Жатыр мойны қатерлі ісігі тек медициналық проблема емес, әлеуметтік маңызды мәселе

Oinet.kz 16-06-2018 759

Оңтүстік  Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында өңіріміздегі гинеколог, онкогинеколог мамандардың біліктіліктерін арттыру үшін «Эндоскопиялық гинекология заманауи әдістерінің онкология мен репродуктивті медицинадағы мүмкіндіктері» атты арнайы шеберлік сабағы өткізілуде. Мамандар гинекологиялық зерттеудің заманауи әдіс тәсілдері мен эндоскопия мен экзоскопиялық технологияларды меңгере отырып, жатыр ауруларының асқынуларын емдеу тәсілдерін үйренуде.

Screenshot_40.jpg

Жыл сайын төрткүл дүниеде жатыр мойны қатерлі ісігімен 500 мыңға жуық адам ауырса, соның 250 мыңдайы осы аурудан көз жұмады екен. Ал жыл сайын 100 мың адамның 35-і осы дертке шалдығады. Бұл дерттің өршуі бойынша ТМД елдері ішінде бірінші орында Қырғызстан, екінші – Украина. Ал Қазақстан алғашқы үштікті қорытындылап  тұрған көрінеді. Ұлттық академияның академигі Диляра Қайдарованың айтуынша, онкогинекология, жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алуда жетістіктердің бар болуына қарамастан, гинекологиялық обыр мәселесі өзекті болып тұр. «Елімізде жатыр мойыны қатерлі  ісігінің алдын-алу жөніндегі жақсы ұйымдастырылған іс-шаралар, диагностика және емдеу кезеңдеріндегі амал-тәсілдердің жетіле түсуі бұл дерттің ауырпалығын жеңілдетуге мүмкіндік береді», – дейді ол.

Шеберлік сабағын мәскеулік медицина ғылымдарының докторы Лаура Каппушева және Қазақ онкология ғылыми зерттеу институты мен Қазақ репродуктивті медицина ассоциациясының білікті дәрігері Ерлан Қайырлыұлы өткізуде.

«Бүгінгі семинар өте маңызды тақырыпқа арналып жатыр. Ол онкогинекологиялық ауруға арналып отыр. Әйелдер қауымына айтарым  жылына бір рет скринингтік  тексеруден өтіп денсаулығына бей-жәй қарамауын сұранамын. Себебі көп жағдайда әйелдер 3-4-ші  кезеңде келеді. Ол кезде жазылып кету үлкен қиындық тудыратыны белгілі.  Жатыр мойны қатерлі ісігі тек медициналық проблема емес. Ол әлеуметтік маңызды мәселелердің бірі. Неге десеңіз, әлемде бұл жаман аурудың статистикасы көбейіп жатқанын көріп жатырмыз. Семинарда алған білімдердің дәрігерлерге берер пайдасы зор. Мамандар арасындағы нәтижелі тәжірибе алмасу әйелдер қауымы денсаулығының сақталуы мен гинекологиялық және онкологиялық көмек сапасының жақсаруына, жәрдемдесетініне кәміл сенемін»-дейді  профессор Лаура Каппушева.

 Ресейден келген профессормен бірге алматылық дәрігерлердің жасаған отасы сол сәтте видео арқылы конференцияға қатысушылар назарына ұсынылды. Жоғары білікті дәрігерлерден бөлек оқыту сабағына медбикелер де қатысуда. Шеберлік сабағын өткізудегі басты мақсат клиникалық жағдайда эндоскопиялық құрылғыларды қолдануда қауіпсіздікті сақтау болып табылады. 

Айта кетейік, эндоскопиялық гинекология мектебі 6- сәуірге дейін Шымкентте тәжірибе алмасу жұмыстарын жалғастырады. Осы күндері жоғары санатты мамандар Оңтүстік тұрғындарын тегін скринингтік тексеруден өткізеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес жатыр мойны ісігі аурулар арасында екінші орында тұр. Мамандар алдын алу жұмыстарын жүргізіп, диагноз қоюды жетілдіргенде және емдеу ісін дұрыс ұйымдастырғанда аталған дерттің алдын алуға болады деп есептейді.

Дана ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ 

Менингит деген қандай ауру?
Бүйрексіз де өмір сүруге болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу