Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер кім?

Oinet.kz 05-12-2019 1908

Тарихқа тұңғыш болып кіру, тыңға түрен салу бұл екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Тұңғыштардың қатарынан орын алу, тарихқа ену- адамның тағдыры, дәлірегі Тәңірінің қалауы. Сонымен... 

Қазақстан шыққан тұңғыш дәрігер кім? Бұл сұраққа келгенде кібіртіктейтініміз рас. Жауап табу үшін мұрағат құжаттарына, тарихи деректерге жүгінетініміз рас. Ал бұл туралы сарғайған қағаздар не дейді?

Screenshot_5.jpg

Отыз бесінде дәрігер болған

2015 жылы Павлодар облысы Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінде «Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Осы мақаланың авторы Қ.Титанның жазғандарына сенсек, қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер Әміре Айтбақин екен. 

Әміре Айтбақин 1859 жылы қазіргі Баянауыл ауылында дүниеге келген. 1882 жылы ол Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітіріп, біраз уақыт    Семейде хатшылық қызметтерді атқарған. 1889 жылы отыз жасында Томбы университетіне оқуға түсіп, дәрігер мамандығы бойынша білім алуды бастаған. Университет қабырғасында өте жақсы оқып, 1894 жылы оған дәрігер мамандығы берілген. Дәрігерлік қызметін Қарқаралы уездінен бастап, кейін Павлодар уезінде жалғастырған. Қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігерлердің бірі Әміре Айтбақин туралы тарихи деректер көп. Оның жиырмасыншы жылдары алаш қозғалысына қатысқаны да айтылады. Бұдан Ә.Айтбақиннің өз заманының көзі ашық зиялысы болғаны аңғарылады. Он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселелерді қозғап, соны шешуге белсене араласқан асыл азамат 1919 жылы қайтыс болған. 

Алайда тарихи деректерге қарағанда, қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігер атағы Мұхамеджан Қарабаевқа тиесілі сияқты. Мұрағаттарда сақталған мәліметтерге қарағанда Мұхамеджан 1898 жылы Торғай даласында дүниеге келген. Жас кезінен білімге деген құмарлығын, алғырлығын байқаған туыстары оны Троицкідегі гимназияға береді. Тарихи деректерде оның гимзанияға түсуіне педагог, ағартушы Ы.Алтынсариннің көмектескені айтылады. 

Қазақ медицинасының қарлығашы

Бұл кезде қазақ даласында жоғары білімді дәрігерлерді былай қойғанда көзі ашық, білімді азаматтардың өзі үркер шоғыр болатын. Дерт дендеген науқастар жергілікті емші тәуіптерді жағалады. Ара-тұра кездесіп тұратын індеттен, қауіпті жұқпалы аурулар нағыз тажал еді. Әсіресе, жас балалар көп шетінеді. Тіпті кейбір жылдары қызылшадан бүтіндей бір ауылдың нәрестелері қырылып қалатын жағдайлар орын алып тұрды. Міне, осындай жүдеу тірлікті көріп өскен көзі ашық Мұхамеджанның дәрігерлік жолға түсуі тегін болмаса керек.  Қазақ мемлекеттік мұрағатында Мұхамеджан Қарабаев туралы нақты тарихи деректер сақталған. Николаев уезінің бастығы Сипалковтың Торғай соғыс губернаторының атына жазған хатында былай делінген екен: «Маған «Кеңарал болысының 4 ауыл тұрғыны Мұхаметжан Қарабаев биыл Троицк гимназиясын бітіріп, 1881 жылдың 14 маусымында алған №315 кәмелеттік аттестатын өтінішімен қоса беріп, менен Қазан университетінің медицина факультетіне түсіруге көмек сұрайды. Аттестат бойынша барлық сабағы «қанағаттарлық», ал тәртібі «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шыққан».  Қазан университетінің медицина факультетін Мұхамеджан  1888 жылы бітіріп, дәрігер дипломын алады. Кейбір деректерде оның университетті 1887 жылы аяқтап, біліктілігін арттыру үшін Қазан қаласындағы ірі клиникаларда бір жылдай тәжірибеден өткендігі айтылады.  

e-history.kz сайтының жазуынша, Мұхамеджан Қарабаев бұдан кейінгі жылдары Орынбор қаласында жұмыс істеп, 1888 жылдың бас кезінде елге қайта оралады. Қостанайдағы қалалық ауруханаға дәрігер болып қызметке орналасады. Қазіргі өлшеммен алғанда жас дәрігер өте кішкентай 4 орындық ауруханада жұмыс істеді. Бұдан кейін уезд дәрігері қызметіне тағайындалып, үнемі сапарда жүріп, шұғыл хирургиялық операциялар жасап, екіқабат әйелдерді босандырды, шешек, тырысқақ және қышыма қотырмен күресті. Бұл жылдары Қостанай облысындағы халықтың саны 20 мыңды құраған екен. Медициналық көмекке жүгінгендердің саны 700-ге де жетпепті. Бұл  денсаулық сақтау мекемелеріндегі жағдайдың нашарлығымен байланысты еді. Ауруханаларда төсек санының талапқа сай келмеуінен жұрт көбіне амбулаториялық ем қабылдады. Осы жәйттарды байқаған жас дәрігер 1891 жылы жоғарыдағы басшыларға жақсы жарақталған аурухананың қажеттігін жазыпты. Ол тым құрығанда 20 орындық ауруханада ашуға жәрдем сұраған. 1890 жылы Қазақстанда оба, сүзек сияқты жұқпалы аурулар тарады.  Індеттен бір жылда 20 мың 722 адам ауырып, оның 13 мың 127-сі қайтыс болған. Қарабаев уездік дәрігер ретінде күн-түн демей жұқпалы індетті ауыздықтауға белсене араласты. Жағдай осылай қиындай берсе, мұның соңы жақсылық болмайтынын сезген Қарабаев хат жазуын тоқтатпайды: «Себетін де, жуатын да, құятын да дәрі жоқ. Ал сырқаттың өз жарасын байлау үшін қажетті дәкелерді сатып алу түгілі, бес тиындық сода алуға да жағдайым жоқ», – делінген оның бір хатында. 1898 жылы Торғай облысында 12 дәрігерлік пункт ұйымдастырылуында да Қарабаевтың еңбегі аз болмаған. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында Мұхамеджан Қарабаевтың 1911-1916 жылдары Якут облысына жіберіліп, онда ел арасында көп тараған алапес ауруын емдеуге қатысқаны, 1916 жылы Петроградқа шақырылып «Қызыл крест» ұйымын ұйымдастыруға қатысқаны,  1919-21 жылдары Қостанай аймағында сүзек, безгек, оба, шешек сияқты індетке қарсы медициналық көмек ұйымдастырғаны, Торғай облысының Александровка, Арал, Новосемиозер, Шалқар аудандарында учаскелік дәрігер болып қызме еткені жазылған.  Ғалым-эпидемиолог, профессор Ишанбай Қарақұлов:

-Бір кездегі Қарабаев сияқты медицина ғылымының алғашқы қарлығаштары армандаған бүгінгі дәуір ғарыштап биікке көтерілді. Мұхаметжан Қарабаев сол жылдарда түрлі жұқпалы аурулармен күресу үшін Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе, Түркістан, тіпті Якутия, Қолымға барып, алапес ауруларымен күрес жасаса, яғни барлық жерді араласа, бүгінгі дерігерлердің қолында лайықты самолет, жедел жәрдем машиналарының түр-түрлері бар. Ажал арашасы бүгін де өздерінің мақсаттарына жетіп отыр деп толық айтуға болады. …1895 жылдары Қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салуға бастама көтеріп, соны іске асырған Қарабаев екен және оның ауыр уақыттағы еңбегін ескерсек, «медицина ғылымының Ыбырайы» дел айтуға хақымыз бар», – деп жазған. 

Атақты дәрігердің бауыры Дәулет Қарабаев ағасы жайында: Мен Қарабаевты Яқутиядан оралғасын Орынбордан арбамен алып келдім. Ол өзінің мамандығына сұмдық берілген адам еді. Ұлы мен қызын Қостанай қаласында апасының үйіне қалдырып, үйде бір түнеді де, ел арасына шьғып, түрлі жұқпалы ауруларды емдеуге жүріп кетті. Совет үкіметі орнағаннан кейін өмірінің соңғы уақытына дейін медицина жұмысынан қол үзген жоқ», – деп тебірене еске алады. 

1909 жылы  үкіметтің зейнет жасына шығу туралы ұсынысынан Мұхамеджан Қарабаев бас тартыпты. Ол өзінің 40 жылдық дәрігерлік еңбегімен республикамыздың денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру, дамытуға елеулі еңбек сіңірді. Мұхамеджан Қарабаев  өмірінің соңғы жылдарында Бурабай шипажайында қызмет еткен, 1928 жылы көз жұмды. 

Қазақ даласында алғашқы дәріхана жүйесін құрған азамат
Дәрігерлердің қолын шапқан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу