Әлемдегі ең қымбат жеті жұлдызды медициналық клиника

Oinet.kz 14-12-2019 1226

Психологтардың пікірінше, адамдар көбінесе зират пен ауруханаға барғанды ұнатпайды екен. Әйткенмен, ауруханаға деген көзқарасты мүлдем өзгертетін де медициналық мекемелердің бар екенін білесіз бе? Әрине, шетелдік госпитальдардың көбісі көз тартарлықтай ғимараттарда орналасқан. Сонда да, ең элиталық қонақүйлерге бергісіз де клиникалар ашылуда. Солардың арасында Дубайдағы жеті жұлдызды қонақ үй деңгейіндегі ауруханаға ерекше тоқталып өткен жөн. 

Screenshot_14.jpg

Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығы әлемдік медициналық туризмді де өзіне қаратуға қарай қадам жасады. Бірақ, әдеттегі ең заманауи технологиялар мен білікті мамандармен шектелместен, араб шейхтары люкс элементін де енгізді. Оның үстіне, қазіргі таңда Дубайда жүздеген клиникаларды топтастырған өз алдына жеке қала тұрғызылды. 

Медициналық шағынаудандар 

Біріккен Араб Әмірліктері әр салада бірінші болғанды қалайды. Сенбесеңіз қараңыз, әлемдегі ең қымбат та танымал қонақ үй – дүниежүзіндегі тұңғыш әрі жалғыз жеті жұлдызды мейманхана – «Бурдж-эль-Араб». Әлемдегі ең үлкен океанариум, ең ірі ойын-сауық орталығы, ең үлкен фейерверк шоуы, ең биік ғимарат, ең үлкен хореографиялық субұрқақ... Ендігі кезек медицина саласында болмақ.   Араб еліндегі клиникалар пациенттеріне жеті жұлдызды палаталардың қызметін ұсынуда. 

 Бұл бастама елдің премьер-министрі, шейх Мохаммед Бин Рашид Аль Мактумға тиесілі. Ол 2002 жылы медициналық шағын қаланы тұрғызуды ойластырып, оның құрамына госпитальдар, диагностикалық орталықтар, зертханалар мен спа-аймақтарды біріктіруді көздеді.  

Бірнеше жыл ішінде Дубайдың Уд-Меса атты ауданында 4 шаршы шақырым аумақта Dubai Healthcare City – Дубай денсаулық  қаласы пайда болды. Оның ішкі орамдарында тұрғын үйлер жоқ. Олардың орнына 120 емдеу мекемелері салынды. Барлығы да - әлемдегі ең танымал медициналық брендтердің өкілдіктері: American Academy of Cosmetic Surgery Hospital, Boston University Institute for Dental Research and Education, London Center for Aesthetic Surgery, Moorfields Eye Hospital, Dr. Sulaiman Al Habib Medical Center және басқалар. 

Аурухана ма, хан сарайы ма?

Dubai Healthcare City әлемдегі ең ірі және космополиттік медициналық орталық қана  емес, ең сәнді де салтанаттысы атағына ие болды. Мұндағы кейбір ғимараттар госпитальдан гөрі ханның сарайына ұқсайды. Алтын жалатылған ескерткіштер, барқыт балдахиндер мен төсек орындар, көздің жауын алатын кілемдер, алпауыт люстралар, шыныдан жасалған лифтілер – барлығы да ең элиталық қонақ үйдің интерьерін  қайталайды. 

Операциядан кейінгі оңалту шаралары жеті жұлдыздық сервисі бар палаталарда жүргізіледі. Олар клиниканың өзінде орналасқан. Мәселен,  American Academy of Cosmetic Surgery Hospital  (AACSH) косметикалық, эстетикалық және қалпына келтіру хирургиясының орталығында корольдік номер бар. Бір тәуліктің құны 3800 АҚШ долларын құрайды. Бұл бағаға жеке лифт және жерасты автотұрағы кіреді. Осылайша келген VIP-қонақтың толық құпиялылығы сақталады. Номердің иесін қалада Rolls-Royce және Ferrari көліктері тасиды. Корольдік номерге  отбасымен жайғасуға болады, айта кетерлігі қонақтарға жеке қызметші қарастырылған. 

 Дегенмен, мұндай элиталық қонақ үй сервисімен   қатар медициналық қызмет сапасының да ең жоғары дәрежеде болуына ерекше мән беріледі. Емдеу сапасы халықаралық Joint Commission International аккредиттелуі арқылы расталады. Яғни, осы медициналық орталықтағы барлық бес бөлімше – косметикалық және бариатриялық хирургия, стоматология, қартаюға қарсы медицина мен wellness салоны ең жоғарғы әлемдік стандарттарға жауап береді деген сөз. Айта кетерлігі, әлемде Joint Commission International акредиттелген 761 клиника бар екен. Олардың 111 – Дубайда орналасқан. БАӘ басшылығы 2020 жылға қарай осы елге жылына 500 000 адам емделу үшін келетінін, ал жергілікті клиникалардың табысы 1,6 миллиард АҚШ долларын құрайтынын жоспарлауда. 

Жынысты ауыстырудан басқасының барлығына рұқсат

Сонымен, Дубайға медициналық туризмді көздеп баратындар кімдер? Мұндай емделушілердің арасында кішігірім косметикалық өзгерістерді қажет ететін (айталық, ринопластика немесе қабақты тарту), сонымен қатар күрделі операцияларға мұқтаждар немесе ауыр апаттардан кейін оңалту шараларын қажет ететін пациенттер бар. Біріккен Араб әмірліктерінің аумағында тыйым салынған жалғыз ғана операция түрі – адамның жынысын ауыстыру. 

AACSH клиенттерінің әжептеуір бөлігі – липоксацияны жасатуды қалайды. Жыл сайын мұндай операциялардың үлесі 20 пайызға артып отыр. Мұны аз инвазивті технологиялардың дамуымен түсіндіруге болады. Яғни, пациенттің артық майы ультрадыбыс пен радиожиілік арқылы азаяды. Ал ер адамдарға арналған ерекше қызмет түрі -  6 pax contouring деп аталады. Құны 1500 доллар. Оның өзгешелігі – адамның тек майын кетірумен шектелмей, пресс бедерлерін де шығарып береді. Бұдан соң фитнесс залға барудың да қажеттілігі жоқ секілді.    

Дубайдағы денсаулық қаласы – ең заманауи технологиялардың бір жерде шоғырлануымен ерекшеленеді. Бұл ең қиын да күрделі жағдайларда  түрлі бағыттағы дәрігерлердің біліктілігі мен білімін неғұрлым кең түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Осында емделген барлық пациенттердің ортақ ақпараттық базасы әзірленген, қазіргі таңда оған 400 мыңнан астам адамынң барлық диагноздары, медициналық көрсеткіштері, жасалған операциялары жайында толық ақпарат жинақталған. Мұнда инновациялық тенологияларды дамыту мен бизнесті жүргізуге барлық жағдай жасалған. 

 Джозеф Вудман атты саяхатшы 2007 жылдан бері Patients Beyond Borders - «Шекарасыз пациенттер» атты әлемнің ең үздік медициналық орталықтары мен медициналық туризм жайлы  жолнұсқа жинақтарын шығарумен шұғылданады. Dubai Healthcare City жобасына ол жеке серияны арнауды жөн санады. «Мұнда келетін пациенттердің дені – АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Франция және Филиппин елдерінің азаматтары. Көбінесе жүрек, қан тамырлары, омыртқа және пластикалық операциялары жасалады. Америка мен Еуропаның үздік медициналық оқу орындарын бітірген тәжірибелі дәрігерлер қызмет етуде. Бірақ, операциялардың бағасы сол Америка мен Еуропадағыдан 30-50 пайызға дейін арзан.  Бұл медициналық туризм  нарығындағы Дубайдің бәсекеге қабілеттілігін анағұрлым арттыратын фактор», деп жазады Вудман. Бұған мегаполистегі аспанмен таласқан зәулім ғимараттарды, жасанды арал мен әлемде теңдесі жоқ шоппингті қоссаңыз, медициналық туризм бағытында Дубай ойып тұрып орын алатыны сөзсіз.  

Dubai Healthcare City қалашығындағы негізгі медициналық мекемелер: 

- City Hospital көпсалалы клиникасы (210 орын) 

Денсаулық қаласындағы тұңғыш госпиталь.  JCI – аккредитациясына ие. 3 Tесла МРТ 64-қабатты КТ.\ сандық маммография, денситометрия, жүрек пен қан тамырлары катетерилеу зертханасына ие. 

- American Heart Center мамандандырылған кардиологиялық орталығы. 

Дубаидағы ең үздік клиникалардың бірі. Мұнда халықаралық стандарттарға толық жауап беретін кардиологиялық қызметтер көрсетіледі. Оны Америкада 25 жыл жұмыс істеген танымал кардиолог, профессор Наиим Тареен басқарады.   

- Samsung Medical Center медициналық орталығы. 

Сеул қаласындағы Самсунг медициналық орталығының бөлімшесі. Консультациялық орталық деңгейіндегі медицинаның барлық бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі.  

- Dubai Bone & Joint Center мамандандырылған ортопедиялық орталығы. 

Орталықта заманауи ортопедия саласындағы ең соңғы жетістіктер ұсынылады, оның ішінде буындарды эндопротездеу, ревматология бойынша қызмет көрсетіледі.  

- London Centre for Aesthetic Surgery  пластикалық хирургия орталығы 

Атақты екі британдық пластикалық хирург негізін қалаған заманауи клиника. 

- German Medical Center неміс медицинасы орталығы 

Неміс медицинасының заманауи стандарттарын ұсынады мұнда Германиядан шақыртылған мамандар мен профессорлар жұмыс істеуде.  

Семіздіктен арылтатын отаның құны қанша?
Радий дүрбелеңі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу