Жесір әйел мен жетім балалар сауабы

Oinet.kz 06-11-2019 1332

жетім.jpg

Бір жерде үлкен бір дәулетті адам болады.Сол кісі қайтыс болып, әйелі екі қызымен жесір қалады. Содан кейін мына елдің арасында "Жесір әйелдің үйіне бір еркек кіріп шықса да, осы ойнастық қылды" деген жаладан қорқып, бір түннің ішінде үйінен шығып кетіп қалады. Бір елге көшіп барады. Ол елде бір мешітті паналайды(қонады).

Әйел қыздарына:

- Қыздарым, сендер отыра тұрыңдар, мен қазір келемін, - деп ас-ауқат іздеп кетеді. Содан сол елдегі аса бір дәулетті мұсылман байдың үйіне барып, есігін қақты. Әйел оған хал-жағдайды түсіндірді.

Бірақ, үй иесі:

- «Шынымен кедей,жесір екеніңді анықтайтын бір құжат алып кел!» - деді. Әйел:

- «Қандай құжат?Мен, жергілікті емеспін, бөтен жақтан келдім!» - десе де бай кісі түсінгісі келмеді. Жесір шарасыздықтан ол үйден шығып кете барады. Сөйтіп, басқа бір есікті қақты. Ол үйдің иесі отқа табынатын еді. Оған да жағдайын айтты. Отқа табынушы оны есіткеннен кейін, өз әйелін әлгі жесір әйелге қосып, мешіттегі қыздарды үйіне алдырады. Үй иесі қарындары ашып келген қыздарды тамақтандырды.

Сол түні жесір әйел мен оның жетімдеріне көмек қолын созбаған мұсылман кісі түс көреді. Түсінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын) тұр екен. Алдында бір үлкен Жәннәттің сарайы бар екен. Мұсылман кісі:

- «О, Алланың Елшісі, мына Жәннәт сарайы кімдікі?» - деп сұрайды.

Расулулла (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын):

- «Бір мұсылмандікі», - дейді.

Ол кісі:

- «Мен де мұсылманмын, менің де кіруіме бола ма?»- дейді.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын) оған:

- «Сенің мұсылман екендігіңе куәлігің бар ма? Куәлігіңді алып кел!» - деп айтады.Ол кісі түсінкіремей таң қалды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын) сонда оған күндіз мұқтаж боп келген жесір әйелдің күйін есіне салады. Ол адам шошып оянады, түсі туралы ойлап, жесір әйелге қолұшын бермегеніне өкінеді. Ертесіне орнынан тұра сала жесір әйелді іздеді. Ол әйелдің қыздарымен мешіттен кетіп қалғанын, содан бір отқа табынатын кісінің үйіне барып қонғанын сұрап біледі. Отқа табынатын кісінің үйіне іздеп барады. Отқа табынатын адамнан ол жесір әйелді қыздарымен бірге алып кетпек ойын айтады.

Бірақ, үй иесі:

- «Кешіріңіз, мен оларды қайтарып бере алмаймын. Олар менің шаңырағыма бақыт алып келді!» - дейді. Сонда әлгі мұсылман кісі отқа табынатын адамға ақша беретінін, оларға кеткен ақысын төлейтінін айтады. Отқа табынатын адам оған:

- «Сенің ақшаң керек емес. Себебі сен, түсіңде көрген түсті мен де көрдім. Үйге келген мына жесір әйел мен қыздары себеп болып, бәріміз хақ дін исламды қабылдадық. Мұсылман болдық. Түсімде Алланың Елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын) менен:

- «Жесір әйел мен жетім балалар қамқорыңда ма?» - деп сұрады.

Мен:

- «Иә, Расулулла!» - дедім.

Ол (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын):

- «Мына Жәннәттің сарайы сен және сенің отбасың үшін», - деді. Содан, бұл сөздерді естіген мұсылман кісі ұялып, өкінішпен әлгі үйден кете барды.

Ең жақсы табыс
Сырқатыңыз күнәңіздің өтеуі ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу