Қан алу арқылы емдеу

Oinet.kz 26-05-2020 1727

Қан алу тәсілдері

Көшпелі қазақтар қанды күміс қандауырмен шетіп немесе шабақтап (қандауырмен піскілеп тесіп қан шығару) алған. Баспа (ангина), шетпе, ілме, құяң, обыр (рактің бір түрі) қатарлы ауырудың түрлеріне қарай маңдайдан, мұрын қуысынан, тілдің асты мен жұтқыншақ бездерінен (ангина кезінде) және арқа, бел, бүйір, мойыннан алынады.

Қандауырдың күміс болуының себебі – күміс вирустарды өлтіреді, қан тазалығына пайдалы.

Мысалы баспа ауруының қан баспа, жел баспа қатарлы екі түрі бар. Енді басталған баспаны тілдің астынан қан алу арқылы емдеуге болады. Егер іріңдеп, асқынып кеткен болса, баспа безін (жұтқыншақ асты безі) қоса шабақтау (қандауырмен піскілеп тесіп қан шығару) керек.

Әдетте құяң үзгенде, сарысуларды емдегенде шабақталған жерге лоңқа төңкеру арқылы қанды сарысуды, арам қанды, қанның қатқан қағын сорғызып, алып тастайды.

Қан алатын лоңқа, қандауыр қатарлы аспаптары бар.

image.png

Қан алудың пайдасы

Түрлі ұсақ қан тамырларда ұйып қалған, қақ боп тұнған немесе жел мен суықтың кесірінен қан жүруіне кедергі келтірген қалдықтарды сорып шығарту арқылы оның орнына жаңа қанның келуін қамтаматсыз етеді. Осы арқылы зақымдалған ет не басқа құрылымға қажетті қоректіктер кедергісіз жеткізіледі де аурудың жазылуына, алдын алуға және денсаулықты нығайтуға ықпал етеді.

– Қан алудың жолы көп. Әр түрлі ауруға қарай қан алатын нұктелер де басқа болады. Кез келген жерден қан алуға болмайды. Оның үстіне қан алғанда тазалық бірінші орында тұрады, – дейді сауықтыру орталығының иесі Айжанат Нұрсейіт.

Айжанаттың айтуынша, қан алуға арналған қандауыр мен пластик лоңқаларды бір-ақ рет пайдалану керек. Оны басқа адамдарға пайдалану қауіпті.

Қан алуда көңіл бөлетін істер:

1. Тазалық;

2. Қан алу нүктелері аурудың түріне қарай әртүрлі болады. Мәселен, жүкті бола алмай жүрген аналардан қан алу, қан қысы бар адамдар мен инсулт алған адамдардан қан алу, тілдің астынан қан алу тәсілдері мен орындары әртүрлі. Соған сәйкес нәтижесі де басқа болады.

3. Қан алғанда тыртық із қалмауы, албаты жерге қандауыр тиіп, қосымша ауру тудырып алмауы керек.

4. Кей адамдардан мүлде қан алуға болмайды.

Қан алынғаннан кейін азайған қанды толықтыру үшін бауырдың қан жасау қызметі күшейеді.

Құяң үзудің мәні

Қазақта тағы бір көп айтылатын ауру – құяң. Құяң дегеніміз қан тамырындағы қанның өзгеріске ұшырауынан, баяулауынан, тамырдан сүзіліп шығып, қақ тұрып қалу яғни жиналған сарысудың асқынып қаққа айналуы. Соны қазақтың құяң үзуге арналған аспаптары арқылы емдейді әрі шөп дәрілер арқылы зардабын да жояды.

Құяң үзетін аспаптар әдетте жұмсақ үйеңкі және ақ самырсыннан жасалады. Құяң үзудің 4 түрлі аспабы бар. Олар мойын мен жауырынды ұйқалауға, арқадан қуалай ұйқалауға арналған аспаптар және ұсақ буындарды ұруға арналған екі түрлі ағаш балға.

Қан шетпені қалай үзеді?

Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше түрлі аурудың емдеу жолдарын айта кетелік. Айтып берген қазақ емшілігінің білгірі, жоғары санатты дәрігер Мәулітшәріп Қапаұлы.

«Шетпе» ауруы – вирус, микроб, бактерия таяқшасынан пайда болмайды. Осы заманғы медицина іліміне енбеген, ғылыми талдауы кемшіл ауру түрі.

Жалпы ғылыми тұрғыдан алғанда, жел тиіп немесе терлеп жатқан баланы аша қойғанда ұстаған желден не суықтан, тер қатудан немесе кіндік кескен кезде кіндік бауы толық саумаланбай ішінде қан не ауа қалып қоюдан сәбидің тері лимфа тамырлары, тері ұсақ тамырлары және тері бездері зақымдалудан пайда болады. Қан айналысы баяулап, жон, арқа жағы тырысады да қызуы көтеріледі. Сәбилердің іші кебеді, мазасызданып, жылай береді.

Ата-бабаларымыз шетпені «қан шетпе», «жел шетпе» және «жүрек шетпе» деп үшке бөлген.

Қан шетпе: нәрестелер туа салып кіндік кескен кезде кіндік ішінде қан қалса, ол баланың қан айналу жолдарына әсер етіп, тосылу пайда болады. Бұл қан шетпе делінеді.

Жел шетпе: кесілген кіндік ішінде жел қалса (ауа қалса), жел қан тамырларына өтеді. Бұл жел шетпе делінеді.

Жүрек шетпе: кіндік ішінде қалған ауа қан арқылы жүрекке барып, негізгі қан айналысын тосқындыққа ұшыратып өмірге қатер төндірсе, жүрек шетпе болады. Мұндай жағдайда баланың арқасы, жоны қарайып, қан жүрмей қалады.

Бұндай ауру түрлері үлкен адамда «Ілме» делінеді. Бұл көп айтылып жүрген «жасырын жүрек» ауруының себебі болуы мүмкін. Себебі, желке мен жонға тиген желден не суықтан қан басқа, жүрекке толық жетпей, салмақ түсіреді. Тіпті өлімге апаруы керек.

Бұны емдеудің ең ұтымды жолы – мыспен не күміспен арқаны не жонды тарап, уқалау. Қатты болғанда бұлауға отырғызу. Жел мен суықты айдап шығырп, қанның іркіліссіз жүруін қалпына келтіру керек.

Қозғалыс – бұл өмір!
Алғашқы ота
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу