрігер) қызметі енгізілді. Жоба аясында учаскелік терапевт және педиатр мамандары «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша қайта даярлау курстарынан өтті. Дегенмен, республикада отбасылық дәрігелер тапшы. Сарапшылардың мәліметінше медициналық университетті жылына бес жүзге жуық студент бітіріп шықса, оның тек жартысы ғана отбасылық дәрігер болуға ниет танытады екен. Салдарынан республика бойынша он мыңға жуық  отбасылық дәрігер  қажеттігі туындап отыр.

Осы ретте айта кетейік, бүгінде Дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымы жұмыс істейді. Оған 102 елдің 300 мыңнан астам отбасылық дәрігері кіреді. Ұйым мүшелері әлем халқының 90 пайызына көмек көрсетеді. Еліміздің отбасылық  дәрігерлер ассоциациясы ТМД елдерінің ішінде бірінші болып аталған ұйымға мүшелікке өткен.

Отбасылық дәрігер бізге қажет пе?

Жағымсыз түс көріп шошыса да, басы ауырып, балтыры сыздаса да бақсы-балгерді жағалап, түрлі шөп-шалам мен дем салынған «дәрілермен» емделетін әдетінен  арыла алмай отырған қазаққа отбасылық дәрігер қажет пе? Аурудың алғашқы белгілері пайда болып, жанымызға бата бастағанын сезінсек те мән бермейтініміз жасырын емес. Тек өңіміз қуарып, ауру батпандап кіргенде ғана әрекетке көшеміз. Оның өзінде ақ халаттыларға бармай алдымен халық емшілерінің табалдырын тоздырамыз. «Сүфі-сүфілеп» берген шөптерді ішкеннен кейін дауа таппағасын, кесел әбден асқынған кезде соңғы есік – дәрігерге қараламыз.

Бес саусақ бірдей емес, дегенмен арамызда арнайы медициналық білімі бар ақ халаттылардан гөрі қолына тәспі тартып, ақ шапан жамылғандарға көбірек сенім артатындардың бары рас. Тіпті олардың қатарында оған көкірек көзі ояу, оқыған азаматтарымыз да бар. Бала жылай берсе, невропатолог дәрігерге емес, «қазақшылыққа көрсетсеңдерші» деп кеңес беретіндердің көптігі де соның бір айғағы болса керек. Дегенмен, бұған біржақтама баға беруге болмайды. Бұған басты себептің бірі – дәрігерлердің дұрыс диагноз қою алмауы болса керек. Бүгінде жазылып шыққан науқастың қайсысынан сұрасаңыз да 10 адамның 7-8-і медицина мамандарының диагнозын бірден таба алмағанын не дұрыс қоймағанын айтады. Сосын әрине, осындай жағдайларды естіген, не басынан өткерген жандар өз бетінше емделу жолдарын іздеуге көшеді. Туған-туыстарына да сондай кеңес беруге дайын тұрады. Мұндайда қашан барсаң да қызметі әзір бақсы-балгерлер тұрғындардың ішкі жан-дүниесін өздеріне бағындыруды жақсы меңгерген. Олардың арасында қай жерің ауырып тұрғанын жылы-жылы сөйлеп отырып-ақ өзіңнен сұрап алып, өз бетінше диагноз қоя беретіндері жетіп артылады. Рас, УДЗ сияқты медициналық аппаратқа түсіп, қорытындысын алып келуді сұрайтындары да бар.

Тәуіптердің үйілерінің есіктері алдын күзетіп, кезек күтіп тұратындар, алдын ала екі-үш күн бұрын жазылып қойып, қабылдауына кіретіндер аз емес. Бұл біздің әлі де ауырып ем іздегенше айырмайтын жол іздемейтіндігіміздің айқын көрінісі. Әрине, мұндайда бақсы-балгерлердің орнын көппрофильді отбасылық дәрігерлер басса құба-құп.

Емханаға тексерілуге әрең келетін тұрғындарға отбасылық дәрігер қызметі әлдеқайда тиімдірек болар еді. Себебі отбасылық дәрігер ауруды өткізіп барып емделуге кірісетін пациенттердің қатарын сиретуге септігін тигізбек. Ал әмбебап дәрігерге  науқастың сенім артуы  ол  маманның білімі мен біліктілігіне байланысты дүние.   

«Жалпы тәжірибелі дәрігер» жүйесінен не күтеміз?

Басты байлық – денсаулыққа ең алдымен адам өзі жауапты. Одан кейін дәрігер. Шетелдік медицинаның қағидасы осындай. Сондықтан кейбір көршілес елдер, мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттер тұрғындары өздерінің және жақындарының дендерінің саулығын өз мойындарына алған отбасылық дәрігерлерге сеніп тапсырады. Еуропаның тәжірибесін енгізгенімізбен, отбасылық дәрігерге деген тұрғындардың сенімін ұлғайта алмай жатқан біздің елімізде де «жалпы тәжірибелі дәрігер» жүйесін одан әрі дамыта берсек жұқпалы, созылмалы, әлеуметтік маңызы бар дертке шалдыққандардың қатары сиреп, салауатты өмір салтын ұстанушылар көбейер еді. Елбасы айтқан шығыны көп емдеуден гөрі аурудың алдын алудың бірден-бір жолы – осы болса керек. Қалай болғанда да аталы сөзге тоқтайтын кез жеткен секілді: Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!

Как не заболеть весной? 9 советов врача-терапевта
Ревматизм және одан емделу жолдары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу