Ұлттың жасы нешеде?

Oinet.kz 10-12-2019 1172

Он төрт пен отыз бес жас аралығындағылар кез-келген мемлекет, ұлт үшін ең құнды, еңбек өнімділігі ең жоғары ұрпақ буыны болып есептеледі. Мамандар бұл аралықты сұлулықтың, жігердің, қайраттың, жалынның, жауынгердің, болашақ тұлғаның жасы деп есептейді. Орта буын – 35-56 арасы  қандай да бір тұлғаның өмірлік мектептерден өтіп, ыстық шайды аузына алмас бұрын кесесін үрлеп ішетіндердің жасы екен. Орта жас адамның еккенін орып  (әрине, егер жас күнінде бірдеме еккен болса), соның жемісін жейтін уақыт аралығы. Сондықтан да қоғамның әр саласындағы басшылық орындарда әдетте, орта жас аралығындағыларды жиі кездестіресіз. Бұл – тұрақтылық пен байыптылықтың жасы болғанымен, оларда жастықтың жалыны бәсеңсіген, жарқылы азайған... Міне, сондықтан да әке мен бала арасындағы тартыс бала балиғат жасына (біреулер үшін ол сәл ертерек, келесілер үшін кешірек келеді) жеткен кезден басталады. Бізге таныс бірнеше революциялардың тарихын зерттеген мамандар: «1917 жылғы орыс революциясы, Германиядағы ұлттық-социалистік, итальяндық фашистік, 1789 жылғы Ұлы француз революциялары пролетарлық, фашистік, буржуазиялық, ұлттық қана емес, жастардың орта топ пен қарттарға қарсы күресі», – дейді. Сондықтан да, кез-келген жеңіске жеткен революция – өз әкелерін жеңген ұлдардың тойы.

Screenshot_5.jpg

2050 жылдарға қарай орташа өмір ұзақтығы 75 жасқа, ал дамыған мемлекеттерде 82 жасқа ұзармақ (1950-1955 жылғы орташа өмір ұзақтығы – 46 жас, 2000-2005 жылдары – 64 жас). 2050 жылдарға қарай алпыстан асқан қарттар 2 млрд-қа жетпек. Қарттары көп, жастары аз мемлекеттердің қатарына жетіп қалмасақ та, биологиялық тұрғыдағы қарты көптік пен психологиялық тұрғыдағы қарттықтың мемлекет дамуына, ұлттың жастығына, ұлттық денсаулыққа қаншалықты әсері бар-жоғын психолог, психология ғылымдарының кандидаты Жарас Сейітнұрұлы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді:   

«Тұтас бір этностың тағдырын айқындайтын – пасионарлар. Әрбір этностың ішінде қуатты, жігері мол белсенді жандар болады, соларды пасионар тұлғалар дейміз. Әдетте, кез-келген қарапайым адамды «ауырмай-сырқамай өмір сүру, жақсы тұрмысқа ұмтылу, қоғамға сыйлы болу» дегенге ұқсас мотивтер басқарады. Олардың қатардағы адам түсінетін, өмірдің, тіршіліктің қызығын аман-есен көру секілді ұғынықты ойлары, арманы, мақсаты бар. Ал, пасионар тұлғалар үшін жеке өмірдің рахаты – назар аударуға тұрмайды. Пайда көздеп, түрлі материалдық игілік үшін әрекет ету олардың ойына кіріп-шықпауы да мүмкін. Себебі, пасионар тұлғаларды басқа мотивтер басқарады. Тіленіп соғысқа баратын да немесе отбасы, балаларын тағдырдың тәлкегіне тастап, бір идеяның соңына түсіп кететін де солар. Жеке басына төнген қауіп-қатерге қарамай, ақиқатты, әділдікті, шындықты іздейтін де – пасионарлар. Пасионарлар эгоист тұлға емес, олар антиэгоистерге жатады. Олар жеке мүддені емес, ұлт мүддесін ойлайды. Олардың саны әр этностың құрамында әртүрлі. Тарихи сын сағаттарда белгілі бір этностың құрамында пасионарлық дүмпу пайда болған кезде сол этностың өркендеп-өсуі байқалады. 

Ал біздегі пасионарлық қуаттың әлсірегені соншалықты қазір ылғи өзімізді-өзіміз қорғау позициясында жүреміз. Ешкімге өзіміздің үстемдігімізді жүргізе алмайтын болып қалдық. Психологиялық тұрғыдан бұл кейпімізбен зейнетке шыққан ұлт секілдіміз. Өйткені, зейнеткерлер белсенді түрде жұмысқа кіріспейді. Өте шыдамды, төзімді ұлт болып барамыз. 

Мысалы, қытайларды демографиялық тұрғыдан қарты көп халықтардың қатарына жатқызғаныңызбен, психологиялық тұрғыдан қарттықтың деңгейімен еш салыстыра алмайсыз. Себебі жерін алып қараңыз – Ұлы Қытай қорғанынан қанша шақырымдарға бері жылжыды?! Экономикалық шекарасы қаншалықты кең?! Міне, ұлттың психологиялық жасы дегенде осындай факторлерді сырт айналып өте алмайсыз. Ал ұлтты психологиялық тұрғыдан жасарту үшін ұлт тамырындағы негізді, ядроны табуымыз керек. Ұлт үшін ең қауіпті нәрсе – түп негіздің, ядроның бұзыла бастауы, зиялысының әлсіреуі, пасионар тұлғалар дүмпуінің кемуі. Алланың нұры түскен, қазақ идеясына адал адамдар қатарының көбеюі ұлттың психологиялық тұрғыдан жасаруына алып келетін негізгі күш. Ал бұл патриоттықпен тікелей байланысты».

Тұтас ұлт қана емес, жеке адамдардың да жасарғысы келеді. Биологиялық жасқа ешкім дау айта алмайды, ал физиологиялық тұрғыдан жасаруға әбден болады. Мәселен, АҚШ-тағы пластикалық операциялардың саны «Ботокс» инъекциясының нәтижесінде 1997 жылғымен салыстырғанда екі есеге өсті. Мұндай операциялардың нәтижесінде бұлшықеттерге ботулизм токсині енгізіледі, ол өз кезегінде әжім түсіруге жауапты бұлшықеттердің жұмысын тежейді. Бұл енді, жай мысал үшін айтылған дерек. Ал демографиялық тұрғыдан халықтың жасы туралы мәліметтерге қайта айналып соғар болсақ, осы күні жер бетіндегі адам саны жыл сайын 80 млн-ға артады екен. 

2050 жылдарға қарай Ресей халқы 30 млн адамға, украиналықтар 19 млн-ға, жапондар 16 млн-ға, Италия мен Польша халқы 7 млн-ға кемитін көрінеді. БҰҰ эксперттерінің пікірінше, егер мигранттар көшіп келмесе, қазіргі туу көрсеткіші жылдамдығымен Ресей, Болгария, Эстония, Грузия, Латвия және Украина халықтарына жарты ғасырдың ішінде 30-50%-ға кему қаупі бар. Оларда қарт тұрғындардың саны артып, жұмысқа қабілетті жастардың саны кеми түспек. 

Халықтың қартаюының негізгі себептерінің бірі – туудың азайып кетуі. Ал туу көрсеткіші жоғары елдердегі адам санының азаюын мамандар СПИД-дің кең таралуымен түсіндіреді. Дәрігерлер аурудың бұл түрі 20 млн. адамның өмірін қиды дейді. Қазіргі күні Жер шарында 40 млн. адам осы вирусты жұқтырған. Халық санының кему себебінің тағы бірі – климаттың өзгеруі. Климаттық өзгерулерді зерттейтін мамандар алдымыздағы жарты ғасырдың ішінде Жер шарындағы жан-жануарлар мен өсімдіктер 15–37%-ға дейін қысқаруы мүмкін екенін айтады. Бұл күнкөрісі өсімдіктер мен жануарларға тікелей тәуелді, экономикасы дамымаған елдердегі аштықтың өсуіне, соның әсерінен адамдардың аштан қырылуына алып келетін жағдай. Әлемдегі ғаламдық жылу да су деңгейін көтеріп, түрлі тасқындар мен табиғи апаттардың салдарынан да адам өлімі күрт өсуі мүмкін. Мәселен, тек қана 2000 жылы климаттың өзгеруінен 150.000 өлім тіркелген. Ал, ішуге жарасымсыз су ішкені үшін әлемде әрбір сегізінші секунтта бір бала ажал құшады. 

Сонымен, елдегі демографиялық жасару немесе демографиялық қарттықтың алдын алу үшін жүргізілетін басты шара не болмақ? Қазірдің өзінде түтіні түзу ұшқан отбасылардың кейбірі үйін базарға айналдыра алмай отыруының себебі неде? Біздің бұл сұрағымызға еліміздегі белгілі гинеколог-дәрігер Салтанат Байқошқарова былай деп жауап берді: 

«Қазіргі күні елімізде бір перзентке зар болып отырған 400-500 мыңға жуық отбасы бар деп айтуға болады. Бедеуліктің ең басты себебі – қабыну процестеріне байланысты. Әйелдердің жыныс жолдарының физиологиялық анатомиясы өзгерген. Ер азаматтарда да сондай себептер жиі кездеседі. Кездейсоқ жыныстық қарым-қатынас, суық тию де кең тараған. Жұқпалы аурулардың да әсері бар. Стрестік факторлар да, жүктілікті мерзімінен бұрын тоқтату (жасанды түсік тастау)  да бедеулікке алып келеді. Тағы бір себеп, әсіресе, соңғы жылдары ол көп байқалады, ер адамның да, әйелдің де ұрығының сапасы төмендеп кетті. Соңғы жылдары ер адамның ұрығының сапасы 30%-ға кеміген. Бұл 60-70 жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда үш есе төмен. 

Қазіргі күні сыра ішетін азаматтардың саны артқан. Сыраны артық ішкен адамдар семіздікке шалдығады, ағзадағы зат алмасу азаяды. Сыраны шектен тыс пайдалану – ұрық сапасының төмендеуіне де алып келеді. Кейбір ғалымдар тауық етінің құрамындағы заттар да ұрық сапасын төмендететіні жайлы пікірлерін ортаға салып жүр. Израиль мамандары қалта телефонын ер адамдардың белдеріне байлап жүруі – ұрпақ жалғастыруға кері әсерін тигізеді дейді. Ол ДНҚ-ға кері әсер етіп, балалар гендік мутациямен өмірге келу мүмкіндігін айтады. Ұшақпен ұшқанда да жоғарғы радиация аламыз. Мағынасыз мөлшерде талғамай дәрі іше берудің өзі де зиян. Сондықтан бұл тұрғыдан келгенде барлық нәрсе өз орнымен болғаны жөн дер едім»...  

Адам ата мен Нұқ пайғамбар мың жылға жуық өмір сүрген дейді. Өзімізге белгілі абыз Асан қайғы да қазақ даласын бірнеше ғасыр кезген деседі. Егер де барлық ұрпақ осыншалықты ұзақ өмір сүрсе онда жер бетінде қазіргі ұрпаққа орын жетпес те еді. Сондықтан тумақ барда өлмек – хақ.  

Көзінде оғы бар адам
Тарихтағы ең қасіретті эпидемиялар: Испанка
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу