Қозғалыс – бұл өмір!

Oinet.kz 26-05-2020 1296

Дене жаттығулары – организмдегі жасқа байланысты өзгерістердің алдын алатын және ұзақ өмір сүруге көмектесетін маңызды амалдардың бірі. Ежелгі гректерде «Егер сұлу болам десең – жүгір, денсаулығым мықты болсын десең – жүгір» дейтін сөз бар.

IMG-SPORT.jpg

XIX ғасырдың орта шенінде жерде өндірілетін және қолданылатын бүкіл қуаттың 96 пайызы адамның және үй жануарларының бұлшық ет күші болатын. Бүгінгі күні қуаттың 1 пайызы ғана бұлшық ет күшінен өндіріледі. Өмірдің барлық саласын дерлік автоматтандыру адамды қозғалыс белсенділігінен айырып, одан зор жүйке-психологиялық күшті талап етіп отыр. Біздің ғасырымызда ақыл-ой еңбегі дене еңбегін мүлде ысырып тастады деуге болады. Алайда ой еңбегі де адамнан физикалық дайындықты талап етеді. Гиподинамия, яғни дене белсенділігінің шектелуі қозғалыссыз өмір салтынан туындайды. Бұның себептері белгілі: балаларда мектеп бағдарламасы кеңейтіліп, ойын мен спорттық жаттығуларға бөлінетін уақыт азайса, ересектерде – өндірістің автоматтандырылуы, көлікпен жүру, компьютер мен теледидар алдында тапжылмастан бірнеше сағат отыру және т.б. 

Барынша аз қозғалып, жайлы өмір сүрсем дейтін адамдар өздерін артық қимылдан қорғай отырып, денсаулығымызды сақтаймыз деп ойлайды. Шындығына келгенде, бәрі керісінше. Тыныш өмір селқостық пен әлсіздікке, жалқаулыққа алып келеді, ал қозғалыссыз өмір кәрілікті жақындата түседі. Енжарлық нәтижесінде адам организмі – орталық жүйке жүйесі, қан айналымы, тірек-қозғалыс аппараты, ішкі секреция бездері өзгерістерге ұшырайды. Белсенді қызмет етіп тұрған жасушалар майлы және дәнекер тіндермен алмастырылады. Бұл жүрек бұлшық етінің әлсіреуіне алып келеді, жоғары қан қысымына және атеросклерозға бейімділік пайда болады. Дене белсенділігін төмендету, әсіресе, балалар мен 40 жастан асқан адамдар үшін қауіпті. Балаларда гиподинамия организмнің қалыптасуын кешеуілдетеді, олардың жұқпалы ауруларға қарсы тұру күші кемиді, дене сымбаты, көру және есту қабілеті бұзылады. Жастарда жемісті қызметке қабілетсіздік дамиды. Ал қырықтан асқан кісілер ерте қартайып, бел қуаты кемиді, есте сақтау қабілеті нашарлайды.

Дене жаттығуларының артықшылықтары:

1. Сымбатты түзейді; 

2. Жүрек пен өкпе жұмысын жақсартады; 

3. Дене күші артады; 

4. Дене төзімділігі артады; 

5. Буындардың иілгіштігі, буындардың, байламдардың ең жоғары амплитудада қозғалысты қамтамасыз ету қабілеті артады; 

6. Бұлшық ет тонусы артады, бұл дегеніңіз дене жаттығуын жасайтын адам денесін тік, дұрыс ұстайды деген сөз; 

7. Иммундық жүйе нығайып, қан айналымы жақсарады, қандағы холестерин мөлшері азаяды;

8. Іш қату, жамбас қуысындағы көтеуге алып келетін қан айналымының бұзылыстары жойылады; 

9. Жағымды көңіл-күй пайда болады; 

10. Негізгі алмасу үдерістері жақсарады, демек, қышқылдану үдерістері күшейіп, жасушааралық кеңістікте қалдықтар аз шөгетін болады.

Дене жаттығулары пайдалы болуы үшін денеге түсетін күш адамның жасына, салмағына, бойына лайық болуы, жаттығу кезінде жүрек соғысы минутына 120-130 рет соғуы, шамадан артық шаршамау, дене қимылы адамға тек қуаныш, рахат сезімін сыйлауы керек және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысу шарт.

Г.ЮCУПОВА,

Сарыағаш ауданы 

«Ашық есік күні» аурудың алдын алуды көздейді
Қан алу арқылы емдеу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу