Соғыс періштелері

Oinet.kz 16-01-2020 1617

Екінші дүниежүзілік соғыс медицина саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қан майдан шебінде жауынгерлермен қатар қиындыққа төзіп, отан үшін отқа түскен ақ халаттылардың еңбегін жоққа шығаруға әсте болмас. Медицина қызметкердері соғыс кезінде өз өмірлерін қатерге тіге отырып, қаншама жаралы солдаттарды аман алып қалды. Деректер бойынша Ұлы Отан соғысында 200 мың дәрігер, 1,5 миллионға жуық орта буын медицина қызметкер жаралыларға көмек көрсетіпті. Бұл орта медициналық персонал көрсеткішінің 61 пайызын әйел құрайды. Байқап отырсаңыздар, майданда қызмет еткен медицина қызметкерлерінің ішінде орта буынды, яғни медбикелердің үлесі басым.

Screenshot_16.jpg

Дала медсанбат, әскери, майдан және тыл госпитальдарындағы орта буын медицина қызметкерлерінің орны ерекше маңызды болғаны сөзсіз. Дәрігер нұсқауын орындау, науқасты операцияға дайындау, қиын манипуляция түрлерін дайындау, ауыр халдегі науқастарды бақылау, санитарлық пойыздарда, эшелондарда жаралылардың жанында болу және тағы да басқа қызметтердің барлығы медбикелердің мойнына артылды. Майдандағы медбикелерді әскер құрамындағылар «періштелер» деп атаған.  Жауынгерлермен бірге от кешкен мейірбикелердің ішінде қазақ даласынан шыққан қыздар да бар еді. Бүкілдүниежүзілік Қызыл Крест ұйымы өздерінің “Флоренс Найтингейл” медалімен медбикелерді Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен ерліктері мен қайтпас қайсарлықтары үшін марапаттаған. Аталған жоғары награда дүние жүзінде 1309 медбикеге тапсырылса, оның 26-сы Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағының медбикесі екен. Соның ішінде 5 қазақстандық медицина маманы бар.  

Майдан алаңынан ауыр жараланған 480 қызыл әскер мен офицерді алып шыққан медбике, көкшетаулық Мария Смирнова-Кухарскаяның ерлігін ұмыту мүмкін емес. 1921 жылы Одесса маңында дүниеге келген ол мектеп бітірісімен майданға аттанады. Жиырма жастағы қыздың ең алғашқы пациенті  бір қолы жұлынып түскен жас жігіт еді. Хирург оның ілініп тұрған тұрған қолын қайшымен кесіп жібергенде солқ етіп түскен қолды көріп Маша есінен танып қалады. Есін жиғанда хирур оған «Қызым, үйрене бер, әлі бұдан да зорын көресің» депті. 

Расында да Мария Петрқызы талай жанталас сәттерді басынан өткерді. Тіпті, ұрыстардың бірінде медбикенің өзі де жараланып, госпитальға түседі. Болашақ жарын майданда жолықтырып, жолдасымен 46 жыл ғұмыр кешеді. Жеңістен кейін ол Көкшетау қаласында өз ісін жалғастырып, отыз жылға жуық табанды еңбек етеді.  

Лейтенант Рәзия Ысқақова – «Флоренс Найтингейл» медалінің қазақстандық екінші иегері. Шымкент қаласындағы медициналық училищені бітіріп, фельдшер мамандығын алғаннан кейін, өзі сұранып, 1941 жылдың қазан айында әскери фельдшер болып соғысқа аттанды. Он тоғыз жасында майдан алаңына тап болған ол Бірінші Украина майданында генерал-полковник П.Рыбалко қолбасшылық еткен атақты танк армиясына қарасты 55 танк бригадасында қызмет етеді. Жастығына қарамастан талай сарбазды өлімнен аузынан құтқарып, ем-дом көрсетеді. 

Жаужүрек қыздың ерлігі туралы майор Богусловский былай деген екен: «Медицина қызметінің лейтенанты Ысқақова нағыз ерлік көрсетті. Ол жанып жатқан танктен батальон командирі Федоров пен оның экипажын алып шықты. Ол жаралы он бес адамды өлімнен құтқарып қалды». 

Рәзия Шәкенқызының бір күнде жиырма танкисті ажал аузынан аман алып қалғандығы туралы тарихи деректер бар. Қазақ қызы туралы Кеңестер Одағының Батыры, генерал-полковник Д.Драгунский кезiнде былай деп жазыпты: «Сұмдық көрiнiстiң куәсi болдым. Алға ұмтылған танкінiң бiрi отқа оранды. Қарасам, Қызыл Крест белгiсi бар өрiмдей қыз жалын құшқан машинаның қақпағын ашып, қойып кеттi. Осылайша ажал апа-нына төрт рет сүңгiп, төрт танкистi құтқарды». 

Сондай-ақ қазақ қызы Сталинградттан бастап Харковті, Киевті, Варшаваны, Праганы да азат етуге қатысқан. «Ерлігі үшін» медалі Рәзияға мына оқиғадан кейін беріліпті. Киев қаласы түбіндегі үлкен ұрыс алаңында Рәзия кезекті жауынгердің жанына еңкейе бергені сол еді, жақын жерден жарылыс болды. Ол есеңгіреп қалды, ал сарбаз снарядтың жарқыншағы тиіп, екінші рет жараланды. Басы айналып, жүрегі айнып, құлағы тас керең болып естімей қалғанына қарамастан, жаралы сарбазды арқалап медсанбатқа жеткізеді.  Өз өмірін тәуекелге тіге отырып, жауынгерді ұрыс даласынан шығарып алған қарапайым фельдшер бірер күннен кейін кеудесіне медалді тағады. 

Рәзия Шәкенқызының 1945 жылы «Флоренс Найтингейл» медаліне ие болуға тағы бір кезекті ерлігі себеп болды. Бірде ротаның старшинасы Ивашенко ұрыста қатты жарақаттанды. Хирургтердің пікірі бойынша оның өмірін тек қан құю арқылы сақтап қалуға болады екен. Сол кезде фельшер Рәзия ойланбастан жаралы старшинаға өзінен қан алуды ұсынды. Жаралыларды емдеп қана қоймай донор бола білген Рәзияға өз ісіне адалдығы үшін осындай жоғары марапатқа лайық деп танылды. Одан бөлек жауынгер-медик 17 медальмен марапатталған екен. Ештеңеден тайсалмайтын қыз сол кезде «Қазақстан розасы, Қазақстан гүлі» деген атқа ие болған. 

Санитарлық инструкторлардың курсын бітіріп, 1942 жылдың желтоқсанында майданға аттанған Антонина Яковқызы Дмитриева (Глубина) – «Флоренс Найтингейл» медалінің қазақстандық үшінші иегері. Соғыстың алғашқы шебінде мотоатқыштар батальонында санинструктор болған. Ол жауынгерлерге көмек көрсете жүріп өзі де екі рет жараланған. Соғысты Германияда жеңіспен аяқтағандардың бірі. 1945 жылы демобилизациядан кейін Павлодарға келген. Зейнет демалысына дейін 37 жыл медбике болып жұмыс істеді. 

Қансырап жатқан жауынгерлерге қанын құюға рұқсат берген мейірбикенің бірі, жоғарыда аталған марапаттың төртінші иесі – Вера  Широкая-Руденко. Ол майданға аттанғанда он сегіз жасқа да толмаған еді. Оның майдандық жолы Новороссийск, Батайск, арқылы жаяу әскер полкінің 8 армиясының әскери фельдшері, кейін медицина қызметінің кіші лейтенанты болды. Ростов-на Дону қаласын азат етуге және Дон өзеніндегі шабуылға қатысқан. Ол осы шабуылдарда Дон арқылы 50 жаралы жауынгерді өткізіп, оларға дәрігерлік көмек көрсетті.

Медицина саласының ең үздік марапатының қазақстандық бесінші иегері – Анна Михайлқызы Дмитриенко. Өрімдей қыз соғысқа аттанғанда 18-де еді. Мәскеу, Ленинград, Старая Русса қалаларын қорғау ұрыстарында қаншама жауынгерлерге балапандарына қанатымен су сепкен қарлығаштай жәрдем беріп, аяққа тұрғызған. Майданда жараланғанына қарамастан тұрақты түрде қан тапсырып, донор болады. Ол толығымен санағанда 70 литр қан беріпті. 

Кеңес үкіметі фашистерді жеңгеннен кейін бақандай 25 жыл туберкулезге қарсы күрес диспансерінде медбике болып қызмет етеді. Сұрапыл соғысты көрген ақ халатты абзал жан кейіннен тегін қан донорлығының насихатшысына айналады, үйде науқастарды күту бойынша қызметшілер курсын ашып, медбикелерді даярлайды. Оның еңбегі 1989 жылы бағаланып, «Флоренс Найтингейл» атындағы медальмен марапатталады. 

Деректер бойынша соғыс жылдарында республикада 12 мыңнан астам медбике, 45 мың ерікті санитарлық «дружиница», 400 санитар маман даярланыпты. Қансыраған жаралы жауынгерлерге қан қажеттілігін ескере, тапшылықты болдырмау үшін Қызыл крест белсенділері донор болды. Олар республика госпитальдарын қанмен қамтамасыз етіп, донорлық қанның жартысы майданға жіберіліп жатты. Тек 1941 жылы ғана Қазақ мемлекеттік медициналық университетінің түлектері – 437 дәрігер майданға аттанған. 1943 жылы соғысқа 1649 медбике, 1441 санитарлық дружинница және 100 санинструктор кетіпті.

Ауыртпалыққа қарамай ерлермен бірге жаудың бетін қайтарып, соғыстың бітуін жақындатуға орасан зор үлес қосқан медбикелер арасында қаза болған, хабарсыз кеткен және бірнеше рет ауыр жараланғандар да өте көп болған. Статистикалық деректерге қарағанда, тек 1941-1943 жылдар аралығында қанқұйлы шайқастарда қаза тапқан олардың саны 22591-ге жеткен. Олардың қай-қайсысының болмасын қаһармандық ерліктері ұмытылмайды. 

Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан
Мейіргерлер күні қалай пайда болды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу