Ең пайдасыз медициналық жаңалықтар

Oinet.kz 14-12-2019 966

Осыдан 2-3 ғасыр бұрын ғалымдар ғылыми жаңалықтарымен ел-жұртты 5-10 жылда бір  қуантатын. Қазір болса  түрлі ғылыми сенсациялардың күн ара, тіпті күн сайын шығып жатқанына куәміз.  Медицина саласында да түрлі жаңалықтар көп. Бұдан 20-30 жыл бұрын дәрігерлердің өңі түгілі түсіне де кірмеген операциялар жасалуда. Енді жақын арада принтер арқылы жаңа органдарды басып шығаратын күннің ауылы да алыс емес. Әйткенмен,  ғалымдар ойлап тауып жатқан жаңалықтардың барлығы бірдей пайдалы деп айту асығыстық болар. Түкке де пайдасы жоқ мұндай өнертапқыштарға арнайы жүлде – Шнобель сыйлығы да тағайындалған. Назарларыңызға соңғы кездердегі осындай ғылыми жаңалықтардың  тізімін  ұсынамыз. 

Screenshot_21.jpg

7 орын 

Калифорниядағы Дональд Унгер атты ғалым буындарды қытырлату артритке ұласпайтынын дәлелдеді. Қандай әдісті қолданды дейсіз бе. Унгер мырза осы теориясын дәлелдеу үшін 60 жыл бойына тек сол қолының буындарын қытырлатумен әлек болыпты. 60 жылдан кейін оң қолының да, сол қолының да жағдайы бірдей екеніне көз жеткізген ол ғылыми қауымдастықтан сүйінші сұрауға асықты. Осы «жаңалығы» үшін 2009 жылы Шнобель сыйлығының иегері атанды. 

6 орын

2003 жылы Иллинойс университетінің студенті Джиллиан Кларк жүргізген зерттеуінен соң мынадай қорытындыға келді: жерге түскен азық-түлікті қоқысқа лақтырудың қажеті жоқ. Себебі, денсаулыққа зиянды бактериялар азық-түлікке 5 секундтан кейін ғана өте бастайды екен. Яғни, еденге құлаған тағам немесе азық-түлікті бірден алып үлгерсең уайымсыз тұтыну беруіңе болады деген сөз. Осындай «аса маңызды» жаңалықты ашу үшін Кларк пен оның әріптесі Мередит Агли таза және лас еденге түрлі азық-түлік түрлерін кезек-кезек тастап, олардың ластану деңгейін өлшеп отырған. Қалай болғанда да, «5 секунд ережесі» кейбір елдерде кеңінен тарап үлгерді. Мәселен, британдық әйелдердің 70 пайызы, ер азаматтарының 56 пайызы жерге құлап түскен затты қайтып алудың қажеттігін ойланғанда, осы ережені басшылыққа алады екен. Кларк пен Агли мұнымен де шектелмеді. Жерге түскен заттарды алу мәселесін зерттей келе, орамжапырақ пен брокколиге қарағанда жұрт тәттілер мен кәмпиттерді жиірек көтеріп алатынын да анықтапты. Терең зерттеу жұмысы үшін 2004 жылы Кларк Шнобель сыйлығының иегері атанды. 

5 орын

«Егер сізге ықылық тиіп, 2 литр су ішкеніңіз де, тыныс алудағы іркіліс те жәрдем бермесе – ректальды массаж жасаңыз». Бұл Израильдік бір топ ғалымдардың берген кеңесі. Френсис Фесмайр бастаған еврей ғалымдары осындай бір жаңалық ашып, 2006 жылғы Шнобель сыйлығын жеңіп алды. 

4 орын

1999 жылғы Шнобель сыйлығын Норвегияның Арвид Ватле атты дәрігері жеңіп алды. Ол пациенттерінің медициналық талдаулар әкелген барлық ыдыстарды түгел жинап, жүйелеп шыққан. Оның ойынша, арнайы стерильді контейнерлерді пайдаланатындарды  балаларға арналған тағамнан босаған құтыны қолданатындармен бір қатарға қоюға болмайды. Оларды емдеуге қатысты да түрлі әдістерді қолданған жөн екен.   

3 орын

Американдық Брайан Уиткомб пен Дэн Мейер «ғылым үшін жан пида» деген қанатты сөзді ұранға айналдырды. Олар шпаганы жұтудың зардаптарын зерттеу үшін өз денсаулықтарын қатерге тіккен. Ғалымдардың пікірінше, жұрттың көбі мұның денсаулыққа тигізер қатерін  дұрыстап аңғара алмай жүр екен. Бір емес, бірнеше шпаганы жұтқан Уиткомб пен Мейердің анықтағаны мынау болды: бір шпага жұтқанда адамның тамағы ауырады. Ал қатарынан бірнеше шпага жұтса өңешке зиян келтірілуі мүмкін! Шпага жұтудың осындай зардаптарын ерінбей анықтағаны үшін қос ғалым 2007 жылғы Шнобель сыйлығының иегері атанды. 

2 орын 

2014 жылғы медицина саласындағы Шнобель сыйлығы АҚШ-тағы Мичиган университетінің отоларингологтарына бұйырды. Олар мұрын қанаған кезде қанды сутек тотығына батырылған ваталық диск немесе мұздай компресс арқылы ғана емес, мұрын жолын шошқаның майымен бекіту арқылы да тоқтатуға болатынын анықтапты.  

1 орын

Сонау 1994 жылғы Шнобель сыйлығын екі тарапқа бөліп беру жайлы шешім қабылданды.   Әуелі Р.Дарт пен Р.Густафсон атты екі американдық дәрігер марапатталды. Олар «ысылдағыш улы жылан (гремучая змея) шаққанда электрошок арқылы емдеу тиімсіз» екенін анықтады. Ал жүлденің екінші бөлігі осы сынаққа қатысып, электрошок терапиясының тиімділігін тексеруге келіскен пациентке тапсырылды. Ол үшін пациент улы ысылдағыш жыланға өзін 13 рет шақтырып, улы жылан 14-ші рет шаққан кезде күшті токтың әсеріне ұшырайды. Нәтижесінде жылан шаққанда электрошоктың ешқандай емдік қасиетінің жоқтығына көз жеткізеді.  

Радий дүрбелеңі
Дәрігерлер ереуілге шыққанда...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу