Әбдіғаппар Сманов: «ИГИЛ – шайтани мемлекет»

Oinet.kz 05-05-2019 1777

9k9Y6FX0mCp.jpg

Әбдіғаппар Сманов – Қазақстандағы ең үздік ислами уағызшылардың бірі. Әбдіғаппар қажының әкесі Шәкір ишан да өз заманының ірі діни қайраткері, мешіт-медреселер ашып, мазараттарды қоршап, халқымыздың имандылығын арттыруға бойындағы бар күш-қуатын сарқылта жұмсаған тақуа ретінде танылған. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ұлдары да Исламға қызмет ету миссиясын жалғастырып келеді. Әбдіғаппар Сманов – бүгінде колледж мәртебесі берілген Сарыағаш ауданының Ынтымақ елді мекенінде орналасқан «Сарыағаш» медресесі директорының орынбасары.  Айта кетейік, бұл медресенің директоры – Әбдіғаппардың ағасы, Құран Кәрімнің аудармашысы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің мүшесі   Әбдісаттар Сманов. Ағайынды Смановтардың үлкені  – Әбдіжаппар қажы Шәкірұлы әке жолынан айнымай, бабалар миссиясын абыроймен жалғап келе жатқан үлкен ғұлама. Еліміздің белгілі уағызшылары болып табылатын үш ағайынды Смановтардың кенжесі – Әбдіғаппар Шәкірұлымен болған сұхбатымызды Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалпы діни ахуалдың мән-жайынан бастадық.

- Оңтүстікте діннің өсуі өте қарқынды, өте көркем сипатта өрбіп барады.  Барлық мешіттерде уағыз-насихат жүргізіліп келеді. ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбектің  басшылығында мешіттерге үлкен ғұламалар шақырылып, жастарға тәлім-тәрбие беруге ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен адасқан жастардың беті бері қарап, жағдай ретке түсіп келеді. 

- Қазақтар әу бастан Ханафи мазһабын ұстанады. Осы Ханафи мазһабынан басқа жолды ұстанатын қандастарымыз бар. Бұл еліктеушілік пе, әлде саналы таңдау ма? Бір ұлт өкілдерінің түрлі мазһабтарда болуының астарында қандай себеп бар? Ата-бабаларымыз ұстанып келген жол кейбір жастарымыздың тақиясына неге тарлық етеді?

- Біздің ата-бабаларымыздың баршасы Әбу Ханифа мазһабында келген. Иншаллаһ,  осылай жалғаса береді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді ғой, негізі мазһабсыз жолмен жүремін дейтін жастар бар, олардың айнуына да көптен-көп себептер болды. Ең бастысы – кешегіде егеменді ел болып, шекараның барлығы ашылған уақытта шетелден «жалаңаяқтар»  кіріп келді, біз оларды үлкен ғалым деп ойлап қалдық. Жастарымыз олардан намаз оқуды үйренді, солардан жүріс-тұрысын өз бойларына сіңірді де, біздің ата-бабаларымыздың жолы дұрыс емес екен ғой деп, солардың жолын ұстанды. Келген «жалаңаяқтар» үлкен ғалым емес еді, олар біздің Әбу Ханифа мазһабында намаз оқымайтын еді. Олар: «Біз Құран және  Сүннетпен намаз оқимыз» дейтін. Ал біздің бейшаралар «ата-бабамыз Құранмен, Сүннетпен жүрмеген екен, арабтан келгендер осы Құран мен Сүннетпен жүрген екен» деп, олардың «құйрығын» ұстап, осы адасу жолы басталды. Аллаға шүкір, енді қазір барлығы жақсы, міне  көріп отырсыз, жамағаттың 95 пайызы –  жастар, олардың баршасы – Имам Ағзам, яғни Әбу Ханифа мазһабында.

- Оңтүстікте исламға қатысты дәстүрлі емес қандай ағымдар ба?  Сол ағымдардың ұстанған жолы мен түпкі мақсат-мүддесі жайлы әңгімелеп берсеңіз.

- Түрлі ағымдардың түпкі мақсаты – ел ішіне іріткі салу. Олардың жоғарыда отырған «шейхсымақтарының» да мақсаты – сол іріткі салу арқылы Қазақ елінде дінді жоғалту. Біз бұны Өзбекстанда, Тәжікстанда және Қырғызстанда көрдік. Мақсаттары – мұсылмандарды қыру. Бұдан баршамыз сақ болуымыз керек. 

- Терроризм, діни экстремизм деген қауіпті құбылыстар әлемдік геосаясат пен жеке елдердің мемлекеттік саясатының күн тәртібінен түспейтін атышулы мәселеге айналды.  Осы тақырыпқа тоқталып өтсеңіз.

- Исламға «терроризм» дегенді қосу – үлкен надандық. Бұл – кәпірлердің, христиандардың, еврейлердің сөзі. Мұсылман адам террорист болған емес, болмайды да. Бірақ енді мұсылмандардың киімін киіп, атын жамылып, жарылыс жасап жатқандар бар. Біз оларды ешқашан мұсылман деп атамаймыз. Мұсылмандар ешқашан террорист болмаған.

- Бүгінде «Халифат үлгісіндегі Ислам мемлекетін құрамыз» деген түрлі ұйымдар пайда болды. Сол ұйымдар жайлы не айтар едіңіз?

- «Ислам мемлекеті» деген атпен шыққан «ИГИЛ» – негізі шайтани мемлекет. Ислами  мемлекетті құрып жатқан адамдар ондай болмайды. Олар шайтани мемлекетті құру үшін жас балаларды да, әйелдер мен қарттарды да қырып жатқан шайтани қауым. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) күйеу баласы, төртінші халифа Әли (р.а)  ондай адамдардан сақтаныңдар деп ескерткен көптеген өсиеттер қалдырған. Аллаға шүкір, біздің жастарымыз осыны  түсініп отыр, себебі оларға имамдарымыз, ғұламаларымыз жан-жақты кең түсініктер беруде.

- Көптеген ғұламалар «Хизб-ут-Тахрир» мен «уаһабилерге қарсы ағарту, үгіт-насихат жолымен күресу керек, оларға қарсы мемлекеттік репрессивтік шаралар жағдайды ушықтыра түседі. Жаһилиятқа қарсы мағрифат жолымен күресу керек» деген ой айтады. Біздің мүфтияттың, оның Оңтүстік Қазақстандағы өкілдігінің осы мәселе тұрғысындағы ұстанымы қандай?

- Әлбетте, надандыққа надандықпен жауап беріп болмайды. Надандыққа мағрифатпен жауап беру керек. Ал мағрифат дегеніміз – бұл білім. Бірақ бұған өкіметтің де таяғы керек, себебі небір «жалаңаяқтар» молданың айтып жатқан өсиетін құлағына ілмейді, себебі олар Құдайдан қорықпайды. Бірақ олар таяқтан қорқады.  

- Кеңес дәуірінде қазақтар діни тұрғыдан монотеист немесе атеист болып бөлінсе, бүгінде намазхандардың өзі неше топқа бөлініп кетті. Қазақтың діни тұтастығын қалай қалпына келтіруге болады? Осы тұрғыда мешіттер қауымының басым бөлігін құрап отырған жастарға  не айтар едіңіз?

- Бұл бөліну – үлкен қауіп тудырып отыр. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп қазақ атамыз бекер айтқан емес. Қазақ қашан бірігетін болса, ынтымағы бір болса, оны ешқандай жау алмайды. Себебі қазақ – батыр халық. Кешегі жоңғарға да, қалмаққа да берілмеген халық. Сол уақытта жоңғарға да, қалмаққа да қарсы тұрғандар – біздің иманды бабаларымыз. Ол заманда қазақтың діні мен тілі бір болатын. Ұлттың, үмбеттің тұтастығын сақтау үшін біз көптеген медреселер ашуымыз керек. «Қазақстанда үкімет бөлек, дін бөлек» деген әңгімелер бар ғой, бірақ біздің үкіметіміз де, дініміз де бір, себебі біз – қазақ мұсылмандарымыз. Енді көбірек институттар мен университеттерде, мектептерде діни тәлім-тәрбиені күшейтуіміз керек. Біз кешегі совет заманындағыдай анда-санда емес, апта сайын, күн сайын діннен хабар беріп тұруымыз керек.  Теледидар, радио мен газет-журналдарда кері ағымдар жайлы ақпаратты көбейтуіміз қажет. Адам дұшпанды көрген  соң сақ болады. Себебі, діндарлық «шапанын» жамылып жүрген дұшпан бар, сол дұшпаннан сақ болуымыз керек. Иншаллаһ, қазір мен бұдан қорықпаймын, Қазақстанның көптеген мешіттерінде боламыз, 95 пайыз жастар – өзіміздің мазһабымызда. Анау «жалаңаяқтар» қазір біраз қызып тұр, бірақ олар ертең тәубеге келеді, есін жинайды. Себебі түбі қазақ қой.

- Намаз аяқталып, дұға жасалып жатқан кезде кейбір жастарымыз баса-көктеп, мешіттен шығып кетіп жатады. Жастардың осы әдепсіз әрекеттерін тыюға болады ма?

- Қазір біздің муфтиіміз мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға өте қатты кіріскен. Көп мешіттерді араладық, бұл бассыздық қазір тоқтаған. Мұндай ерсі  қылықтар бірер мешітте ғана кездеседі.  Құлшылық үйіне кірерде жамағаттың үстінен аттап өту – өзінің, әке-шешесінің тексіз екенін көрсету. Текті адам басқаны сыйлайды. Кеше мен Ақтөбе әуежайында отырсам, қытайлар айқайлап, бар даусымен күліп жатыр. Мен қолыммен ымдап, «жәй күл» дедім. Олар маған көзін аларта қарады да, бір үлкен, иығы қақпақтай қазақ жігітін шақырып келді. Әлгі қазақ жігіті маған келіп: «Бұлар қалағанынша күледі» деді. Мен «ол қалағанынша күле алмайды, мына шаңыраққа қарасын, сен кеудең үлкен батыр екенсің, бірақ ақшаға сатылған қатын болма, қазір қытай өзінше күліп жатыр, ертең ол біздің үстімізден күлетін болады» дедім. Аллаға шүкір, бұл – қазақтың, қазақ мұсылмандарының елі, басқаны басындырмаймыз, жалған жолға алданбаймыз, иншаллаһ, бәрі жақсы болады!

Мұрағаттан, 2015 ж

Намаз оқымайтын әке-шешеден безіну - көрсоқырлық
Келіннің сәлем салуы ширк пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу