Құран жаттаудың ең жеңіл 10 тәсілі

Oinet.kz 11-08-2020 1098

Құран – Алла Тағаланың адам баласына берген ұлы мұғжизасы. Адамзат Құранмен сәйкес өмір сүргенде ғана ақиқат ұғымының биігін бағындыра алады. Құранды көбірек оқу және әрдайым жаттап жүру арқылы пенде Раббысына сүйікті құл болу мәртебесіне қол жеткізеді. Мұсылман Құранды жиі оқығанда ғана тақуа бола алады. Құранды жеңіл жаттаудың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік қырлары мен сырлары бар. Солардың бірнеше тәсілін Құран ілімдері кітаптарынан жинақтап төменде келтіріп отырмыз.     

ҚҰРАН-ЖАРЫС.jpg

Құран жаттауға қызығушылық таңытқан адам, ең алдымен, оны жаттаудың жеңіл тәсілдерін таңдауы тиіс. Атап айтқанда: 

Бірінші: Еш күмәнсіз Құран жаттауды жеңіл деп сену. Сол сенімнің жүрегіне орнығуы оның Құран жаттауында Алланың жәрдемі тиюіне себеп болады. Бұған  Алла Тағаланың:   

وَلَقَدۡ یَسَّرۡنَا ٱلۡقُرۡءَانَ لِلذِّكۡرِ فَهَلۡ مِن مُّدَّكِر 

«Расында Құранды үгіт үшін оңайластырдық. Ал сонда түсінуші бар ма?»[1], – деген аяты дәлел.    

Екінші: Шын жүрекпен Құран жаттауға ниет ету. Себебі, Құран жаттау ең ұлы нығмет. Сол себепті Құран жаттауға бар күш жігерін жұмсауы қажет. Икрима (р.а.): «Ибн Аббас Құран мен мирас ілімін оқуда (тұрып кетпей, сабыр етіп отыруым үшін) екі аяғыма ауыр нәрсе қойып қоятын», – деп еске алған естелік қалдырған. 

Үшінші: Күнәлардан аулақ болу. Уақиғ (р.а.)[2]: «Құран жаттауда күнәлардан аулақ болумен өздеріңізге жәрдем беріңіздер», – деп ескерткен.

Төртінші: Адам өзін және зейінін Құран жаттауға дайындау. Мысалы: ерте ұйықтау және адамды алаңдататын әр түрлі ойлардан аулақ болу, зейіннің тазалығы, яғни миы демалған уақытында жаттауы. Құран жаттау барысында тілімен оқыған уақытта бар зейінін салып оқу, яғни тілімен оқып тұрғанда ойының басқа жақта болмауы. Хаммат ибн Зайттен (р.а.): «Жаттауға ең көп жәрдем беретін нәрсе не?», – деп сұраған. Сонда ол: «Құраннан басқа уайымның аз болуы» – деп түсіндірген.  

Бесінші: Берекелі уақыттарда жаттау. Мысалы: сәресі және таң намазынан кейінгі уақыттарда жаттау. Себебі, пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне осы уақыттарда береке сұрап дұға еткен. Әлқама ибн Қайс (р.а.): «Бізге: «егер ғалым таң намазынан кейін ұйықтайтын болса, жер Алла Тағалаға шағым жасайды» деген хабар жеткен», – деп еске алады.   

Исмаил ибн Әбу Уайс (р.а.): «Егер бір нәрсені жаттауды қаласаң, ерте ұйықта. Сәресі уақытында тұрып, жарығыңды жағып жаттайтын нәрсеңе қара. Кейін (жаттаған нәрсеңді) Алланың қалауымен мүлдем есіңнен шығармайтын боласың», – деген. 

Хатыб Аль-Бағдади:«Ғұламалар оқу үшін түнгі уақытты таңдауының себебі, ол кездері жүрек тыныш болады. Ал жүректің тыныштығы жаттауды жеңілдетеді», – деп айтқан. 

Алтыншы: Жаттайтын бетін қарилардың бірінен аудио-видео жазба арқылы тындау. Жаттайтын бетін таңертең жаттайтын болса, түнде тындап қоюы абзал болады. Осылай жасалған жағдайда, таңертең жандүниесі ол аяттарды қабылдауға  дайын тұрады. Осы арқылы жаттауы жеңіл, әрі қатесіз ойда қалады. 

Жетінші: Бір түстес Құран кітабынан оқу психология жағынан өте маңызды. Себебі, Құранның беті адамның зейінінде сурет болып қалыптасады. Ал, Құран кітаптың әртүрлі түсте болуы зейінді және жаттауды шашыратып жібереді. Беттеріне ұстаздың қаламымен қойылған ескертулері де көз алдыңда тұрып, көкейге сіңеді. 

Сегізінші: Күнделікті белгілі бір мөлшерде ғана жаттау. Әртүрлі мөлшерде жаттау адамның табиғатына қарсы әрекет. Себебі, тәжірибеде белгілі бір мөлшерде жаттамау көп жағдайда Құранды мүлдем жаттамай кетуге әкеп соғады. Уақыт өтуімен жаттайтын мөлшерді көбейтіп отыру бұл мәселеге жатпайды. Егер бір себептермен белгіленген мөшерін жаттай алмай қалса, онда жаттауды мүлдем тастап кетуі дұрыс емес. Егер жаттамай қойса, ол әрекеті шайттанның азғыруынан деп есептеледі. Бұл тұрғыда, сол жаттау керек болған мөлшерін сол күні немесе келесі күні жаттап, орнын толтырып кетуі қажет. 

Тоғызыншы: Жаттаған беттерін намазға қосып оқу. Өйткені, намазға қосып оқу жатталған аяттарды зейінінде сақталып қалуына жоғарғы дәрежеде септігін тигізеді. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер Құран жаттаған адам күндізгі немесе түнгі намаздарында (жаттаған сүрелерін) қосып оқитын болса, есінде қалады. Ал, олай істемесе есінен шығып кетеді», – деген.

Намазда имам болып жаттаған парақтарын қосып оқып отыру жадында жақсы сақталуына жәрдемін тигізеді. Әсіресе, Рамазан айында тарауих намазына қосып оқу  жадына жақсы сақтауға мүмкіндік береді.

Оныншы: Жаттаған жерлерін көп қайталап жүру. Көп қайталау жатталған жерін зейінде сақталып қалуына себеп болады.

Имам Бухари (р.а.): «Жаттау үшін – адамның білімге құштар болуы және сонымен қатар жаттаған нәрсесіне әрдайым қарап отырудан пайдалысын білмедім», – деген.

Құран – берекелі, әрі өмірдегі үлкенді кішілі өлшемдерді дөп басып көрсететін жалғыз кітап. Ол жеке адамды да, қоғамды да жоғары санамен өмір сүруге жетелейді. Адамзат Құранды басшылыққа алып өмір сүргенде ғана екі дүниеде бақытты бола алады. Елімізде Құранды жаттаушылар  неғұрлым көбейген сайын, елдің берекесі арта береді. Алла Тағала елімізде Құран жаттаған қарилардың көп болуын нәсіп етсін.

[1] Қамар сүресі, 17 аят

[2] Имам Шафиғидың (р.а.) ұстазы 

http://ihsan.kz/

Күнге ысыған сумен дәрет алуға бола ма?
Дәрежесі жоғары 8 әйел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу