Радий дүрбелеңі

Oinet.kz 14-12-2019 1126

Өткен ғасырдың басында жаңа химиялық элемент – радий табылған соң, ел-жұрт арасында оның ғажайып емдік қасиеттері жайлы түрлі болжамдар мен әңгімелер лезде тарап кетті. Атақты Вильгельм Рентгеннің өзі оны Х-сәуле деп атаса, көпшілік «өмір сыйлайтын сәуле» ретінде қабылдай бастады. Бұған сол замандағы ғалымдардың кейбір мәлімдемелері әсер етсе керек. Зертхана жағдайында жануарлар мен өсімдіктеріне  радиацияның әсер ететінін көрген бойда жаңалы ашқандай көпшілікті сүйіншілегені сол екен, сиқырлы да ғажайып сәулелер жайлы түрлі аңыздар тарай бастады. Біраз уақыттан кейін әлемде нағыз «радий дүрбелеңі» орын алды.    

Screenshot_15.jpg

Радийдің төңірегіндегі мұндай алашапқынның өршуіне Уилья Бейли атты жоғары білімін аяқтамаған студент-медик ерекше үлес қосты. Ол 1925 жылы өзін доктор ретінде жариялап, Нью-Джерси штатында «Бейли радиум лэборэториз» компаниясының негізін қалады. Бейли ойластыра келе, суға ерітілген радий гормондарды басқаратын эндокрин жүйесінің жұмысына оң әсер ететінін, ал гормондар өз кезегінде аурудың барлық түрін жеңетінін болжады. Сөйтіп, ешқандай зерттеу жүргізбестен нарыққа шығарған басты тауары – «Радитор» атты затты нағыз сенсациялық дәрі ретінде жарнамалауға көшті. АҚШ-тағы сертификаттаудан өткен дәрігерлердің барлығына жарнамалық буклеттер таратылып, онда пациенттер мен медиктердің «Радиторды» мақтаған сөздері, сонымен қатар радийді өндіру мен Бейли зейртханаларында сынақтан өткізудің фотосуреттері молынан келтірілді. Шын мәнінде қу студент радийдің тазартылған тұзын суға ерітіп, аса қымбат бағамен сатып отырды.  

Жан-жақты да агрессивті жарнамалық кампания өз жемісін берді. 5 жыл ішінде Бейлі «Радитордың» 400 мыңнан астам флаконын сатып үлгерді. Ал аңқау дәрігерлерге «кәсіби сыйақы» ретінде 17 пайыздық жеңілдік ұсынылды.  Радиобелсенді заттардың тіпті аз мөлшерде де зияны болуы мүмкін деген ара-тұра айтылып жатқан пікірді ешкім елемеді де.

Бұл жағдайды алаяқтар да ұтымды түрде пайдаланып кетті. Құрамында аты аңызға айналған әрі арзан радий қосылған неше түрлі тауарлар шығарыла бастады. Дүкендерде радиобелсенді сабын, крем, тіс пастасы мен радий қосылған кір жуғыш ұнтақ пайда болды.  Тіпті радиобелсенді сусындар мен кәмпиттер, осы элементті суға қосуға арналған арнайы приборлар да өндірілді.  Лос-Анджелес қаласындағы бір компания «Дегнен радиобелсенді көз тамшылары» атты өнімін де ұсынды. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл тамшылар жақыннан да, алыстан да көрмейтіндер үшін, көз ауруларының барлық түріне таптырмас ем екен.   Ол ол ма, Еуропа мен АҚШ-та спа-радио-орталықтар ашыла бастады. Онда емделушілер радиобелсенді ванналарда армансыз шомылып, ингаляцияларды қабылдады. 

 Алайда, көп ұзамай радийдің төңірегіндегі мұндай дүрбелеңнің алғашқы «құрбандары» пайда бола бастады. Нью-Джерсидегі бірнеше радиохимик пен «Ю-Эс Радиум Корпорейшн» фабрикасының жұмысшы әйелдерінің бүйректері мен сүйектері  белгісіз ауруға ұшырап, нәтижесінде барлығы да көз жұмды.  Олар қол сағатындағы циферблатты жарқыраған боуямен сәндеуді әдетке айналдырған еді. Кейбір сарапшылар «бұл радийден болуы мүмкін» деп болжамын айтқанымен, бұл күдікке белсенді түрде қарсылық танытқан Бейли  қоғамды сендіре алды. «Нью-Йорк Тайм» газетіне «бұл өлімдерге радийдің әсер еткенін дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ» деп мәлімдеді. 

Азық-түлік және дәрі-дәрмекті қадағалау жөніндегі басқарма Бейлиге тауарды жақсылап тексеру жайында ескерту жасағанымен, сотқа жүгінуді қажет санамады. Тек 1928 жылы Сауда жөніндегі федералдық комиссия «Радитордың» емдік қасиеттеріне қатысты өз бетінше зерттеу жүргізуді қолға алды. Мұның соңы Бейлидің үстінен сотқа арызданумен тынды. 

Осы кезде Эбен Байерс атты спортшы да денсаулығының нашарлай бастағанын сезді. Байерс – гольфпен шұғылданған адам. Кезінде  АҚШ біріншілігінің жеңімпазы атанған ол бірде пойызда кетіп бара жатқанда койкадан құлап түсіп, қолын ауыртып алады. Бірнеше күн өтсе де ауырғаны қоймаған соң, дәрігердің көмегіне жүгінеді.  Медициналық маман сол кезде кеңінен таныла бастаған су жаңа препарат  «Радитор» дәрісін ішуге кеңес береді. Ірі компания қожайынының ұлы бұған қуанып, «барлық ауру түрінен ем болатын ғажайып «Радиторды» іше бастады. Ішкенде аса ірі мөлшерде тұтынуға көшті. Бірнеше айдан соң шынында да денсаулығының жақсара түскенін, күшінің көбейгенін сезгендей болды. Байғұс Байерс бұған өзін-өзі сендіргені соншалық, екі жыл ішінде «Радитордың» 1400 бөтелкесін тауысып тынды. Кейіннен анықталғандай, бұл адамды өлімге душар ететін дозадан үш есе артық радиация екен. 

Тек 1930 жылы ағзасында қартаюға тән белгілерді байқай бастады. Байерстің сүйектерінде жинақталған радийдің әсерінен ол барлық тісінен айрылып, кейіннен жағының, тіпті бас сүйегінің формасы өзгергенін түсінді. Саусағын қаттырақ басса бас сүйегі майысатынына да көзін жеткізді. Тез арада медициналық тексеруден өтуді ұйғарып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Бірақ, Байерс тым кеш қимылдады... Нью-Йорктегі рентгенолог Джозеф Штейнер Байерстің рентгенограммасын зерттей отырып, «Ю-Эс Радиум» фабрикасының қайтыс болған әйелдері шалдыққан аурудың белгілерін анықтады. Ақылдасу үшін Колумбия университетінің өндірістік медицина кафедрасынан белгілі сарапшы Фредерик Флинн шақыртылады. Ол Штейнердің күдігін растады – радийдің әсерінен Байерстің сүйектері ыдырай бастаған екен. Алайда, қос дәрігердің бұл пікірі сыртқа тараған жоқ, өйткені басқа мамандар мұндай қорытындыға қарсы шықты. Әсіресе Байерстің жеке дәрігері келіспеушілігін жасырмады. 

Қалай болғанда да, 1931 жылдың желтоқсан айында Сауда жөніндегі федералдық комиссия «Радитордың» сатылымнан шығарылуына қол жеткізді. 1932 жылдың 31 наурызында әбден титықтаған Байерс  дүниеден өтті. Оның өлімінен кейін комиссия бұрынғы тергеу жұмыстарына қайтадан кірісіп, қауіпті дәріні шығарушы компанияға қарсы қатал шаралардың қолданылуын талап етті. Атап айтқанда, құрамында радий бар фармацевтикалық препараттардң саудасын жүргізу құқығы тек арнайы лицензиясы бар фирмаларға берілді.  Осылайша Еуропа мен АҚШ-та патенттелген радиобелсенді дәрілер өнеркәсібі бір күнде құрдымға кетті.

Бірақ, Бейлидің өзі соңына дейін қарсыласып, Байерске қойылған диагнозды теріске шығарумен болды. «Радиобелсенді суды ең көп ішкен мен, бұдан денсаулығыма ешқандай зиян келмеді» деп мәлімдеуден шаршамады. «Радитордың» саудасына нүкте қойылсын» деген талап шыққан кезде Бейли «Радий институты» атты басқа компанияны тіркеп үлгерді.  Ол да біраз жылға дейін түрлі өнімдерді шығарып келді. Тек 1950 жылдарда радийдің қосындысымен тауарларды өндіру ісіне толықтай тосқауыл жасалды. Әлбетте, медицина радиймен сәулелендіруді қолданады. Бұл әсіресе онкологиялық ауруларды емдеудің бір тәсілі. Әйткенмен, оның өзінде пйдамен қатар ағзаға зиян да келетінін ұмытпаған жөн.    

Анықтама:

«Радитор» - тазартылған су, радий-226 мен радий-228 элементтерінен тұратын қоспа. Оны ішкен пациент 1 микрокюри дозасын алады. 1918-1928 жылдар аралығында шығарылды. 

Әлемдегі ең қымбат жеті жұлдызды медициналық клиника
Ең пайдасыз медициналық жаңалықтар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу