Түркістан қалалық емханасы қосымша 30 мың науқасты қабылдауға дайын

Oinet.kz 16-06-2018 962

200 мыңға жуық халқы бар көне шаһар Түркістанда бүгінгі таңда медицина саласы қарқынды дамып келеді. Қаладағы емдеу мекемелерінің  Президенттің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында толығымен ақпараттық жүйеге көшіп жатқандығы көңілді қуантады. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырған Түркістан қалалық емханасы бүгінде қағазбастылықтан арылып, электронды жүйеге толығымен көшкен. «Цифландыру бағытында айтарлықтай жетістікке жетіп отырмыз. Нақтылайтын болсақ, қазіргі таңда тұрғындардың 99,8 пайызының электрондық төлқұжатын енгіздік. 100 пайыз әлеуметтік мәртебесін анықтадық. Сонымен қатар 10 есептік нысандарды қағаз айналымнан шығарып тастадық. Алдағы уақытта құжаттардың барлығын электронды нұсқаға өткізуді жоспарлап отырмыз»,- деген емхананың бас дәрігері Бейбіт Төреханов туристік қалаға ұйымдастырылған пресс-тур барысында бізді  жаңа емдеу мекемесінің жұмысымен толығырақ таныстырды.  

Screenshot_50.jpg

Емханаға кірген бойда тазалық бірден көзге ұрады. Барлық зат өз орнында айнадай жарқырап тұр. Ығы-жығы адамды да көрмейсің. Standing терминалы арқылы электронды түрде дәрігерге жазылған пацинеттер мамандардан  кезегімен кеңес алып жатыр. Электронды кезектің тиімділігіне пацинеттер де бой үйрете бастағандай. «Осыдан бір жыл бұрын  дәрігерге таңертеңнен келіп кезекке тұратын едік. Кезек көп болатын. Күтуден жүйкесі сыр бергендер шу шығарып жататын. Ал қазір үкімет барлығын реттеп қойды. Ешкіммен ұрысып-таласпай терминалдан нөмір алып,  кіре береміз. Алдыңда қанша адам бар, қанша уақыт күтуің керектігі барлығы талонда жазылып тұрады. Дәрігерлер науқастарды жылы жүзбен қарсы алып, сапалы қызмет көрсетуде. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Артериалды қан қысымы және ревматизм сырқаттары бойынша есепте тұрамын. Ревматолог, неврапологқа үзбей қаралып тұрамын. Тегін дәрілерді де уақытылы аламыз. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда денсаулық саласы әлдеқайда дамып кетті. Бастысы барлығы халық үшін жасалынып жатыр»,- дейді қала тұрғыны Салима Байбатырова. 

Аталған ғимарат 2013 жылы пайдалануға берілген. Қазір емхана  186 мың 596 тұрғынға қызмет көрсетеді. Құрамында 41 педиаторлық участок, 52 жалпы тәжірибелік аймақ және 25 терпиялық участок қызмет атқарады. Одан бөлек екі бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулатория және 4 медпункт қалалықтар үшін жұмыс істеуде. 359 дәрігер, 866 орта буынды медицина қызметкерлерінен құралған ұжымның 78 пайызы I, II, III санатты мамандар. Ел саулығын жақсартуда дәрігерлердің біліктілігімен қатар құрал-жабдық, заманауи аппараттардың көмегі басым. Байқағанымыздай мұнда он екі мүшеңді толығымен зерттеп, ем жүргізетін аппараттармен толығымен қамтамасыз етілген. 

Алдымен әйелдер кеңес алу бөліміне бас сұқтық. Мұнда әйелдерге акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетіледі, яғни жүктіліктің асқынуын, босану кезіндегі, босанғаннан кейінгі ем-шаралар, жасөспірім-қыздар мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын түзетеді. «Жанұяны жоспарлау» кабинетінде орналасқан видеокольпоскопия аппараты әйелдердегі  қатерлі ісікті анықтайды екен. «Емханаға 45 мың туу жасындағы әйелдер тіркелген. Әр алты ай сайын жатырдың қатерлі ісігін алдын алу мақсатында скринингтік тексерулер өткізіп тұрамыз. Ал аталған ауру видеокольпоскопия аппараты арқылы анықталады. Егер дерт анықталған жағдайда сауықтыру бөлмесінде одан әрменгі емдеу шаралары жасалады. Онкологиялық аурудың үшінші сатысы табылса, облыс орталығына жібереміз. Заманауи аппараттың көмегімен орталықта кіші аборттар жасалады. Жасөспірім қыздардың арасында аборт жасататындар ара-тұра кездесіп тұрады. Жаза басқан қыздармен психолог, социолог, акушер-гинекологтар тығыз жұмыс жасайды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін мамандарымыз апта сайын мектеп, колледжерге шығып ерте жыныстық қатынастың, ерте жүктіліктің және аборт жасаудың зияндарын түсіндіреді. Семинар, «дөңгелек үстел» шараларын тұрақты өткізудің нәтижесінде соңғы үш жылда мұндай оқиға орын алған жоқ. Біздің басты – мақсатымыз ана мен бала денсаулығын жақсарту. Әсіресе әйелдердің жүктілік кезеңіне аса мән береміз. Жүктілік кезінде пациенттердің  вирустық инфекцияларды жұқтыру қаупі жоғары болады. Инфекция табылған жағдайда  28  бен 36 аптасында емдейміз. Ол жүктіліктің үшінші семестрі болып саналады. Ол кезде бала толығымен дамып жетіледі де дәрі-дәрмектің шаранаға зияны болмайды. Сондай-ақ болашақ ананың аллергиясы болмаса жүктіліктің 24-34 аптасы аралығында тұмауға қарсы вакцина егіледі. Туу жасындағы әйелдердің арасында қазіргі таңда миома, эрозия, жатыр мойнының қатерлі ісігі секілді аурулар жиі кездеседі. Орталықта осындай ауруларды емдеп, жазуға толық мүмкіндік бар»,- дейді Ана және бала денсаулығын қорғау жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Динара Бердіқұлова. 

Бүгінде емханада 49732 бала тіркелген екен. Түркістанның халқы жыл санап өсіп келе жатқандығы бізге қиындық тудырмайды, тағы 20-30 мың пацинетті қабылдауға мүмкіншілігіміз бар дейді I санатты гинеколог Динара Махамбетқызы. 

Жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамырлары аурулары құрайды екен. Ауруды болдырмаудың дұрыс жолы – алдын алу. Облыстағы жетекші емханалардың қатарына кіретін мекемеде жүрек ауруларын анықтайтын соңғы үлгідегі аппараттар орнатылған. Тредмил деп аталатын қондырғы жүректің функциолналдық жағдайын, ишемиялық дертті анықтайды. Ал экокардиографияның жауапкершілігі көбірек. Аталған аппарат «адам моторындағы» органикалық ахауларды, жүрек  клапонындағы, қабықшасындағы өзгерістерді анықтап берсе, холтер  аппараты жүректің 24 сағаттық ырғағын бақылай алады. Бас дәрігердің медициналық қызмет көрсету сапасы жөніндегі орыбасары Райымбек Тасырбаевтың айтуынша, жүректің ишемиялық ауруына қалада жыл сайын шамамен 100 адам шалдығатын көрінеді. «Қазір жүрек ауруымен ауыратын науқастар жасарып келеді. Оның ішінде құрсақта дұрыс жетілмеуіне байланысты туа бітті сырқатқа ұшырайтын нәрестелер бар. Жүрек ауруларын алдын алу үшін жыл сайын скринингтік тексеру жүргіземіз. Скрининг кезінде 7 жасқа дейінгі балалар түгелімен тексерілсе, ересектер әр екі жылда тексеруден өтуге міндетті», - дейді ол. 

Бүгінде өзекті мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша қала көлемінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді емхана мамандары өз қолына алған. Осы күнге дейін 64 кездесу ұйымдастырылып 74132 тұрғын қамтылған. Жалпы 5322 кәсіпкер, 7874 бюджеттік мекеме жұмысшылары, 6218 өзін-өзі қамтығандарға дәрігерлік көмек көрсететін 1940 медицина қызметкері МӘМС жүйесімен ақпараттандырылған. 

Бәсекелестік заманда өзге мекемелерден озық келе жатқан емханада бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы ашылған. Науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін орталықта барлық құрал-жабдықтар бар. Атап айтқанда ЭКГ аппараты, УДЗ, лабораторлы анализаторлар, таразы, гинекологиялық саймандар түгелімен қамтамасыз етілген. 

Басшылық санитарлық автокөлік паркін жаңартуды жоспарлап отыр. Әзірге паркте 29 автокөлік бар. Емханаға қарасты 4 бекет дертіне шипа іздеген жандарға қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта бекеттердің саны көбеюі мүмкін дейді мамандар.  2017 жылдың қазан айында емхана ұжымы мемлекеттік аккредитациядан өтті. Аккредитацияның сәтті өтуі емхананың мемлекеттік стандарттарға сай екенін көрсетеді.  

Религиозность может оказаться следствием низкого уровня тестостерона
Ерғали Әлімбаев: «Облыста аналогы жоқ жоба Арыс тұрғындарына қызмет етеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу