Дәрігерлер ереуілге шыққанда...

Oinet.kz 14-12-2019 1045

Screenshot_6.jpg

Дәрігерлердің наразылық акциялары мен шерулерге шығуы – әлемде жиі орын алатын құбылыс. Көп жағдайда наразылық білдіруші ақ халаттылар жалақының төмендігіне және жұмыстағы ауыртпалықтың көптігіне қарсылық танытады. Әлбетте, мұндай шерулер мен наразылық акцияларын өзге мамандықтың өкілдері де ұйымдастырып тұрады. Әйткенмен, медицина саласының өзіндік ерекшеліктері бар. Тарқатып айтайық. 

Польша: жаппай жұмыстан кету 

Әлемде наразылық таныту тұрғысынан Польша мен Францияның дәрігерлері алдына жан салмайтын секілді. Бұл елдерде ақ халаттылардың шерулер мен қарсылық акцияларына шығуының жиілеп кеткені соншалық, ел-жұрт оны қатардағы оқиға ретінде қабылдайтын болды. Әйткенмен, кейде жағдай мүлдем шектен шығып кетеді.  

Осыдан он жыл бұрын Польшаның дәрігерлері билікке бірқатар талаптарын қойып, ереуіл жариялаған болатын. Сол бұрынғы талаптар: жалақы көбейтілсін, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру арттырылсын! Медиктердің талабына билік көнеді деген сеніммен дәрігерлердің біразы, дәлірегін айтсақ 200-ге жуық аурухананың 4 мыңнан астам қызметкері жұмыстан шығуы жайлы арызын жазып та қойды.  Бірақ, содан бері бір ай өтті, екі ай, үш ай... Билік те бүлк етпеді, дәрігерлер де шегінбеді. Арада жүз күн өтсе де талай поляк ауруханаларының маңдайшаларында «Ереуіл!» деген сөз әлі де жазылып тұрған еді. Дәрігерлер жаппай жұмыстан кетсе науқастардың ғана емес, бүкіл халықтың жағдайы нашарлай түспей ме? Қызметкерлерінсіз қалған талай аурухана жабылудың аз-ақ алдында тұрған.

Тым ұзаққа созылған ереуіл қарапайым тұрғындардың да шыдамын таусып, ақыры дәрігерлерге жауап ретінде халық тарапынан контререуілдер ұйымдастырыла бастады. Оның үстіне, сол жылдарда Польшада саяси дағдарыс өрбігендіктен, билікке қойылған талаптардың орындалмайтынын дәрігерлер түсінді. Әйтеуір, сол жолғы бүкіл Польшаға таралған наразылық акциясы әупіріммен басылды. Дәрігерлер орталық билікпен емес, нақты медициналық ұйымдардың басшылығымен келіссөз жүргізуге көшіп, бірсыпыра талаптарын орындата білді.  

Бірақ, поляк билігі де реті келгенде қулыққа барудан тайынбайды екен. Мәселен, сол 2007 жылғы ереуіл кезінде мыңдаған дәрігерлердің жұмыстан кететіні жайлы арызы жазғанын пайдаланып, шенеуніктер   бұрыннан бері тек шығын әкеліп жүрген бірталай ауруханаларды жабудың тамаша сылтауын тапты. Биліктегілер «елдегі әрбір бесінші аудандық аурухананы жауып тастаған дұрыс» деген пікірін ашық айтып жүрді. Немесе поляк шенеуніктерінің тағы бір қулығын айтайық. Жергілікті дәрігерлер жұмысқа шығудан бас тартқан кезде, шенеуніктер…медициналық гастарбайтерлерді көптеп тартуға шешім қабылдады. Әсіресе украиналық дәрігерлер Польшаға топ-тобымен ағыла бастады. 

Содан бергі уақытта да поляк медиктері  қарсылық білдіруін тоқтатпай келеді.  Жуырда жас поляк медиктері тым төмен жалақыға қарсы наразылық акциясын ұйымдастырды. Қарсылық білдіргендер  медициналық оқу орындары түлектері. Еолегі өзге медициналық ұйымдар мен одақтар  оларға қолдау көрсетті. Акция тек Варшава емес, барлық воеводстволар мен ірі қалаларда жүруде.  Наразылық білдірушілердің талабы – медицинаға бөлінетін қаржыны осы елдегі Ішкі жалпы өнімнің 6,8 пайызына дейін жткізу мен жалақыны өсіру. Бүгінгі таңда осы Шығыс Еуропа еліндегі 22 мыңнан астам жас дәрігерлердің табысы 500 евродан аспайды. Жас мамандар айлықты 5-6 есе көтеруді талап еткенімен, билік тек 280 евро қоса алатынын мәлімдеді.  Осының салдарынан шетелге жұмыс істеуге кетіп жатқан поляк дәрігерлерінің саны да арта бастады.  

Моңғолия: төмен жалақыға қарсылық

Шығыстағы көршілес жатқан Монғол елінің де дәрігерлері мазасыз күй кешуде. Алдыңғы аптада ел астанасы Улан Баторда 10 мыңға жуық медицина қызметкерлері шеру өткізіп, биліктен жалақыны 50 пайызға арттыруды талап етті. Бұл талап орындалмаған жағдайда дәрігерлер бүкіл мемлекетті қамтитын ереуілге шығатыны ескертілді. Моңғолияның медициналық кәсіподақтардың өкілдері берген мәлімет бойынша, қазір бұл елдегі дәрігерлердің ең төменгі жалақысы 300 мың тугрик (шамамен 122 доллар) болса, ең жоғарғы жалақы көлемі бұдан екі есе жоғары екен. Айлығы аз дәрігерлердің басым бөлігі түрлі мақсаттарда несие алып тастап, қазір соны төлей алмай отырғанын алға тартуда. Дәрігерлердің наразылығына моңғол мұғалімдері мен әртістері де қосылды. 

Франция: ұйымшыл әрі қу медиктер 

Наразылық білдіргің келсе, Францияның медиктерінен үйрен. Бұл елдегі медицина қызметкерлері қарсылық акцияларын өткізудің хас шеберлеріне айналған. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын  жергілікті жедел  медициналық жәрдем қызметінің медиктері 22-ші желтоқсанда бір апталық ереуілге шыққан.  Бұл уақыт – жаңажылдық мерекелерге тура келіп тұрғандықтан, шенеуніктердің зәресін ұшырды. Жаңа жыл мен Рождествода медиктердің қызметі ерекше сұранысқа ие болатыны белгілі. Ереуілшілер жұмыс аптасының көлемін 60 сағаттан 48–ге дейін азайтуды талап еткен. Бұл акцияға Франциядағы жедел жәрдем медиктерінің 80 пайызы қатысты.  Ертесіне-ақ оларға жалпы практика дәрігерлері де қосылды. Амалы таусылған министрліктегілер ереуілшілердің талаптарын орындауға уәде етіп, акцияны әрең тоқтатты. 

 2015 жылы дәрігерлер тағы да бой көтерді. Бұл жолғы қарсылығы – жаңадан қабылданғалы жатқан реформа еді. Оған сәйкес пациенттер жекеменшік емханалардағы дәрігерлерге тегін қаралу мүмкіндігіне ие болып, олардың қызметі кейіннен сақтандыру қорларынан төленетін болды.  Реформаға дейінгі тәртіп бойынша пациент әуелі өз қалтасынан 23 евро төлейтін, оның шығыны біраздан соң сақтандыру қоры арқылы өтелетін. Жаңа жүйеге қарсылық танытқан медиктер «бұл бюрократияның күшеюіне, қарыздардың өсуіне әкеп соғады» деген уәждер айтқан.  Тек сол кезеңде Парижде жаппай террорлық актілердің орын алуы ақ халаттылар ереуілін тоқтатуға мәжбүрледі.  

Латвия: отбасылық медицина дағдарысы

Соңғы жылдарда Латвияның медицина саласын көптеген ереуілдер дүрліктіруде.  Атап айтқанда, биыл жаз айларында Латвияның отбасылық дәрігерлері қауымдастығына мүше 650 дәрігер ереуілге шыққан. Олар жұмыс істеуге қарсылық білдіріп, билікке келесідей талаптар қойған: 

- алдағы үш жыл бойына капитацияны 30 пайызға көбейтіп отыру (әр тіркелген пациент үшін дәрігерге төленетін 1,25 евро көлеміндегі  төлемақы);

- отбасылық дәрігер қызметтерінің тарифін өсіру, 2018 жылға қарай төлемақы көлемін 45 пайызға дейін арттыру;

- алдағы үш жыл бойы медбикелер мен дәрігерлердің көмекшілеріне төленетін қаржыны  жыл сайын 30 пайызға жоғарылату;

- отбасылық дәрігерлердің тәуелсіз практикаларын  дамытуға қолдау көрсету және қаржыландыру.

Кәсіподақ мүшелерінің айтуынша, ереуілдің тоқтатылуы тек Үкіметке байланысты. Наразылық акциясы басталған уақыттан бері пациенттерді дәрігерлердің өздері емес, олардың көмекшілері мен мейірбикелер қабылдайтын болған. Қыркүйек айында дәрігерлер жұмсақтық танытып, күніне 20 пациент қабылдауға келісті. Ал осы елдің денсаулық сақтау министрлігі болса ереуілшілердің талаптарын жарым-жартылай ғана орындауға келісіп отыр. Түбінде ереуіл өз жалғасын табуы бек мүмкін. 

Ұлыбритания: 40 жыл ішіндегі тұңғыш ереуіл

Иә, 40 жыл бойына Ұлыбритания дәрігерлердің наразылық акциясын мүлдем көрмепті. Тек, осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа жүйенің енгізілуі дәрігерлердің қарсылығы тудырды. Мәселе дәрігердің зейнеткерлікке шығу жасына келіп тірелді. Биліктегілердің пікірінше, медицина қызметкері 68 жасқа дейін еңбек етуі тиіс.  Бұған қарсы жауап ретінде Британ медиктерінің қауымдастығы 104 мың дәрігер арасында сауалнама жүргізе келе, олардың  80 пайызы ереуілге шығуға дайын екенін анықтады. Ал Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрлігі болса ақ халаттылардың бұл қадамын құптамады. 

Былтыр Ұлыбританияны жас медиктердің ереуілі дүр сілкіндірді. Демалыс күндеріндегі жұмысы үшін төленетін қараат мөлшеріне көңілі толмағандардың наразылық акциясына шығуына байланысты 125 мыңға жуық операция  жүргізілмейтін болды. Сала министрлігі мен дәрігерлер арасындағы талас-тартыс пен келіссөздер әлі күнге дейін жүріп жатыр. 

Ең пайдасыз медициналық жаңалықтар
Адамды клондау деген не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу